Басты ақпаратҚоғам

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Кейінгі жылдары «волонтер» дегенді жиі еститін болдық. Волонтер деген кім, олардың қызметі қандай? Осы сұрақтардың мән-маңызын ашамыз.

ВОЛОНТЕРЛІК ДЕГЕН НЕ?

Қарапайым тілмен түсіндіргенде, қоғамның немесе нақты адамдардың игілігі үшін ақысыз істеген кез келген әрекет «ерікті көмек» деп аталады. «Волонтерлік қызмет туралы» заңда өтеусіз негізде жүзеге асырылатын, әлеуметтік бағыттағы ерікті, ерік қалауымен орындалатын қоғамдық пайдалы қызмет деп көрсетілген. Мұндай қайырлы істер қазақ қоғамында ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұлттың сақталып қалуына тікелей әсер еткен-ді. «Асар» тағылымы «волонтер» деген атауға өзгергені болмаса, қиналғанға демеу, жабыққанға жебеу болу құндылығы әлі жалғасып келеді.

Естеріңізде болар, 2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймада шыққан өрт жарылысқа ұласып, арыстықтар үрей-қорқынышпен бетбе-бет қалды. 2020 жылы 5 мамыр­да су тасқыны салдарынан Мақтаарал ауданындағы 5 ауылды су басты. Осынау қиын кезде елдің әр түкпіріндегі волонтерлер қол ұшын созып, бірі азық-түлікпен, екіншісі ­көрпе-төсекпен қамтамасыз еткені әлі есімізде. Биыл Қос­танай облысында өрт шыққан кезде де волонтерлер қарап жатпай, өрт сөндіруге атсалысты. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дұрыс бағалап, бірқатар волонтерді мемлекеттік наградамен марапаттады.

Қазақ қоғамында волонтерлік қасиет ежелден бар дедік. Волонтерлерді заңды тұрғыда қолдау қалай жүзеге асты? Бұл туралы Қазақстандағы БҰҰ волонтерлер бағдарламасының үйлестірушісі Никита Шабаев: «1993 жылдан бастап БҰҰ Қазақстанмен бірге заң жобасын және волонтерді дамытудың Жол картасын әзірлеп, сол бойынша жұмыс бастады» дейді.

Әлем елдерінің өмір салтына белгілі бір деңгейде ықпал ететін халықаралық ұйым – БҰҰ-ның волонтерлік қозғалыстың дамуына әсері бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен ұлттық салт-дәстүріміз де қайы­рымды, қайырлы істермен ұштасып жатыр. Соны заңды тұрғыда қолдаса болғаны. Волонтерлік қозғалыстың дамуына тоқталған «Астана жастары» ресурстық орталығы волонтер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова:

– 2006 жылы 25 шілдеде Президент «2006-2011 жж. Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына» қол қойды. Бұл құжат волонтерлік қозғалыстың белгілі бір деңгейде дамуына дем берді. 2016 жылы 30 желтоқсанда Президент «Волонтерлік қызмет туралы» заңға қол қойды. Осы кезден бастап еріктілер қозғалысының саны артып, сапалық деңгейі өсті. 2019 жыл – «Жастар жылы», 2020 жыл «Волонтерлер жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысының бұл қамқорлығы еріктілердің жұмысына мотивация беріп, дамуына әсер етті, – деп түсіндірді.

2020 жылы 12 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты республикалық волонтерлер ­фронт-офисінің ашылуына қатысып, игі іспен айналысатын жастарға ризашылығын білдірді. Бұл – Қазақстанда еріктілердің басын біріктірген «Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігінің дамуына жол ашып, жастарды волонтерлік іске ынталандыра түсті. Осы бірлестіктің өкілі Айдана Мақышеваның сөзінше, 2010 жылы волонтерлік бастамалар мен волонтер мәдениетін қалыптастыру, қолдау және дамыту мақсатында құрылды.

– Волонтерлік еңбекті дәріптеу, қызметке әртүрлі әлеуметтік жастарды тарту, азаматтық қоғамды дамытуда волонтерліктің рөлі туралы насихаттау мақсатында жыл сайын 5 желтоқсанда Халықаралық волонтер күнін атап өтеміз. Бүгінде медициналық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени, спорттық бағытта волонтерлік дамуда. Сондай-ақ жануарларды қорғайтын және медиа-волонтерлік, этно-волонтерлік және IT-волонтерлік т. б. бойынша қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді, – деді А.Мақышева.

ТАЛАБЫ ЖӘНЕ ТҮРЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Волонтер болудың негізгі талабы:

– Көрсететін қызметті ақысыз жүзеге асырады.

– Кәмелеттік жасқа толмағандардың денсаулығына зиян келтірмейтін немесе оқуына кедергі келтірмейтін болса, еріктілік іс-шараларға қатысады.

– Төтенше жағдайлар кезінде қажетті дайындық деңгейіне ие ересек еріктілер ғана көмек көрсетеді.

