Жаңалықтар

Жұмыспен қамтудың жайы қалай?

Астана қаласы мәслихатының депутаттары елордада жаңа жұмыс орындарын құру, оған мамандарды дайындау ісімен танысу мақсатында бірқатар колледж бен қаланың жұмыспен қамту орталығын аралаған еді. Мәслихаттың кезекті сессиясында осы мәселелер талқыланатын болады.

Кеше қалалық әкімдікте бұл сапардың аралық қорытындысы туралы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру барысы» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Отырысқа Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова қатысты.

Алғашқы болып баяндама жасаған Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың мәліметінше, бүгіндері Астанада 35 мың адам өзінөзі жұмыспен қамтыса, 24,5 мыңнан астам адам жұмыссыз. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Бұл – өңірлермен салыстырғанда елдегі ең төмен көрсеткіш. Баяндамашы халықты жұмыспен қамтудың «Еңбек» бағдарламасына, оның бағыттарына осы тарапта атқарылып отырған істерге тоқталды.

Қалалық мәслихат депутаты Алмаз Ким Жұмыспен қамту орталығында халықтың екі қолына бір жұмыс беру үшін барлық жағдай жасалғанын айта келіп, Германия елі дуальді оқыту бойынша қолданып отырған тәжірибеден хабар берді. Өз тарапынан бірнеше ұсыныстарды жеткізді.

Отырыс барысында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықов, Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев мәселеге өз көзқарастарын білдірді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button