ЖаңалықтарМәслихат

Жұмысшылардың жағдайы – басты назарда

«Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ла­масын жүзеге асыру мақсатында ҚР Ұлттық қоры­нан бөлінген қаражат қайда жұмсалуда? Үкімет ақшасын мақсатты пайдалану мәселесін қозғаған Астана қаласы мәсли­хатының депутаттары мен «Нұр Отан» партиясының мүшелері рейдке шығып, мемлекеттік несие алған кәсіпорындарды аралады.

img_0590

Комиссия өкілдері әуелі «Нұр-Саба» ЖШС-не табан тіреді. 2008 жылдан бері ағаш және металл бұйымдары өндірісімен айналысатын компания үш жыл бұрын керекті құрылғыларды сатып алып, кәсіпорын ғимаратын жөндеуден өткізу үшін 24 миллион теңге көлемінде несие алған.
Аталмыш компания директоры Қайрат Исимбековтың айтуынша, бизнесті қолдау мен дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында өндіріс көлемі 30 пайызға артқан. Өйткені несие алғанға дейін мұнда 6 адам ғана жұмыс істесе, бүгінде жұмысшылар саны екі есе көбейіпті. Қазіргі күні ауданы 906 шаршы метрді құрайтын цех аумағы түгелдей игеріліп жатыр.
– Несие жұмыс өнімділігін арттыру үшін ғана берілмейді. Қызметкерлердің еңбек жағдайын да жақсарту керек. Өкінішке қарай, бұл жерге қауіпсіздік техникасын және тұрмыс жағдайын әлі де жетілдіру керек, – деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Аман Аюпов.
Атап айтқанда, ғимараттың үшінші қабатында жатақхана бой көтерген. Ол жерде басқа қаладан келген жұмысшылар тұрады. Айлық жұмысшының өндірген еңбек көлеміне байланысты төленеді. Жалақы орташа есеппен 150 мың теңгеге жетеді екен.

dsc_8348
Депутаттар бас сұққан келесі нысан – «Проект Монтаж» ЖШС. Кәсіпорын вентиляциялық жүйеге арналған желдеткіш ауа өткізгіштері өндірісімен айналысады.
Мемлекеттен 129 млн 800 мың тең­геге несие алған бұл өндіріс орны авто­маттандырылған жүйелер мен тасымал құралдарын сатып алды. «Жаңа құрал-жабдықтар жұмыс өнімділігін он есеге ұлғайтты» дейді кәсіпорын жетекшісі Ұлан Арынбеков. Еңбек нарығында 10 жыл жұмыс істеп келе жатқан олар көптеген құрылыс компания­лармен тығыз байланыс орнатқан. Кәсіпорынның негізгі тұтынушылары – Астана құрылысы.
Фирма директорының айтуынша, еңбекақы көлемі де өскен. Орташа алған­да айлық 160 мың теңгені құрайды. Ал, цехта қызмет ететін білікті мамандар айына 300 мың теңгеге дейін табыс табады.
– Бүгін шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы аясында «Даму» қорынан несие алған екі нысанда болдық. Қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Кәсіпорындар белгілі бір жетістіктерге қол жеткізгенін байқауға болады. Бастысы, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жіті бақылап, назарда ұстау қажет, – деп ескертті комиссия төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Саят Батпенов.
Рейд қорытындысы бойынша комиссия мүшелері анықталған мәселелерді шешу үшін өз ұсыныстарын жасады.
Айта кетейік, мұндай рейд ай сайын өткізіліп тұрады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button