Жаңалықтар

Жүректен жүрекке жеткізді

Риодағы ХV паралимпиадалық ойындарда ел намысын қорғаған спортшылар кеше Астанадағы №65 мектеп-гимназия оқушыларын Бүкіләлемдік күлкі күнімен құттықтап, «Жүректен жүрекке» атты мерекелік концертте қатардан қалмаған қамкөңіл балалардың өнерін тамашалап қайтты.

Қаламыздағы коррекциалық-түзету сыныптары 2010 жылы №65 мектеп-гимназиясына көшірілген болатын. Ал келесі жылы мектепке инклюзивті оқу сатысы енгізілді. Яғни, балалар жынысына, жас ерекшелігіне, қимыл-қозғалысы мен ақыл-есіндегі ауытқушылыққа, әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда аталмыш мектеп гимназияда ерекше қажеттіліктері бар 81 бала мен құлағы нашар еститін 203 оқушы оқиды екен.

Мүмкіндігі шектеулі балалар сабақтан бөлек, ән, би, сурет салу секілді түрлі үйірмелерге қатысады. Бұл жұмыстардың нәтижесі сахнадан айқын көрінді. Құлақ кемістігі бар бүлдіршіндер музыка ырғағын дәл сезініп, «Калинка» биімен көпшіліктің таңдайын қақтырса, сал ауруына шалдыққан балалар жанды дауыста ән айтып, мәнерлеп өлең оқыды.

Іс-шара барысында жарымжан жандар халықты мейірімділікке, жақындарымызға жақсылық сыйлауға шақырды. «Біз – бейбіт заманның жас ұрпағымыз. Бір-бірімізді ренжітпей, ешкімді жылатпай, мейірімге сараң болмай өмір сүрсек, соғыссыз әлемді жарқын жаққа өзгертер едік» дейді 4-сынып оқушысы Халид Харсиев.

Сондай-ақ, концертте «Анашым» әнін орындаған бастауыш сынып оқушысы Мөлдір Сәбитбекті елімізге танымал тележүргізуші Динара Сатжан құттықтап келді. Ол туғаннан қатал тағдыр сынына тап болған балаларды басқалардан оқшауламай, қоғамнан шеттетпей, сапалы білім беріп, өмірге бейімдеп жатқан мектеп ұстаздарына алғысын білдірді.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button