Басты ақпарат

Жұмыртқа бағасы шарықтай ма, құлдырай ма?

Қазақстандағы жұмыртқа өндірісі өткен жылы 4 миллиардтан 3 миллиардқа күрт төмендеді. Оған көп фактор әсер етті. Нақтырақ айтқанда, мемлекет тарапынан берілетін субсидия мөлшері төмендеді, құс тұмауы өршіп, экспорт жабылды. Салдарынан ондаған жыл бойы тұрақты әрі табысты саналып келген жұмыртқа өндірісі құлдырай бастады. Бұл шараларды мемлекет карантиндік қажеттілікпен және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен түсіндіреді. Алайда өндірушілердің айтары бар: мемлекеттің субсидияны азайту туралы шешімі өндіріс көлемін кемітіп, жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі. Ал сатып алушыларды тек бір ғана сұрақ мазалайды: «жұмыртқа бағасы қанша болады?». Өйткені тауық жұмыртқасы миллиондаған қазақстандықтың ас мәзірінде негізгі азық болып есептеледі.

[smartslider3 slider=2240]

Сандарды сөйлетсек

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда 370 млн тауық жұмыртқасы өндірілген. Бұл аз ба, әлде көп пе? Егер 2021 жылдың статистикасына сүйенсек, жұмыртқа көлемі 20% көп болған. Өңірлер бойынша көшбасшы аймақтар: Алматы облысы – 70 млн дана, Ақмола облысы – 60 млн дана және
Солтүстік Қазақстан облысында – 55 млн дана.
Жалпы, тауық жұмыртқасының 87%-ын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өндіреді. Өйткені шағын шаруашылықтармен салыстырғанда ірі кәсіпорындардың мүмкіндігі көбірек. Қалған 13 %-ы ауыл шаруашылығына және фермерлік шаруашылыққа тиесілі болып отыр.
Ал елордада құс шаруа­шы­лығымен айналысатын кәсіп­орын жоқ. Бас қаладағы базарлар мен сауда нысандарына жұмыртқа көбіне Қарағанды және Ақмола облыстарынан жеткізіледі.

Арзандай ма, әлде қымбаттай ма?

Бұл сұраққа жауап беру үшін статистикаға қайта жүгінуге тура келеді. Өткен жылдың қаңтар айындағы көрсеткішпен салыс­тырғанда жұмыртқа бағасы 3% төмендеді. Айта кету керек, І сұрыптағы жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар тауар түріне жатады. Сол себептен мемлекет үнемі жұмыртқа бағасын бақылауда ұстап тұруға тырысады. Бұл жерде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің үлесі мол. Мәселен, жақында 9 ірі өндіріс орнында: Түркістан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында тексеріс басталып, олар 3 көтерме жеткізушіге назар аударды. Осылайша, елімізде қазіргі таңда І сұрыптағы тауық жұмыртқасы 385 теңгені құрады. Ең арзан жұмыртқа Петропавл қаласында – 300 теңге, ал ең жоғары баға Нұр-Сұлтан қала­сында – 473 теңге. Алайда бұл жерде Ұлттық статистика бюросының мәліметі Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ресми ақпаратымен сәйкес келіңкіремей тұрғанын айта кету керек. Басқарманың мәліметінше, елордадағы жұмыртқа бағасын тұрақты ұстау мақсатында «Курочка ряба» компаниясы­мен 6 250 000 дана жұмыртқа жеткізу жөнінде келісімшарт жасалған. Қазір «Шапағат», «Астаналық» және «Евразия», «Small», «Астықжан», «Анвар», «Аян», «Азат» сынды ірі сауда орындарында жұмыртқа бағасы – 43 теңге. Сонымен қатар, оларды «Магнум» дүкендерінен дәл осындай бағаға, ал «AQMOL» сауда үйі дүкендер желісінде 30 данасын 1020 теңгеден және Жеңіс даңғылы, 66А мекенжайда орналасқан Ақмола облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесінде 380 теңгеден сатып алуға болады.

Мүдделер қақтығысы

Жоғарыда атап өткеніміздей, былтыр күзде құс тұмауының кесірінен мемлекет Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында тауық өнімдерін экспорттауға тыйым салды. Бұл шара кәсіпкерлер арасында айтарлықтай наразылық тудырды. Олардың сөзінше, нарықта жұмыртқа көбейіп кетті. Содан баға түсіп, жұмыртқа өндірісімен айналысу тиімсіз болып отыр. Отандық жұмыртқа өндірушілер ассоциациясының есебінше, соңғы екі айда осы саладағы кәсіпорындар 1,5 млрд теңге шығынға ұшыраған.

