Елорда тынысы

Жұмыссыздарға жұмыс ұсынылды

Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен елордадағы Жастар сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Кезекті жәрмеңкеге келушілердің ­1400-ге жуығы жұмыспен қамтылатын болды.

Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 55 жұмыс беруші қатысты. Олардың қатарында «Clean City NC» ЖШС, «Астанаэнергосбыт» ЖШС, «Қазпошта» АҚ, «Қазақстан халық банкі» АҚ және басқа да жетекші кәсіпорындар бар. Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.

Астана қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен өзара байланыс жасау бөлімінің басшысы Бақыт Ракишеваның айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі биыл тоғызыншы рет өткізілді.

– Жыл соңына дейін тағы бір жәрмеңке ұйымдастырылады. Қазіргі таңда 260-қа жуық адам жұмысқа орналасты. Уақытша жұмыс тапқан тұрғындар да бар. Жәрмеңкеге 15 түрлі бағыт бойынша әр саладан жұмыс беруші тұрақты түрде қатысады, – деді ол.

Жәрмеңке арқылы жұмыс табуға ниетті азаматтардың бірқатары еңбекке енді араласатын жас мамандар болса, енді бірі тұрмыстық жағдайға байланысты жұмыс орнын ауыстыруды көздейді. Жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар үшін «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» бағдарламалары ұйымдастырылып, тұрақты жұмыс ұсынылды.

Іс-шараға Жұмыспен қамту орталығында тіркелген 2000 мыңға жуық жұмыс іздеуші шақырылды. Солардың бірі – елорда тұрғыны Берік Рүстембеков. Мұнда жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, бірден бірнеше ұйымға сұхбаттасуға шақырту алып үлгерді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button