Басты ақпаратМәселе

Жұмыс істегісі келмейтіндер жазалана ма?

Мәжілісте «Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту» деген тақырыппен Үкімет сағаты өтті. Депутаттардың алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бірқатар өзекті мәселені айтты.

600 мың теңгені менсінбейді

Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Светлана Жақыповаға: «Бір сақманның өзіне фермерлер қаншама адам таба алмай жатады. Қаншама жұмыс дайын тұр, бос орын бар. Бірақ ауданда жұмыссыз деп тіркеліп, мемлекеттен көмек алып отырғандар көп. Жалпы ауыл тұрғындарын жұмыссыз деп есептеу қаншалықты орынды? Иә, егер мүгедектігі бар азаматтар болса, жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндігі болмаса, көпбалалы болса – онда түсінікті. Бірақ он екі мүшесі сау, жұмыс істей алатын азаматтар өтемақыға отырып алған. Жұмыс көп, ешкім бармайды. Бізге бұл жалқаулықты, теріс дүниені насихаттамай ма? Жұмыссыздық бойынша өтемақы төлеу саясатын әрі қарай қалай жүргіземіз?» деген өткір сұрақ қойды.

Құзырлы ведомство басшысы қазіргі кезде жалқау қазақстандықтардың 600 мың теңге жалақыны менсінбейтінін мысалға келтіріп, сауалға тұшымды жауап берді. Ол жұмыс істегісі келмейтіндерді жазалау тетіктерін күшейтуді ұсынды.

«Біріншіден, әлеуметтік төлемдер әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Азамат жұмыстан босатылып, жұмыссыз отырған кезде 6 ай ғана төленеді. Басқа азаматтарға өтемақы төленбейді. Республикалық бюджеттен ондай төлемдер жоқ. Мысалы, Солтүстік Қазақстандағы Сергеевка ауылына дәнекерлеуші керек, еңбекақысы 600 мың теңге. Сондай жерге бармай жатқан азаматтар бар. Бізде, біріншіден, бұл отбасынан басталады. Балаға еңбекке деген ынта отбасында берілуі керек. Қытай отбасыларына қарасаңыздар, балалар қазір екі ауысымда оқиды, мектепте ұйықтайды екен. Жас кезінен бастап жұмысқа үйренген. «Жұмысқа шығыңыз, 300 мың теңге береді сізге» дегенде білігі, білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге жалақы сұрайды» деді С.Жақыпова.

Жұмыссыз жастар мәселесі шешіле ме?

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева жыл сайын еңбек нарығына 300 мың жұмыссыз жас қосылатынын, бұл мәселені алдағы уақытта шешу мүмкіндігі болмайтынын ашық айтты.

«Ерекше алаң тудыратыны – жастардың жұмыссыздығы. Бұл проблема еңбек нарығына жастардың жыл сайынғы 300 мыңнан астам болжамды ағыны есебінен қиындайды. Проблемалар білім беру жүйе­сінен еңбек нарығына көшу сатысында басталады, мұнда жастар білім беру арқылы не өз дағдысын жетілдіре алмайды, не жұмысқа орналасу арқылы тәжірибе жинай алмайды. Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру үшін мемлекет жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқу үшін грант береді» деп түсіндірді ол.

Депутат өткен жылы колледж түлектерінің бар-жоғы 40 пайызы ғана жұмысқа орналасқанын, қалғаны жұмыссыздар қатарын толықтырғанына тоқталды.

«Биыл жоғары оқу орындары – шамамен 74 мың, ал колледждер 143 мың жаңа студентті қабылдады. Алайда оқуды аяқтағандардың барлығын жұмысқа орналастыру үлкен алаңдаушылық туғызады. Айталық, 2023 жылы мамандығы бойынша колледж түлектерінің 40 пайызы жұмысқа орналасты. Бұл ретте, өкінішке қарай, мемлекеттік органдар жоғары оқу орындарының барлық түлегінің жұмысқа орналасуының нақты жағдайымен таныс емес. Бұл түлектердің жұмыссыздар қатарын толықтыруына немесе кез келген жерде жұмыс істей беруіне алып келеді. Олардың бір бөлігі мемлекеттік қолдау­ға қайта жүгінуге мәжбүр, оған тағы да бюджет қаражаты жұм­салады» деп қынжылды ол.

Әрбір төртінші адамның зейнетақы жарнасы жоқ

Светлана Жақыпова отандық еңбек нарығындағы осал тұстарға айрықша тоқталып, мәселенің мәнісін ашық айтты. Мәселен, еліміздегі әрбір төртінші адамның міндетті зейнетақы жарнасы жоқ көрінеді.

«2023 жылы нақты зейнетақы аударымдарының деректері бойынша есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросының бағалауынша, еңбекақы төлеу қоры екі есеге жуық – 38 трлн теңге. Еңбекақы қоры бойынша деректердің едәуір алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады. Біздің министр­ліктің ай сайынғы дерекқор мониторингі ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасқан әрбір төртінші адамның міндетті зейнетақы жарнасы жоқ екенін көрсетіп отыр. Бұдан әрі платформалық жұмыспен қамтуды кеңейту мәселесі. Бұл – экономиканы цифрландыру арқылы пайда болған әлемдік тренд» деді министр.

Үкіметтің есебіне күмәнданамын

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жұмыссыздық бойынша Үкіметтің жүргізетін есебі күмән тудыратынын жасырмай айтты.

