ЖаңалықтарҚала тіршілігі

ЖУРНАЛИСТ ЕСІМІН ЖАҢҒЫРТТЫ

BAL_0881

Астана қаласындағы А.Иманов көшесіндегі екінші үйдің қабырғасына белгілі журналист-публицист, баспасөз және қоғам қайраткері, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бас редакторы, марқұм Октябрь Қайырұлы Әлібекке арналған ескерткіш тақта орнатылды. Қарымды қаламгер осы үйде 1979-2010 жылдар аралығында тұрған еді.

Сонау 1961 жылы Қазақ мемлекеттік универ­ситетін бітірген ерлі-зайыпты Октябрь мен Рахия Әлібековтер еңбек жолдарын Ақмоланың өлкелік «Тың өлкесі» («Арқа ажары») газетінен бастаған еді. Астана қаласы мен Ақмола облысының өркендеуіне орасан үлес қосқан Октябрь Әлібектің ескерткіш тақтасы ашылуына арналған шараға қаланың және облыстың зиялы қауымы, өзімен қызметтес болған әріптестері, туысқандары мен бала-шағасы қатысты. Салтанатты жиынды Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов ашып, қаламгер ағаның өмірбаянынан мағлұмат беріп, бірқатар азаматтарға сөз берді. Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов көрнекті қаламгердің өнегелі өмір жолын, оның өңірді өркендетуге сіңірген өлшеусіз еңбегін атап өтті. Ақиық ақын Нұрғожа Ораз бен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ  президенті Сауытбек Абдрахманов өңірдің баспасөзін дамытуға орасан еңбек сіңірген Октябрь Әлібектің азаматтық болмысы мен шығармашылық жұмысы туралы естелік айтты. «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреқожа да елге қадірлі болған азаматқа осындай құрмет көрсеткені үшін қала басшылығына газет ұжымы атынан ризашылығын білдірді. Журналист-ақын інісі Аманкелді Жұмабек жүрекжарды өлеңін оқыды.

Ескерткіш тақта ашылған соң Октябрь ағаның жары, белгілі журналист Рахия Әлібекова мен бала-шағасы жиналған қауымға құдайы ас беріп, тағзым етуге арнайы келген азаматтарға ризашылығын білдірді.

 

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button