ЖаңалықтарҚала мен Сала

ЖҰПАРЫМЕН ЖЕР-ЖАҺАНДЫ ЖАУЛАҒАН

ГҮЛДЕР ҮЙІ (9)

Жұпарымен жаһанды жаулаған гүлдер. Сендерсіз ешбір мерекені елестету мүмкін емес. Еріне томсырайған талай әйелдің ашуын тарқаттыңдар, жігітіне бұртиған  ару көңіліндегі кірбіңнің кілтін таптыңдар. Гүлдердің тылсым құдіреті деген осы болар?.. Кейде арулардың сыйлаған гүл шоғының өзінен мін тауып, артынан сынап тұратыны рас (бетке ұшқандары қаншама). Өйткені, интернет желісінен неше түрліні оқып аламыз. Мәселен, гүлдердің түстеріне байланысты небір пікірлер бар… Мүлдем гүл сыйламаса қайтер едік?! Сондықтан, құрбыларымызға әрі сабақ, әрі пайдалы кеңес болсын деген ниетпен
«Гүлдер үйіне» арнайы барып,  гүлзар мамандарынан кеңес алдық.

Қаламыз студент­тер аймағына ай­налғандықтан, көп­шілік «Встреча» деп атап кет­кен ауданда жүрміз. Мұнда гүл­дер үйі бар.

Көркем безендірілген де­коративті көрінісімен көз ар­байтын ғимаратқа бас сұқпай өту мүмкін емес. Бізді бірінші қабатта күлімсірей қарсы алған Бұлбұл есімді гүл маманы бірден раушандардың құ­пиясымен таныстыра кетуді жөн көрді. Себебі, мерекенің басты нышаны – раушан. Алдымен алқызыл раушандардың тарихымен таныстырды.

ГҮЛДЕР ҮЙІ (3)Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ мыңжылдықта ежелгі Қы­тайда, Янцзы және Хуан­хе арал­дарынан табылған рау­шан­дардың негізгі отаны – Ежелгі Үндістан мен Орта Азия. «Гүл ханшайымы» аталып кеткен раушандардың мекені – Ежелгі Парсы елі деген де деректер бар. Не­гізі­нен, «роза» атауының шығу төркіні парсының «wrodon» сөзінен бастау алып, ежелгі грек тілінде «rbodon» деп өзгеріске түсіп, латын ті­лінде «rosa» сөзіне айнал­ған. Парсы халқы розаны – «Ал­ланың гүлі және оның құ­діретті сыйы» деп қадір­лесе, христиандықтар «жұмақ гүлі» деп әспеттейді. Осы деректердің барлығы гүлдің отаны Еуропа емес, Орта Азия екенін толықтай растайды.

Раушандар мұнда 20є градус температурадағы тоңа­зытқышта сақталады.

Гүлдердің атауы, шығу тарихы, табиғаты, тіпті мінез-құлқына дейін бөлек болады дейді маманымыз.

Нағыз махаббат символына айналған қызыл раушан­дардың өзі іштей үш топқа жіктелетінін айтты. Яғни, қою қызыл раушандар – «форева янг», ақшыл қызыл – «фридом», қауызы қызыл реңктеніп тұратындарды «аф­рика» деп атайды. Кір­шіксіз адал достықтың бел­гі­сіндей санамызда сақ­тал­ған аппақ раушандарды «мондиал», «венделла» деп топ­тас­тырады мамандар. Отбасылық махаббаттың, нә­зік­тіктің белгісін танытатын күлгін раушандар – «блаж», «свитнес», «энгейджмент», «пинк­флойд», «топаз» деп ата­лады. Бейтаныс адамдарға іс­кер­лік мақ­сатта жұмыс ба­бымен сый­ланатыны – қыз­­ғылт сары рау­шандар.  Олар­дың «star2000» деген түрі елімізге Гол­лан­дия­дан жұмасына бір рет тап­­сы­рыс­пен жеткізіледі. Сәт­тілік гүлі саналатын сары рау­шан­дар
да – «хаммер», «хотмеренгуей», «хай оранж меджик» деп бөлінеді.

 

Боялмаған және боялған раушандарды ажырату үшін олардың түрлерін жақсы білу абзал. Дүние жүзілік стандартқа сәйкес тек көк раушандар ғана боялады, ал, қалған гүлдерді бояуға қатаң тыйым салынған. Қазақстанда ешбір гүлді бояп сатуға рұқсат етілмейді. Алайда, еліміздің гүл дүңгіршіктерінде әртүрлі түстерге боялған, тіпті «жылтыратқыш» себілген «мультиколор» гүлдерді жиі байқаймыз.

Екінші қабатта кішігірім жылыжайлары бар. Үй гүл­дерін өсіріп баптайтын ма­ман­дардың айтуынша, мереке күндері «гибускус», «чайная роза», «азалия» (альпийская роза) сынды ыдыстағы раушандар жоғары сұранысқа ие. Егер, оларды жылы  үй температурасында, күніне бір рет суарып баптаса, жылдың жеті айы  гүлдеп, бес жылға дейін өседі.

Мереке қарсаңында 80%-ға қымбаттайтын гүлдердің аталмыш дүкендегі бағасы көңілге қонымды. Яғни, әр гүлдің бағасы оның ұзын­дығына байланысты. Ең арзаны – 60 см раушандар 600 теңгеден басталып,  бір жарым метрлік, кісі бойымен шамалас, қыздардың арманына айналған ұзын раушандар 1500 теңге тұрады екен. Ал, егер гүлдер үйінің тұрақты тұтынушысы болсаңыз және осы уақытқа дейін 20 000 мың теңге мөлшерінде сауда жасап үлгерсеңіз, сізге міндетті түрде жеңілдіктер жасалады.

P.S: Гүлзар маманының тағы бір тамаша кеңесі – қалыңдыққа арналған гүл түрлері туралы болды. Оның айтуынша, әрбір болашақ қалыңдық гүлге тапсырыс беріп әуреге түспей-ақ, «стефанотис», «амарилис», «орхидея» гүлдерін той мерзімінен 5-6 ай бұрын үйде өсіріп, көздің қарашығындай күте алады. Ал, үйде гүл өсіруге уақыты жоқ іскер әйелдерге, «гузмания» гүлін сыйлаған абзал. Ол ерекше күтімді қажет етпейді. Ең бастысы, көктем мерекесінде ардақты аналарымызға «әйел бақыты» гүлін сыйлауды ұмытпаған жөн. Аналардың сүйікті гүлін биологиялық тілмен «спатифиллум» десе, «ерлер бақыты» гүлін «антуриум» дейді.

Нұргүл МӘЛТІК

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button