Басты ақпарат

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

«Қостанай, біз біргеміз!» қайырымдылық шарасы аясында елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы өрттен зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Қазір елдің әр өңірінде Қостанай облысындағы алапат өрт салдарынан баспанасыз қалған отбасыларды қолдау мақсатында арнайы штабтар құрылып, қаржылай және заттай көмек көрсетуде. Сауапты іске елордалықтар да белсенділік танытып жатыр.

Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық акциясына бастамашы болды. Оған елорданың этномәдени бірлестігінің өкілдері, ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы, Назарбаев университеті Жоғары бизнес мектебі түлектерінің қауымдастығы, «Alumni of Nazarbayev University School of business» КЕҰ, меценаттар, бизнесмендер және қала тұрғындары атсалысты.

Нұр-Сұлтан қаласы «Достық» үйінде ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы барысында өрттен зардап шеккен облыс тұрғындарына 15 миллион теңгеге жуық азық-түлік, төсек-орын жабдықтары және бірінші кезекте қажетті заттары бар 40 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді.

– Қостанай облысында алапат өрт әрбіріміздің қабырғамызды қайыстыр­ды. Қиын жағдайда қалған отандастарымызды қолдау – азаматтық міндетіміз. Елордадан 8 тонна жүк тиелген алғашқы көмек жексенбі күні кетсе, бүгін тағы 40 тонна жүк тиеп жібердік. Елдің бірлігін көрсететін игілікті іске атсалысуға ниетті азаматтар тағы да қажетті заттарды жинап жатыр, – деп атап өтті қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов.

Гуманитарлық көмек өрт шалған аймақтағы тіршілікті қамтамасыз етуге, өртенген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталуда.

– ҚХА қостанайлықтардың басына күн туғанда, қарап отыра алмады. Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, Қостанайға көмек көрсетіп жатыр­мыз, – деп атап өтті ҚХА мүшесі, «Дустлик» ҚР өзбектер қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шарипов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button