Басты ақпарат

Жұмыс жәрмеңкесі дәстүрге айналды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан үшін басты басымдық – жастарды қолдау және елдегі адами капиталдың сапасын дамыту. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ елордадағы «Тұлпар» сауда орталығының автотұрағында бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізуді дәстүрге айналдырды. Бас қалада екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар жетерлік. Олардың мамандық бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында жұмыс беруші мен жұмыс іздеушілер бетпе-бет кездесіп, сұхбаттасуға мүмкіндік алды.

[smartslider3 slider=3034]

«Астана жастары» жастар ресурс­тық орталығының жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Әл-Фараби Аймақтың айтуынша, бүгінде бас қалада жұмыссыз жүрген жастардың саны – 10 258. Бұл Жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрғандардың 4,6 пайызын құрайды.

– Қалалық Жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесіне 10-ға жуық жұмыс беруші қатысып, жұмыс іздеп жүрген жастарға 100-ге жуық жұмыс ұсынды. Дәл осындай жәрмеңкелерді Жұмыспен қамту орталығы бір ай көлемінде, ал біздің орталық айына бір рет өткіземіз. Мұнда келетіндердің кейбірі уақытша, ал басым бөлігі тұрақты жұмыстар іздейді. Ұсынылатын жалақы мөлшері мен қойылатын талап та мамандығына байланысты түрліше болып келеді, – деді бөлім меңгерушісі Ә.Аймақ.

Әділхан Аушакимовтың Екібастұздан елордаға көшіп келгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Мамандығы – машинист. Жәрмеңкеге жалақысы жоғары жұмыс іздеп келгенін жеткізді.

«Бос орындар жәрмеңкесі – жұмыссыздарға өте қолайлы мүмкіндік. Бұл, әсіресе мен секілді жастарға жалақысы жоғары әрі тұрақты жұмыс табуға керемет көмек дер едім. Қазір бәрі қымбат. Пәтерақы, жолақы, ішіп-жеміміз бар, демек астанада 200 мың теңгеден төмен жалақымен өмір сүру қиын деп есептеймін. Бұл ретте Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырып отырған шараның маңызы зор. Жастар соны дұрыс пайдалана білуі керек. Өз басым Екібастұзда осы орталықтың игілігін көрген жандардың бірімін. Бас қалада да жұмысты осы жерден табамын деген ниетпен жәрмеңкеге келіп отырмын, үмітім зор. Жақында жұмысқа орналасамын деген ниеттемін» деді жұмыс іздеуші Әділхан Аушакимов.

Алдияр Тілемісов болса – студент. Дегенмен, жазғы демалыс кезінде жұмысқа тұруды мақсат етіп отыр. «Мен осы Нұр-Сұлтан қаласында колледжде оқимын. Болашақ мамандығым – байланысшы. Алдағы жылы оқуымды бітіремін. Сондықтан мамандығым бойынша лайықты жұмыс іздеп, осы жәрмеңкеге әдейі келдім. Мұнда «Казахтелеком» компаниясының өкілдерімен сөйлесіп, келістім. Жалпы, жәрмеңкеге келгеніме өкінбеймін. Керісінше өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Енді тек бел шешіп, білек сыбана іске кірісуім керек» деді Алдияр Тілемісов.

Осылайша, елорда жастары өздері қалаған саладағы бос жұмыс орындарын зерделеуге және бірнеше жұмыс берушімен бір жерде тікелей сөйлесуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілерге уақытша және тұрақты жұмысқа орналасу және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даяр­лау курстарынан өту мүмкіндіктері туралы түсінік беріліп, жәрмеңкеге жиналғандар «Бизнес бастау» бағдарламасы, мемлекеттік гранттар бойынша кеңес алды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button