Ал волонтерлік қызметтің түрі көп. «Волонтерлік қызмет туралы» заңда:

– әлеуметтік көмек, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетуге;

– қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету, мүгедектігі бар адамдар үшін ортаның қолжетімділігін ұйымдастыру, жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеуге;

– дүлей зілзала, экология­лық, техногендік және т. б. апаттар, жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккен адамдарға, құқық бұзушылықтар құрбандарына, босқындарға және шарасыздан қоныс аударушыларға көмек көрсетуге;

– орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың алдын алуға және салдарын жоюға жәрдемдесуге;

– хабарсыз кеткен адамдарды, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың сүйегін іздеуге;

– қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға, аумақтарды абаттандыруға қол ұшын беру;

– тарихи және мәдени мұраны сақтау, тарихи-мәдени мекендеу ортасын қалпына келтіру мен сақтау үшін мүмкіндіктер жасауға;

– білім беруді, ғылымды, мәдениетті дамытуға;

– дене шынықтыруды, спорт пен белсенді демалысты дамыту, халықаралық дене шынықтыру және спорт іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізуге;

– халықтар арасындағы татулықты, достық пен келісімді нығайтуға, әлеуметтік, ұлтаралық, конфессияаралық, этнос­аралық, діни шиеленістерді болғызбауға қатысады.

Әлеуметтік идеяларды жүзеге асыру: мәлімет жинау, сұрақ қою, әртүрлі флаер, брошюра жасау және оларды кейіннен таратудың мәні зор. Тақырыптық іс-шаралар мен кештер өткізу, өзекті тақырып бойынша лекциялар және тренингтердің барлық түрлеріне қатысу да волонтерлер жұмысының бағытын кеңейтеді.

Волонтерлік қызметтің уақытша және тұрақты түрі бар: біріншісі қысқа мерзімді жобаға қатысуды қамтыса, екіншісі бір бағытта волонтерлік іспен айналысады.

«Астана жастары» ресурстық орталығы волонтер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли:

– Волонтерлік қызметте уақытша немесе тұрақты деп қарамай, оның пайдасына мән беру маңызды. Мәселен, елде өтетін беделді халықаралық форумдар мен саммиттер кезінде еріктілер маңызды рөл атқарады. Димаш Құдайбергеннің Алматы қаласында өткен концертіне әлемнің 68 елінен әншінің тыңдарманы келді. Оларға 400-ге жуық волонтер қызмет көрсеткенін жақсы білеміз. Бастысы, волонтерлік қызмет мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі екенін түсінуіміз керек, – деді.

ВОЛОНТЕРЛІКТІҢ ПАЙДАСЫ НЕДЕ?

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин:

– Бірінші кезекте, волонтер­лер азаматтық қоғамның дамуына әсер етіп, жастардың қоғамдық белсенділігін арттырады. Екінші кезекте, сауапты істерге атсалысқан жастардың бойында патриоттық сезімі дамиды. Қазір әртүрлі бағытта қызметін жүзеге асыратын волонтерлік қозғалыстар бар. Мәселен, экологиялық еріктілік қаланың тазалығына үлес қосады, – деді.

Жастар жетекшісі сөзінің жаны бар. Бір ғана дәйек, жалпыұлттық экологиялық акцияға атсалысқан елордалық еріктілер 100 тоннаға жуық қоқыс жинады. Сөйтіп, волонтерлер табиғаттың флорасы мен фаунасын сақтауға, қалалық тазалық пен экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосты.

Күздегі елең еткізетін жаңалықтың бірі – Ұлттық волонтерлік желісі Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияға қосылып, саяси науқанға белсенді араласуға бел байлап отыр. Бұл дегеніңіз қоғамдық-әлеуметтік, табиғи-экологиялық жұмыс­тарға ерікті түрде қызмет етіп жүрген белсенді жастар саяси үдерістерге де белсенді араласып, елдің дамуына үлес қосуға ниет білдіріп отыр.

Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілетудің нәтижесінде ата-бабамыздың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» сөзінің мән-мағынасын терең түсініп, соған сай амал істеуді үйреніп келеміз.

P.S: Парламент Сенатында талқыланған «Волонтерлік қызмет туралы» заң шеңберінде волонтерлерге азаматтық қызметке орналасу, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер мен мемлекеттік наградалар («Шапағат» медалі) беру, волонтерлік ұйымдарға мемлекеттік мүлікті жеңілдікті шарттармен ұсыну, корпоративтік волонтерлік бойынша нормалар, уәкілетті органның құзыретіне волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі функциялар енгізіліп, 18 жасқа толмаған волонтерлер үшін денсаулық пен адамгершілік дамуына қауіп төндірмейтін волонтерлік қызмет түрлері нақтыланды. Демек, волонтерлік қозғалыстың дамуына мемлекеттік деңгейде мән беру жалғасын табады.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button