Валерия Семенова, Қарағанды облысындағы «Ushtobe Qus» ЖШС-ның басшысы:

– Біздің жағдайымыз қиын. Субсидия бойынша мәселе қалай болатыны белгісіз. Ішкі нарықта жұмыртқа көп, ал экспорт жабық. Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірушілер өз шығынын өздері өтей алады деп шешіп отыр. Ал біздің өнімімізге сұраныс әр кезде әртүрлі. Сол себептен жарты жыл бойы шығын көрсек, қалған уақытта аз ғана пайда көреміз. Осындай кезде субсидия бізге едәуір көмек болатын. Біз ол қаражатқа тауықтың жем-шөбін алатынбыз. Бұған қоса, айналым құралдарының жетіспеуі тағы бар. Қазір біздің сенім артар ешнәрсеміз қалмады. Жұмыртқаны өзіндік құнынан арзан бағаға береміз, бидай ҚҚС (НДС) қоса есептегенде – 128 теңге. Қарашадан бастап қызметкерлердің жалақысын көтердік, оны уақытында төлеу керек. Қаңтардан бері құс союды бастадық, жоспар бойынша наурызда бастауымыз керек еді. Өндіріс көлемі төмендеп жатыр. Егер бұрын тауарымыздың жартысы экспортқа шығатын болса, қазір 4 облыста экспорт жабық тұр. Министрлікке қанша айтсақ та, Қытайға экспортты ұйымдастырмай отыр. Антимонополия комитеті сұраныстарын жиі жібере береді. Біз 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, қаншама жұмыс атқарылды, жақсы нәтижелерге жеттік. Енді бұл ешкімге керек емес болып қалды. Оның пікірімен өзге өңірдегі шаруашылық иелері де келісіп отыр.

Сапарғали Әбдірайымов, «Ақкөл Құс» ЖШС басшысы:

– Жаңа жылдың алдында тірі тауықтарды соя бастадық. Бұрын 1 дана жұмыртқаға субсидия 3,2 теңге болатын. Дәл қазір – 1 теңге. Бұл өте аз. Оның үстіне жұмысшылардың жалақысы 30% көтерілді. Жаңа жылдың алдында 120 адам жұмыс істеген, қазір олардың 20-сын жұмыстан босаттық. Өткен жылы 250 мың тауық басы болған. Қазір 180 мыңға қысқарттық. Енді оны тағы қысқартамыз ба деп қорқамын. Қайтадан балапан алып, оны өсіріп, жұмыртқа бергізу үшін кемінде 7-8 ай кетеді. Қазір жұмыртқаның көтерме бағасы 25 теңгеден сатылуда, бірақ жұмыртқаның өзіндік құны – 35-36 теңге. Ақмола облысының дүкендерінде жұмыртқа бағасы 40 теңгеден, сол себептен бізді көпшілік жақсы табыс табады деп ойлайды. Бірақ бар пайданы делдалдар көріп отыр. Соларды тексеру керек. Бағаны алып-сатарлар көтерсе де, бізді тексеріп, тек бізге сөгіс айтады.
Отандық Жұмыртқа өндіру­шілер қауымдастығының төрағасы Максим Божконың пікірінше, мемлекет қабылдаған шаралар қысқа мерзімде жақсы көрсеткіштерге жеткізгенімен, стратегиялық тұрғыдан алғанда тиімсіз.

Максим Божко, Жұмыртқа өндіру­шілер қауымдастығының төрағасы:

– Қысқа мерзімде қарасақ, мұндай шаралар өз нәтижесін береді, ел ішінде бағалар түседі. Бірақ ұзақмерзімді перспективамен қарағанда, бұл бизнеске шығын әкеліп, өндіріс көлемін азайтады. Артынша дефицит болып, баға шарықтайды. Сол себептен экспортқа шектеу қою дұрыс шешім емес. Осы тұрғыдан алғанда, Максим Божконың сөзі шындыққа сәйкес келеді. Бірақ оның «бұл тауар түріне мемлекеттік реттеу болмауы керек» деген ұсынысы күлкілі. Өйткені кезінде Қазақстандағы барлық кәсіп­орын мемлекеттен көмек алды. Мемлекеттен алынған барлық көмек түрлерін еске түсіретін уақыт жетті.

«Қазір біз өндіретін және сататын тауар көптеген мемлекеттік органмен реттеледі. Нақты айтқанда, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, әкімдіктер және т.б. Меніңше, нарықтық экономика принципі бойынша азық-түлік бағасына мемлекет араласпауы керек» деді М.Божко. Оның пайымынша, әлеуметтік осал тұрғындарды осылай қолдау – қате тәсіл. Өйткені халықтың 5%-10%-ы­­­ның мәселесі агроөнеркәсіп кешенінің барлық секторы есебінен шешіледі.

Нарықтың көрінбейтін тұстары

Ал енді Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, субсидия­лаудың жаңа түріне көшіп, жаңа тәсілдерді жасау үстінде. Басты ұсыныс – субсидияның санын 47-ден 20-ға қысқарту. Министр­лік агроөнеркәсіп саласы өз күшімен дамуы үшін мемлекеттік қолдауды азайту қажет деп есептейді. Ол да дұрыс. Айтпақшы, ЕАЕҚ ережелері бойынша ауру өршігеннен кейін 3 айдан соң экспортқа жол берілуі тиіс. Яғни, логикаға сүйенсек, келесі айдан бастап қазақстандық жұмыртқалар экспортқа шыға бастайды. Ал бұл нарықтағы бағаның өзгеруіне әкеледі. Демек, мәселенің шешімін алдағы уақыт көрсетеді.

Назерке ЕРКІНҚЫЗЫ,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button