Басты ақпаратҚала мен Сала

Жұмысшыға сұраныс бар, жұмысқа ықылас ше?

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша өткен жылы жұмыспен қамту орталығына 10688 адам жүгініп, 3997 азамат жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Биыл орталыққа жұмыс сұрап барған 15 мың­нан аса адамның бүгінге дейін 9579-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы 4000-ға жуық елордалық жұмысшы мамандықтары бойынша еңбекке араласқан.

Десек те жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша Нұр-Сұлтан қаласына әлі де 17 жұмысшы мамандығы қажет. Атап айтқанда, аспаз, наубайшы, кондитер, тігінші, тігінші-шебер, шаштараз шебері, бақылаушы-кассир, анимация және видеографика, тәрбиеші көмекшісі, жиһаз құрастырушы, ағаш бояу цехының шебері, арматуршы, монтаждаушы, газ жабдықтарын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарь, газ-электр дәнекерлеуші, электр слесары, жартылай автоматты машинада электр дәнекерлеуші.
Осы мамандыққа оқитындар жұмыс берушімен әңгімелесіп, оң шешім алған соң мерзімі үш айлық курстан өтеді. Мемлекет оқу кезінде 21787 мөлшеріндегі шәкіртақы төлейді. Бұл биыл карантин жағдайында ұйымдастырылған қысқамерзімді тегін курстар болатын.
Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жұмыссыздар үшін үлкен қолдау болып тұр. Әсіресе құрылыс, жөндеу, көгалдандыру салаларында бос жұмыс орындары бар екенін де алға тартты. Қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары да екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін табыстың көзі.
Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 148 мыңнан астам жұмыс орны ашылғандығын айтты. Сондай-ақ еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандықтарды оқыту «Атамекен» ҰКП жанындағы оқу орталықтарында жүргізіледі. Қазіргі уақытта бұл тізімге қаладағы 80 оқыту орны кіреді. Оның 54-і – кәсіпорындар, 7-еуі – колледждер, 3-еуі қауымдастықтар жанында орналасса, 16-сы дербес жұмыс істейді. Елорда әкімдігі жанындағы Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында ағаш сырлау цехының шебері, газ-электр дәнекерлеуші, электр ұстасы, газ құрал-жабдықтарын құрастыру және жөндеу ұстасы, жартылай автоматтандырылған машинадағы электр дәнекерлеуші, арматурашы және монтаждаушы сияқты жұмысшы мамандықтарына 200 адамды оқыту көзделген.
Жоғарыдағы мәліметтерге қарап отырып қалада жұмысшы жоқ па, әлде жұмысшы болуға ықылас жоқ па деген ой келеді. Өйткені елордада бүгінде 17 жұмысшы мамандығына сұраныс бар екен. Бірақ сол сұранысқа ие жұмысшы табу оңай болмай тұр. Сондықтан кәсіпорындарға керекті маманды оқытуға Үкімет әуелден айтарлықтай көңіл бөліп келеді. Ал халықтың бір кездегі жұмысшы мамандығына деген төмен ықыласын пандемия да тезге салғандай. Өйткені дәл қазіргі кезде жұмысшы мамандығының қажеттігін уақыт көрсетіп отыр. Елде жарияланған карантин кезінде қос-қос дипломы барлардан гөрі аспаздар мен кондитерлердің дәурені жүріп тұрғандай.
Бұған дейін де мемлекет жастардың техникалық білім алуына ерекше көңіл бөлді. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі өзгергені болмаса, кеңестік мектептен таныс. Алайда ұқсас болғанмен, қазіргі талап тіптен басқа. Өйткені қазір қоғамның жұмысшы мамандықтарына зәрулігі қатты білінеді. Осыдан отыз жылдай бұрын еңбек нарығында кәсіби, білікті жұмысшы мамандығының жетпейтіні айтылатын. Бұл мәселе қазір де өзектілігін жойған жоқ. Бір ғана мысал, адамның баспанаға сұранысын қамту құрылыстың шапшаң жүруімен байланысты. Бірақ бой көтеріп жатқан құрылыс сапасының жиі сынға ұшырауының бір ұшы білікті жұмысшы мамандардың жетіспеуінде жатқан сияқты.
– Негізгі мамандығым – экономист. Бірақ бір жыл да осы дипломмен жұмыс істей алмадым. Тәжірибе жоқ. Ел қатарлы диплом алу керек болған соң оқып едім. Осы кезге дейін құрылыс саласында жай ғана жұмысшы болдым. Кейін қаладағы Жұмыспен қамту орталығына келіп, мұнда жұмысшы мамандығына тегін оқуға болатынын және сұраныстың бар екенін білдім. Қазір мен электр дәнекерлеуші мамандығына оқып жатырмын. Бұйырса, жұмыс та табылады деп сенемін, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, Аслан Хабиев.
Бүгінгідей еліміз өндірістік-инновациялық даму жолына түскенде жұмысшы мамандарының бұрынғыдан бетер қажеттігі сезіледі. Бұл туралы айтылғанына да бірнеше жыл болды. Жоғарыдағы Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйене отырып, қазір жастардың көбі кәсіптік мамандықтарға қызыға қоймайды деген түсінік ескіргендей. Қайта қоғам қажет етіп отырған зәру мамандықтарды игеруге жастарымызда құлшыныс бар. Өйткені сұранысы төмен мамандыққа оқып, жұмыс таба алмай отырғаннан белгілі бір кәсіпті меңгеріп, өз ісінің шебері атанып, өмірде өз жолын тапқанын қалайтын жастар көп…

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button