Басты ақпаратСараптама

Жұмыс істеп, жер көреді

Талапты жастар шетелге неге құмар?

Қазір жоғары оқу орындары студенттерінің басым бөлігі сабақтан тыс уақытта жұмыс істеп, ақша тапқанды қолай көреді. Оқу ақысы, киер киім, ішер асқа қажетті қаржыны өздері өтеуге көшкен жастардың нарық талабына бағынуы қалыпты жағдайға ұласып барады. Қомақты ақша табуды көздеген жастар өз қажеттіліктерін толтыру үшін шетел асып, әлем елдерінде түрлі қызмет атқарады. Әсіресе жұмыс күшін қажет ететін Америка Құрама Штаттарына аттанып жатқан қазақ жастары көп. Соңғы 25 жыл ішінде студенттер «Work and Travel» бағдарламасы арқылы белгілі мөлшерде қаржы төлеп, Америка асып, нәпақа іздеудің жолына кірісті. Десе де бағдарлама қаншалықты тиімді? Жастардың көздегені саяхат па, әлде табыс табу ма?

Ағылшын тілінен аудар­ғанда «жұмыс және саяхат» делінетін бағдарлама әлемнің 40-тан астам елінде кең таралған. Ал Қазақстанда 1998 жылдан бастап іске қосылған бағдарлама арқылы бейресми ақпарат көзі бойынша 25 мыңға жуық студент құрлық асып, тәжірибе жинақтаған. Американың бастамасымен қолға алынған бағдарлама бірқатар мемлекетте қолдау тапқан. Мысалы, Work and travel Germany, Work and travel Spain бағдарламасы жұмыс істейді. Атауы бөлек болғанмен, Work and study дейтін австралиялық бағдарламаның бағыты да осындай. Ал қатысу үшін бірқатар маңызды шартты ескеру қажет. Күндізгі бөлімде оқитын студенттер жазғы демалысы кезінде 3 ай жұмыс істеп, соңғы бір айында Құрама Штаттарды саяхаттай алады. Ол үшін жастар аталмыш бағдарлама бойынша жұмыс істейтін орталықтарға жүгінеді. Сұраныс көбейген сайын мұндай түрлі агенттіктер мен орталықтар саны да жылдан-жылға артуда. Сондай орталық мамандарының бірі Нұрлан Қиясовтың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 100-ге жуық студент құрлық асып барған екен.

«Бағдарламада неге жұмысқа мән беріледі? Білім, негізінен, формалды және формалды емес болып екіге бөлінеді. Көбіне-көп жұмысқа тұрарда оқулықтардағы формалды білімнен гөрі қарым-қатынас мәдениеті, күрделі мәселелердің шешімін табу, жұмысты жүйелей білу секілді формалды емес білім сұралады, кей жерде тіпті талап етіледі. Ал мұндай білімді адам өмірден тәжірибе жинау арқылы алады, яғни қандай да бір жауапкершілік алып жұмыс істеуге үйренеді. Work and travel USА бағдарламасымен Америкаға бару үшін ағылшын тілін ауызекі білу жеткілікті, халықаралық тіл білімі жөніндегі IELTS, TOEFL секілді тестілеулерді тапсыру, одан белгілі бір нәтижелі сертификат талап етілмейді. Дегенмен орталықтың координаторлары, кейін АҚШ елшілігінің консулы алатын ағылшын тіліндегі сұхбаттан өтеді. Осы сұхбаттан өте алған студенттер ғана бара алады. Тіл білгеннен басқа, АҚШ елшілігімен жұмыс атқаратын арнайы білім агенттіктерінің көмегіне жүгініп, кем дегенде 2500-3000 АҚШ долларын төлеп, Америкаға аттана аласыз. Бұдан кейін елшілікпен және жұмыс ұсынатын кәсіпкермен жеке әңгімелесуден өту керек. Агенттік жұмыс тауып бергеннен кейін әрі қарай қызметті иіріп алып кету не орта жолдан тоқтату студенттің өзіне байланысты» дейді маман.