«Үкіметтің есебіне сәйкес, жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасады екен. Сонда жыл сайын 1 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ мазалайды. Мынадай қарқынмен жұмыссыз­дық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді. Ең қызығы, соңғы 10 жылда жұмыссыздық 4,5-4,7 деңгейінде өзгермей тұр. Жұмысқа орналастыру статистикасымен таныссақ, тіпті арифметика заңдарына күмәндана бастайсың. Өздері­ңіз ойланып көріңіздерші, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 963 мың адам жұмысқа орналасқан екен. Ал бірақ жұмыссыздардың саны 445 мыңнан аспайды. Сонда жұмысқа мұқтаж адамдардың санынан екі есе көп адам жұмысқа орналасты деген сөз бе?! Әрине, сұрақ өте көп» деді депутат.

Оның пайымдауынша, бұған дейін еңбек нарығына жыл сайын 200 мың адам келетін, ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 250 мыңға жетіп қалды.

«5 жылдан кейін еңбек нарығына келушілердің саны 350 мыңға дейін барады дейді. 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады. Ол неге байланысты? Әрине, біріншіден – демография, беби-бумерлердің әсері. Екіншіден – өмір сүру ұзақтығының артуы. Бұдан бөлек, 2031 жылға қарай әйел­дердің зейнетке шығу жасы 63 жасқа ұзаруына байланысты еңбек нарығында 50 мыңға жуық адамның қалуы, сонымен қатар автоматизацияның қарқынды дамуы. Осының барлығы еңбек нарығына үлкен әсер етіп, жаңа жұмыс орындарын қажет етеді» деген ойын жеткізді А.Аймағамбетов.

Депутат елімізде мамандар өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтініне нақты мысалдар келтірді.

«Жуырда таксиде келе жатып жүргізушімен әңгімелестім. Оның аты – Сержан, өте ақкөңіл адам. Бұған дейін ол инженер-­гидролог болып жұмыс істепті. Ол білімі мен өз мамандығы, су ресурстарын басқару туралы әңгіменің майын тамызды. Бір уақытта менің сұрақ қоятынымды түсінді ме, білді ме, әңгімесін тоқтатты. Ол «Өзіңіз түсінесіз ғой. Менің отбасым бар. Мойнымда кредиттер бар. Сондықтан өз мамандығымды қаншалықты жақсы көрсем де, инженер-гидролог боп алысқа бара алмайсың» деп ақталуға тырысты. Әрине, бұл оқиға бір адамның басынан өткен жағдай емес, ол еңбек нарығындағы түйткілді мәселенің көрінісі деп айтар едім. Біз мамандар жетіспейді дейміз, бірақ гранттарды игеру кезінде мынадай жағдай болып отыр. Мысалы, гидромелиорация мамандығына бөлінген гранттарға бірде-бір адам өтініш бермеген. Яғни конкурста нөл адам болды. Көлік құрылысы бойынша бөлінген 300 гранттың тек 29-ына адам қабылданды. Яғни бір грантқа 0,1 адам келіп отыр. Бұл мысалдар кадр тапшылығы күрделі мәселе екенін айқын көрсетеді. Яғни проблема тек грант санында, әлде оның дұрыс бөлінбеуінде ғана емес. Тіпті оларды дайындайтын колледждер мен университеттердің болмауында немесе олардың оқыту сапасында емес екені барлығымызға анық деп ойлаймын» деді ол.

Несие төлеуден қашқандар, үйі жоқтар көп келеді

Үкімет сағатында солтүстікке көш туралы депутаттардың сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі солтүстіктегі әкімдердің оңтүстіктен көшіп келетіндерге көңілі толмайтынын айтты.

«220 мың азамат ауылды жерден кетті. Қазір ауылға барып жатқан азаматтар аз – бұл бағытта статистика өте төмен. Оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшіріп жатырмыз ғой. Қоныс аударушылардың санына қарасақ, сапасы да төмендеу. Әкімдермен сөйлессек, олардың өзі наразылық білдіреді. «Келетін кісілердің жұмыс күші өте төмен» дейді. Неге деп сұрасақ, «кредиттен қашқан, үйі, білімі, оқуы жоқ азаматтар келіп жатқаны көп» дейді. Сол себепті нормалар мен жаңа формаларды енгізу керек. Маусымдық вахта мен мобильді кәсіпкерлікті дамытқан абзал» деді ол.

 «Заңсыз жүргендерді үйге қайтарыңдар!»

Светлана Жақыпова Оң­түстік Корея тарапы заңсыз жүрген қазақстандықтар жайлы тың мәліметтермен бөлісті. Ол кәріс билігі Қазақстанға үш талап қойып отырғанын мәлімдеді.

«Кореяның мемлекеттік органдары біз даярлаған келісімшартқа келісімін берді. Қазір ол келісімшарт Оңтүстік Кореяға Сыртқы істер министрлігі арнасымен жіберілді. Қазір сол жақта қарастырылып жатыр. Жазда Оңтүстік Корея президенті келген кезде екі елдің еңбек министрі меморандумға қол қойдық. Сол меморандумға сәйкес, өзара құжат алмасып жатырмыз. Оңтүстік Корея тарапы Қазақстанға үш талап қойып отыр. Біріншісі – Кореядағы елшілікте атташе лауазымын енгізу. Екінші талабы – 15 мыңға жуық Қазақстан азаматы сол елде заңсыз жүр. Сол азаматтарды «елдеріңе шақырыңдар» деп талап қойып отыр. Үшінші талабы – халықаралық сертификат. Қазақстандықтар Корея Республикасына жұмыс істеуге барарда олар сертификация рәсімінен өтуі керек. Біз үш өңірде жаңа орталықтарды дайындап қойдық» деп түсіндірді министр.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button