ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖАЛҒАСУДА
Астанадағы Жұмыспен қамту орталығы қала тұрғындарын кезекті жәрмеңкесімен қуантты. Бұл жолы еңбекке икемді еті тірілер «Тұран-Профи» академиясының ғимаратында жиналды.
Таңның атысымен жұмыссыздар, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар – бәрі-бәрі алып-ұшып келіп, жұмыс берушілерге құжаттарын тапсырып, көңілі бұрған кәсіпорындарына тілектерін білдіріп жатты.
Үш сағатқа созылған шараға 20-ға жуық жұмыс беруші компания қатысып, 500-ден астам бос жұмыс орындар ұсынылды.
Келушілер жұмыс берушілермен әңгімелесіп, еңбеккерлерді әлеуметтік қорғау шаралары туралы барлық қажетті ақпаратты алды. Сонымен қатар, орталық мамандары «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша кеңес беріп, әлеуметтік жұмыс орындары мен ақылы қоғамдық жұмыстарға қызметке орналасу мүмкіндіктері туралы мәлімдеме жасады.
«Біздің мақсатымыз – жұмыссыз азаматтарға қолдан келгенше көмек көрсету. Үш сағатқа созылған жәрмеңкеге келушілердің көптігі соншалық, ғимаратта ине шаншар жер болмады. Олардың көбісі 20 мен 50 аралығындағы жас өкілдері» дейді Жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Аяжан Айтжанова.
Айтпақшы, Астана қаласында 2015 жылдың І жартыжылдығында 9 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, 2300 адам жұмысқа орналасты.
Күнайым СӘКЕН