Басты ақпаратҚала тіршілігі

ЖҮРЕГІ ЖЫЛУҒА ТОЛЫ ЖАН

«… ол айналасына үнемі жылу сыйлап жүретін жан. Маман ретінде көптеген әйел затының Ана бақытын сезінуіне ықпал етті. Меніңше, осындай жандардың арқасында өмір жақсара түспек. Еліміз олар жайлы біліп қана қоймай, олардан үлгі алу керек деп ойлаймын…».

«Астана таңдауы – 2012» байқауының алғашқы күні әкімдіктің арнайы сайтына авторы белгісіз осы хат келіп түсті.

Хаттың кейіпкері – Астана қаласы Перинаталдық орталығының акушер-гинеколог дәрігері Владимир Калашников еді.

Үздіктер қатарынан үміткер бұл кейіпкер байқау шарты бойынша берілген халық дауысы бойынша сол күні-ақ өзгелерден оқ бойы озып шықты.

Бір қызығы, аталған байқауға ұсынылғанын, 4926 дауыспен әріптестерінің арасынан жеңімпаз деп танылғанын Владимирдің өзі да­уыс беру аяқталған соң бір-ақ білді.

Азаматты ардақтайтын елі болса, еңбегінің жанғаны.

Меңгергені денсаулық күзетінің алғы шебінде жүретін мамандық болса да, бір кездері «ер адамға қол емес» деген пікірлерді естігені де жасырын емес.

Алайда, ол өзінің еңбек тәжірибесінде бұл салаға адасып келмегенін дәлелдеді.

Мыңдаған, бәлкім одан да көп әйелдің ана атануына себепкер болды. Соншама сәбидің кіндігін өз қолымен кесті.

Өзі кіндігін кескен сәбилердің ата-анасының ықылас-ниетінен асқан ештеңе жоқ екенін бұған дейін де жиі айтып жүретін. «Алғыстан артық ештеңе жоқ екеніне тағы да көзім жетті», – дейді.

Себебі, байқауда өзіне қолдау танытқан 4 мыңнан астам дауысты Владимир халықтың өзіне бер­ген бағасы, айтқан алғысы деп қабылдады.

Байқауға бес сала бойынша 62 үміткер қатыстырылған болатын. Оларға онлайн режимде 95 мыңнан астам астаналық дауыс берді. Ара­сынан бес үміткер жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды.

Таяуда ғана жарияланған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында Еңбек қоғамын құру үшін алдымен еңбекшіге деген құрмет болуы қажеттігі айтылған еді.

«Осы орайда, байқау өз жеңімпаздарының жұмысқа деген жауапкершілігін арттырды, ынтасын оята түсті деп ойлаймын», – дейді Владимир.

Жалпы, өзі де «Әрқашан іске дайын бол!» деген ұстаныммен өмір сүретін жан. Өйткені, мамандығы қашанда тастүйін дайындықты, сезімталдықты талап етеді.

Оған қоса, елдің бас қаласында қызмет етудің үлкен жауапкершілігі тағы бар.

«Бүгінгі күні астаналық қыз-келіншектердің денсаулығы жақсарып келеді. Бала туу көрсеткіші де біршама артты. Ал, осы жағымды жаңалықтардың менің мамандығыммен тікелей байланысты болуы көңіліме қуаныш ұялтады», – дейді үздік дәрігер.

Астана қаласы халқының саны 2012 жылғы 1 маусымдағы есеп бойынша 758007 адамға жетті. 2011 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда елорда халқының жалпы саны 15089 адамға өсіпті.

Астанада күн сайын кемінде 40 сәби дүниеге келеді. Олардың аман-есен жарық дүние есігін ашу­ына Владимир Калашников қызмет ететін Перинаталдық орталық ұжымы да үлкен үлес қосуда.

Іргетасы 1978 жылы қаланған перзентхана алғашында 100 орынға лайықталса, бүгінде перзентхананың бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын әйелдер кеңесі, 150 орындық стационары бар.

Орталық дәрігерлері ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендету, гинекологиялық сырқаттарды азай­ту мақсатында ауқымды шаруалар атқарып жүр. Халық қалаулысына айналған Владимирдей «алтын қол» дәрігерлері бар кезде бұл ұжым әлі де талай жанның сауабын алары анық.

Айтпақшы, Владимирдің келіншегі Ольга да акушер-гинеколог дәрігер. Өмірде де, еңбекте де қатар жүрген қос маман алдағы уақытта да елорданың денсаулық сақтау саласын жақсарту жолында қызмет етіп, халық игілігі үшін аянбай тер төгетіні анық.

Шынар ДОСАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button