Жұмысшы мамандығын дайындаймыз
– Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланып, елімізде техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау басталды. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау мақсатында Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі республикалық жоспарды бекітті, сондай-ақ министрлік техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын қабылдады.
Іс-шаралар жоспары өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауды, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды даярлауды, жұмыс орындарын құруды, құқығын қорғауды және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруды қамтиды. Кәсіпорындармен бірлесіп мектептерде 1000 бейіндік сынып ашылады.
Биыл Жоғары көлік және коммуникация колледжі өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы жылдар ішінде колледж Қазақстанның көлік және коммуникация инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосқан мыңдаған маманды дайындады. Бүгінгі таңда колледж қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруға белсенді қатысуды жалғастыруда. Колледждің мерейтойы WorldSkills ауқымды халықаралық кәсіби шеберлік байқауын өткізумен аталып өтеді. Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан студенттері «Темір жол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» құзыреті бойынша сайысқа түседі. Чемпионат аймақтық шара шеңберінен шығып, ТМД елдерінде кәсіптік білім беруді дамытуға маңызды үлес қосады.
Бірлік КАПЕЗОВ,
Астана қаласы Жоғары көлік және
коммуникация колледжінің директоры