100 қадам - Ұлт жоспарыЖаңалықтар

Жұмыс – ең үлкен әлеуметтік көмек

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында әлеуметтік көмек пен оның атаулы сипатын күшейте отырып ынталандыруды міндет етіп қойғаны белгілі. Осыған байланысты атаулы көмек көрсету жүйесінің тиімділігін арттыру қолға алынды. Соның бірі – былтырғы қыркүйек айынан бастап «Өрлеу» бағдарламасы шеңберінде шартты ақшалай көмек көрсету жұмыстары.

2015 жылы бас-аяғы 74 адамды құрайтын 15 жанұяға көмек берілді. Олардың ішінде еңбекке қабілетті 15 азаматқа жұмыс жағынан жәрдем көрсетілді. Атап айтқанда, 14 адам «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты. Ал біреуі қоғамдық жұмысқа тартылды. Осы жобаны іске асыру үшін 2015 жылы республикалық бюджеттен 1 млн  900 мың теңге сомасында  мақсатты трансферттер бөлінді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Республикалық бюджеттен ағымдағы мақсатты трансферттерді пайдалану Ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 2016 жылға қатысты облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалалары бюджетінен «Өрлеу» жобасы бойынша шартты ақшалай көмек көрсетуге қатысты, аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек (бұдан әрі-ШАК) төленеді.

ШАК – ақшалай түрде төленеді, ол күнкөріс деңгейінің сомасынан  айлық табысы 60 пайызға төмен болатын (2016 жылдың екінші тоқсанында 13735 теңге болды) жеке тұлғаларға немесе жанұяларға отбасының белсенділігін арттырудың қоғамдық келісімшарты негізінде беріледі. Ақшалай жәрдемақы отбасының белсенділігін арттырудың қоғамдық келісімшартын орындаған жағдайда ғана беріледі. Келісімшарт бойынша, отбасы әлеуметтік белсенділікті арттыру кезінде кездесетін кедергілерді жеңумен жұмыс жасауға міндеттеледі.

Қоғамдық келісімшарт – Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өздігінен жұмысқа орналасқан және аз қамтылған азаматтар мен оралмандарды жұмысқа орналастыру жағынан көмектесетін, халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы құқықтар мен тараптардың міндеттерін анықтайтын келісім болып табылады.

«Өрлеу» жобасында отбасыға (жеке тұлғаға) шартты ақшалай көмек көрсету шараларының кешені – жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін мемлекеттік іс-шараларға отбасының жұмысқа қабілетті мүшесі қатысқан жағдайда және қажет болса, жұмысқа аз қабілетті отбасы мүшесі әлеуметтік бейімделу шарасынан өтіп жатқан жағдайда іске асырылады.

 «Өрлеу» жобасының міндеттері – аз қамтылған жұмысқа қабілеттілігі төмен отбасыларды тек жәрдемақымен қамтып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделген және кәсіби бағдарланған болуына қол жеткізу, яғни пассивті ақшалай көмектен отбасының белсенді қолдаушысына айналдыру.

Қоғамдық келісімшарт ресми табыс алуға мүмкіндік береді. Осылайша, болашақта әлеуметтік жағынан қосымша қамтамасыз етілуі мен медициналық көмек алуға мүмкіндік туады. Қоғамдық келісімшарт  жұмыссыз азаматтың жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін мемлекеттік бағдарламаға (қоғамдық жұмыс орындары, жастар практикасы, уақытша қоғамдық жұмыстар) қатысуына кепілдік береді.

Кедейлікті еңсеру – мемлекет пен индивид арасындағы бірлескен жауапкершілік. Аз қамтылған, жұмысқа қабілеттілігі төмен тұлғаларға қоғамдық көмек көрсету олардың кедейліктен шығуға күш жұмсау белсенділігіне қарай төленеді.

Жұмыс ең үздік әлеуметтік көмек екені белгілі. Сондықтан мемлекет «Өрлеу» жобасының барлық қатысушыларына жұмыспен қамту түрінде қоғамдық көмек көрсетеді, отбасының ауқатты өмір сүру деңгейіне жетуіне, белсенділігін арттыруға жәрдемдеседі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button