Мәдениет

Жұмсақ болды жағасындай есілдің

«Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен белгілі ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Марфуға Бектемірованы еске алу кеші өтті. «Аққуым менің, қайдасың?» атауын алған әдеби-музыкалық кеште ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған және авторлық әндері шырқалды. Шығармашылық иесі туралы естеліктер айтылды.

[smartslider3 slider=2817]

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев осы кеш қатысушыларына сәлемін жолдады. Бұл хатты Сенат спикерінің кеңесшісі, белгілі журналист Бибігүл Жексенбай оқып берді.

– Қазақ – қашанда ақынға құрмет көрсеткен, қаламгерді қадір тұтқан халық. Ұлттық поэзияның көрнекті өкілі, қазақтың аққу жүрек ақыны Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған бүгінгі іс-шара – соның жарқын көрінісі. Марфуға Бектемірова – бүкіл ғұмырын шығармашылыққа арнаған, әдебиетімізде өзінің дара ізін қалдырған қаламгер. Оның әр жолынан нәзіктік пен сезімнің лебі есіп тұратын өлеңдері оқырман қауымды қашанда ерекше әсерге бөлейді. Марфуға апамыздың тәржіма саласындағы еңбектері де өз алдына бір төбе. Журналистикада жауапты қызмет атқарып, бұл бағытта да өзіндік қолтаңбасымен танылды. Ақынның соңында қалған мол мұрасын насихаттау қашанда маңызды. Сондықтан Марфуға Бектемірованың есімі мен шығармашылығын дәріптеуге арналған бүгінгідей кештердің өскелең ұрпаққа берері мол, – делінген Сенат төрағасының хатында.

Журналист, жазушы, Ұлттық Ғылым  академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан – ақынға қамқор болып, қолдау көрсеткендердің бірі. Ол да осы кеште естелігімен бөлісті.

– Марфуғаны жас кезінен білетін едім. Сол бір алтын арқау – қарындас пен ағаның арасындағы сыйластық ақын өмірден өткенше жалғасты. Өзі кеткенмен, өлеңі өлген жоқ. Көкшенің көгілдір аққуындай қазақ поэзиясына келіп, өзінің орнын алды. Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Марфуға Айтхожина, Гүлнар Салықбаева секілді поэзияда өзінің керемет үнін қалдырды. Марфуғаның өлеңдерінде мұң да, сыр да бар. Берік оптимистік ой да бар. Өміріндегі әртүрлі кезеңдер өлеңінде көрініп тұрады. Өмірге ғашық еді. Оның поэзиясы күйреуік поэзия емес еді, – деген академик талантты тану, уақытында кітаптарын шығару айналасында ой өрбітті. Оған себеп, кезінде Марфуға Бектемірова он жыл бойы кітабын шығара алмады. Сол кезде жаңа жинағының мемлекеттік тапсырыспен шығуына сол уақыттағы Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан қол ұшын берді.

Сатира саңлағы, Президент сыйлығы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек Марфуға Бектемірованы студент күнінен білетінін айта келе, ақындық талантына тоқталды.

– Марфуғаның ә дегеннен құлшынысын, қайтпайтын қайсарлығын бірінші курс студенті кезінен байқадық. Бірақ одан осындай ақын шығады деп ойлаған жоқ едім. Сөйтсем, арғы жағында таудай биіктік, теңіздей тереңдік, даладай кеңдік жатыр екен ғой, – деді Көпен Әмірбек.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «журналистика және саясаттану» факультеті деканының орынбасары Гүлжауһар Болатова аталмыш оқу орны Марфуға Бектемірованың журналистік еңбегіне ерекше мән беріп келе жатқанын айтты. Атап айтқанда, бірнеше жыл бұрын университеттің бір түлегі Марфуға Бектемірованың публицистикасы туралы диплом жұмысын жазып, сәтті қорғады. 2016 жылы оқу орны қабырғасында ақынды еске алу кеші өтті.

Марфуға Бектемірова қазақ поэзиясы көшіне өткен ғасырдың сексенінші жылдары ілесті. Шығармашыл жандардың респуб­ликалық «Жігер» фестивалінде талантымен көзге түсіп, лауреат атанды. Бірқатар ұжымдық жинақтарға өлеңдері енгеннен кейін «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің, қайдасың?», «Озера души», «Белый парус мечты» аталатын жеке кітаптары жарық көрді.

Ақынның жырларына әндер де жазылды. Соның бірі – осы кешке атау берген Әнуар Бекжановтың «Аққуым менің, қайдасың?» әні. Бұл туынды әнші Ералхан Әбішевтің орындауында кең таралды. Осы өлеңді ақын сегізінші сыныпта оқып жүргенде жазған екен. Еске алу кешінде аталған әнді Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері Парасат Отан мен Мұратбек Хайролда шырқады.

Кезінде музыка мектебін бітірген Марфуға Бектемірованың сазгерлігі де бар еді. Ол – 20 шақты әннің авторы. Еске алу кешінде соның кейбірін астаналық филармония әншілері Диана Май, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Салтанат Серкебаева салды. Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің дирижерлігімен филармонияның казақ оркестрі кешті күйлермен көркемдеді. Музыкалық жас көрермен театрының әртістері ақынның өлеңдерін оқып, театрландырылған қойылым қойды. Ал кешті Марфуға Бектемірованың жары, белгілі ақын, журналист Есенгелді Сүйінов түйіндеп, оған атсалысқандарға алғыс айтты.

– Марфуға тірі кезінде осы Конгресс-холда (қазіргі «Астана» концерт залы) бір кешім өтсе деп армандайтын. Өкінішке қарай, бұл арманына жете алмады. Сосын мен сол арманын жүзеге асыруға дәнекер болайын деп осы бастаманы көтердім. 2020 жылы мемлекет қамқорлығымен Марфуғаның таңдамалы шығармаларының қос томдығы жарық көрді. Осы жылдың аяғына дейін Мәскеуде Марфуғаның шығармашылық еске алу кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Жаз айының бірінде сондай кешті Ташкентте өткізсек пе деген жоспар бар, – деді Есенгелді Сүйінов.

Ақынның «Ұрпаққа» атты өлеңінде:

Таза болдым толқынындай

Тобылдың,

Жұмсақ болдым жағасындай Есілдің, – деген жолдар бар. Жұрт осындай Марфуға Бектемірованы білетін еді!

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button