Басты ақпаратҚоғам

«Жұмысшы мамандықтары құрметке ие

Астанада осы аптаның айтулы оқиғасы «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтуде. Бес күнге созылатын фестиваль Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын ресми түрде ашқан алғашқы іс-шара болды. Ауқымды жиын түрлі сала мамандарының, жұмыс берушілердің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдерін бір алаңға тоғыстырып отыр. Фестивальге 200-ге жуық ірі, шағын және орта бизнес өкілдері, ЖОО-дары мен колледждер және ғылыми-зерттеу институттары қатысуда.

 

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен 11-15 ақпан аралығында өткізіліп жатқан, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шараның ашылуына Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

– Жұмысшы мамандығының жаңа идеологиясын жасап жатырмыз. Іс-шараның ең басты мақсаты – сол идеологияны жастарға таныстыру. Мұндай мамандықтарды әдетте ең төмен өнімді маман деп айтады, алайда бүгінде олай емес. Қазіргі жұмысшы маманы дегеніміз – жаңа, заманауи технологиялармен жұмыс істейтін кәсіпорындарды басқаратын операторлар мен техниктер. Сонымен қатар дрон жасап, жинайтын, құрастыратын мамандар. Мамандық таңдай алмай жүрген, мамандығымен қайда барып жұмыс істесем екен деп жүрген жастар осы фестиваль арқылы өз кәсібін таңдап, жұмысшы іздеп жүрген компаниялар өзіне қажетті мамандарды тауып, жұмысқа тартады деп сенемін, – деді Тамара Дүйсенова.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқу орындары мен компаниялары өзінің саласына қатысты павильондарын қызықты, тартымды етіп жасап, онда ең соңғы заманауи технологияларын көрсетті. Жұмысшы мамандықтары қаласы белгілі бір салаларға арналған 6 көшеден, әр көше үйлерден тұрады. Атап айтқанда, Тау-кен металлургиясы көшесінде геологтар үйі – ERG, тау-кеншілері үйі, шахта құрылысшылары үйі, қара металл өндірушілер үйі – Qarmet, түсті металл өндірушілер үйі – Kazakhmys, асыл металдар өндірушілер үйі, қорытпа шеберлері үйі бар. Келесі Машина және көлік құрылысы көшесі теміржолшылар үйі – ҚТЖ, әуе техникасы операторлары үйі, автомобиль жасаушылар үйі, автокөлік шеберлері үйі, автомобиль өндірісі шеберлері үйі, токарлық ісі шеберлері үйінен құралған. Сонымен қатар үшінші Қуат жолы көшесі жылу энергетика мамандары үйі – Samruk Energy, мұнайшылар үйі – ҚазМұнайГаз, газ жеткізушілер үйі – QazaqGaz, электриктер үйі – KEGOC, атомшылар үйі – ҚазАТОМөнеркәсіп, Qazpost пошташылар үйінен тұрады. Ал Ауыл шаруашылық және су ресурстары көшесінде өсімдік шаруашылығы мамандары, орманшылар, механизаторлар, мал шаруашылығы мамандары, гидрогеологтар, су шаруашылығы мамандары үйлері бар. Құрылысшылар көшесі тас қалаушылар мен сылақшылар, құрылыс шеберлері, ландшафт дизайнерлері, құбыр жөндеушілер, жол құрылысшылары, теміржол құрылысшылары, туризм саласы мамандары үйлерінен құралған. Болашақ мамандықтар көшесінде жасыл энергетика операторлары, білім беру бастамалары, бағдарлама жасаушылар, аэроғарыш қызметкерлері, байланыс қызметкерлері, геодезия және картография мамандары үйлері бар. Келушілердің бәрі осы үйлердің жанына барып, сала мамандарынан қызықты және керекті ақпараттар алуда.

Салтанатты ашылу рәсімінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті.

– Жұмысшы мамандықтар жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі – еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру. Негізгі мақсат – олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Атом энергетикасы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарлануда, – деді министр.

Фестиваль өтетін бірнеше күн ішінде түрлі семинарлар мен шеберлік сыныптарын, мұнай және энергетика салаларындағы тақырыптар бойынша хакатон, мамандықтар шеруін, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін, стартаптардың тұсаукесерін, машина жасау бойынша шеберлік сыныптарын, концерттер, халықаралық аккредиттелген техникалық және кәсіптік оқыту курстарын және тағы басқа іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Фестивальге кіру тегін. Күн сайын сағат 10:00-ден 18:30-ға дейін ашық. Мекенжайы: «EXPO» Халықаралық көрме орталығы, Мәңгілік ел, 53/1.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button