«Work and Travel» жастар үшін несімен тиімді? Санамалап айтар болсақ, жастардың дені қомақты ақша табуды көздеп барады. Себебі жаһанды аузына қаратқан алып мемлекет Америка – бизнестің қайнап тұрған мекені. Сырттан келген жұмыс күшін пайдалану жақсы жолға қойылған. Жаз шыға елде қайнаған тіршілік басталып кететіндіктен, студенттер осы бастан-ақ өзге елден нәпақа табу үшін дайындалуда. Бағдарламамен келген жастар сатушы, даяшы, фаст-фуд өнімдерін саудалаушы, қонақ үй қызметкері, шағын бизнес-орталықтың маманы қызметін атқара алады. Білім агенттіктерінде жарияланған мәліметтерде сырттан келген студенттер кемі 10 мың АҚШ доллары көлемінде табыс табады делінген. Ең аз дегенде сағатына 10-20 АҚШ долларын алады. Бірақ белгіленген уақыттан артық қызмет істеген жастар over time, яғни айлықтан 1,5-2 есе ақы алады екен. Енді бағамдай беріңіз, күніне 8 сағат жұмыс істейтін студент кем дегенде 80 АҚШ доллары, яғни теңгеге шаққанда 36 мың теңгедей қаржы таба алады. Демек, барған соң жұмыс істеп, жұмсаған қаржысын бірнеше еселеп қайтарып алғандар жетерлік.

АҚШ-тағы өмір сүру дағдыларының көпшілікті тамсандыруына кино және музыка арқылы бүкіл әлемге үлгі ретінде ұсынылуы басты негіздердің қатарына кіреді. Әсіресе жастарға шетелдің өмір сүру салты таңсық. Сондықтан да сыртқа жиі кетіп жатады. Экономикалық мотив те отандастарымыздың кетуіне түрткі болып отыр. Себебі елде жылдап табатын табысты олар бірнеше айда-ақ таба алады. Одан бөлек, жұмыс істей жүріп, тіл меңгереді. Таза ағылшын мәдениетінің тоғысқан ортасында жүріп, тілді еркін меңгеруге мүмкіндік көп. Мәселен, сату саласында көпшілікпен жұмыс істеу арқылы ағылшын тілін меңгеру әлдеқайда жеңіл. Студенттердің көбі жұмыс істей жүріп тіл меңгеру ақылы курс­тан әлдеқайда нәтижелі деген пікірде.

Ендігі пайдасы – саяхаттау. Студенттер – шетте жүрсе бірінші кезекте турист. Сондықтан жұмыс уақытынан кейін қазақ жастары Американың жұрт көп баратын көрікті жерлерін көруге мүмкіндік алады. Жазғы демалысы кезінде елдің ішкі тәртібі мен табыс түсірер салаларын біліп қайтады.

Бағдарламаның тиімді тетіктері көп болғанмен, ескеретін маңызды факторлар да бар. Жат жердің идеология­сы мүлде басқа. Шетелге барған жас саяси, діни фанатизм және дүниетаным идеологиясының бірін қалайда сіңіріп қайтады. Бағдарламамен барып келген студенттер арнайы агенттіктің қызметін толық зерттеп алу керек дегенді де құлаққағыс етеді. Себебі жұмыс көзі бар деп шақыруға алданып, сырт елде сан соғып қалатындар да аз емес екен. Бұл туралы бағдарламаның былтырғы қатысушысы Азель Бейсембекова айтып берді.

– Кейбір агенттіктердің «виза алсаң болды, қалған жұмыс барғаннан кейін бола береді» деген сөзіне алданбау керек. Келер кезде бәрін анықтап, қай қалаға, қандай жұмысқа баратыныңды мұқият білген абзал. Тіркелген орталықтан медициналық сақтандыру алуды ұмытпаңыз. Себебі Америкада дәрі-дәрмек пен дәрігер көмегінің құны қымбат. Иммунитетті көтеретін тамақтар тұтынып, ауырмауға тырысу керек.

