Елорда тынысы

Жұмыссыздар жұмыс тапты

Елордадағы «Жастар» сарайында бос орындар жәрмеңкесі ұйым­дастырылып, онда келушілердің 1700-ге жуығы жұмыспен қамтылатын болды. 

[smartslider3 slider=3856]

Тамыз айында осымен үшінші рет өткен бұл шараға бас қаладағы жұмыссыз азаматтар мен пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар және алимент бойынша борышкерлер қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – жұмыс берушілер мен жұмыссыз азаматтардың кездесуін ұйымдастыру арқылы жұмыс берушілер мәлімдеген азаматтарды бос орындарға жұмысқа орналастыру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау.

Бос орындар жәрмеңкесіне 400-ге жуық жұмыс іздеуші және 60-тан астам жұмыс беруші қатысып, соңғылары алғашқыла­рына түрлі ­бағыттар бойын­ша 1700-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде «ROYAL CARS ASTANA» ЖШС, «Hilton Astana» қонақ үйі, «ARENA ­S» ЖШС және өзге­лері сияқты елорданың жетекші кәсіпорындары бар. Сондай-ақ, 9 жұмыс беруші пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 170-тен астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Жәрмеңкенің алғашқы сағатында 100-ден астам адам келді. Солардың бірі – елордалық Асхат Айдынов. Ол өзінің аспазшы мамандығы бойынша жұмыс іздеп келді. Мұнда жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, бірден бірнеше ұйымға сұхбаттасуға шақыру алды.

«Қазір жұмыссыз азамат ретінде қалалық Жұмыспен қамту орталығында тіркеліп тұрмын. Ортақ чатымыз бар, сонда үнемі хабарлама келіп тұрады. Бос орындар жәрмеңкесінің өткізілетіні туралы да осы жерден оқып, келдім. Әрине, мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны жақсы. Мамандығым бойынша жұмыс іздегенмін. Әзірге 5-6 жұмыс берушілермен сөйлестім. Ұсынылған жалақы мөлшері көңілімнен шығып тұр, 300 мың теңгеге дейін барады, солардың бірін таңдап, жақын күнде жұмысқа шығатын боламын, – деді А.Айдынов.

Жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласы Прокуратурасының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының, Әділет департаментінің және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері қатысты.

– Біз ақпан айынан бері бас-аяғы 49 жәрмеңке өткіздік. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін шағын жәрмеңкелер өткізуге тырысамыз. Бізде қала әкімдігінің қаулысы бар, онда мүгедектігі бар адамдар үшін, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін, пробация қызметінде есепте тұрған адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгіленген. Сондықтан, жұмыс іздеп келгендерді квота аясында жұмысқа орналастыруға тырысамыз, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының орынбасары Талғат Есімов.

Мұнда келушілер жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, Жұмыспен қамту орталығының мамандарынан өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша кеңестер алды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыс берушілермен өзара байланыс жасау бөлімінің басшысы Бақыт Ракишеваның айтуынша, жыл соңына дейін Нұр-Сұлтанда 28 мың жаңа жұмыс орны ашылып, осыған ұқсас 7 іс-шара ұйымдастырылады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button