Қазақстандық жоғары оқу орнын бітіргендердің 40 пайызы өз мамандығы бо­йынша жұмыс істемейді. Яғни бағдарламаға тек болашақ маман иесі атанатын студенттер қатысатынын ескерсек, сонда олар оқуын аяқтап, дипломды сандыққа сала, шет мемлекеттерге асығады

Жұмыстың оңайы да, қиыны да бар. Мәселен, мен Массачусетс штатында сатушы болып қызмет еттім. Таңғы 6-да тұрып, мұнда көлікпен баруға аса мүмкіндік болмағандықтан, велосипедпен жұмыс орнына 1-2 сағатта барасың. 16 сағат тоқтаусыз жұмыс істейсің. Кейбір студенттер аз уақытта көп ақша табу үшін денсаулығы мен шамасына қарамай екі жерде жұмыс істейтін еді. Қызығы, мұнда даяшыларға ерекше құрмет көрсетіледі. Келушілер берген тапсырысының шамамен 20 пайызына «шайлық» тастайды, олар үшін бұл қалыпты жағдай деп саналады. Осылайша, даяшы болған студенттер әлдеқайда көп табыс тапты. Сонымен қатар Америкада еңбекақыны бермей қою, студенттің ақысын жеу деген түсінік жоқ екенін баса айтқым келеді. Заң қатал. Келеңсіз жағдай болған күннің өзінде жазалайды, – дейді студент.

Аталмыш бағдарлама АҚШ-тың өзіне де тиімді екені сөзсіз. Себебі өзге елден жұмыс істеуге барған студенттің тапқан табысының 20 пайызынан федералды, штаттық және медициналық салық алынып отырады. Елге оралған соң, салықты 6 ай не 1 жыл көлемінде қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда бұл жұмыс­тың машақаты көп болғаннан кейін төленген салық америкалықтардың қалтасында қала беретін көрінеді. Сөйтіп мемлекет жергілікті экономикасына пайда түсіріп, туризм саласын дамытады.

Бұл бағдарламаның талабы – міндетті түрде елге қайтып келу. Дегенмен кейбір ақпарат көзі бойынша, өкінішке қарай, жыл сайын жастардың 3-4 пайызы сонда қалып қоятын көрінеді. Алайда долларға дәметкендер бағдарлама талабын орындап келген соң да өз бетімен қайта кетіп жатады. Неге? Өйткені жалақысы жоғары. Ресми ақпарат бойынша қазақстандық жоғары оқу орнын бітіргендердің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Яғни бағдарламаға тек болашақ маман иесі атанатын студенттер қатысатынын ескерсек, сонда олар оқуын аяқтап, дипломды сандыққа сала, шет мемлекеттерге асығады.

Тақырыпты зерттей келе мына мәселеге көзіміз жетті. Елімізде «Work and Travel» бойынша шет ел асқан жастар туралы нақты мәлімет жоқ. Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз бөлімімен байланысқанда «бұл мемлекеттік бағдарлама емес, сондықтан оған жауап бермейміз, Сыртқы істер министрлігіне хабарласыңыз» деп жауап берді. Ізін ала келесі министрлікке хабарласқанымызда «АҚШ елшілігінен сұрап көріңіз» деген жауап алдық. Ал елшілікте бұл бағдарлама бойынша нақты ақпарат берілмеді. Сөйтіп, осы уақытқа дейін кеткен, қайта оралмаған жастардың статистика мәліметін таппадық. Сонда «жаз мезгілі уақытында Америкаға барып жұмыс істейтін студенттердің жағдайын кім біліп жатыр?» деген ой келеді. Болашақ кадрларынан айырылып, еңбек етемін деген жастардың жағдайын жасауға мемлекеттік органдар қауқарсыз болғаны ма?! Жайлы жер іздеп кетті деп жастарды да сынамаған жөн. Бұл – көші-қон саласының ғана емес, елдің экономикалық, әлеу­меттік әл-ауқаты және адами капиталының бағалануымен байланысты мәселенің бірі.

P.S: Еңбектің жаманы жоқ. Жастар шетелге саналы түрде қара жұмысқа салынатынын біле тұра барып жатыр. Бірақ жырақта жүріп, бұлбұл орманын, адам Отанын аңсап тұрады. Осы айтып өткендей, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болуың керек-ақ. Шетелдің тәжірибесін алып, елдің әлеуметтік-­экономикалық дамуына жұмсауға атсалысу дұрысырақ.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button