Төртінші билік

Журналист халықтың қажетін айтады

Қараша халық пен билік арасындағы алтын көпір БАҚ десек, сол алтын көпірдің арқауын аласартпай, беделін биіктетіп тұратын ең негізгі күш – журналист. Былайша айтқанда, журналист қоғамдағы қордаланған мәселелер мен өзекті тақырыптарды көтеріп, оны дер кезінде биліктің назарына жеткізіп, сол мәселенің ойдағыдай шешім табуына оң ықпал етуге күш салады.

[smartslider3 slider=3341]

 

Мақтағанның бәрі дос емес, даттағанның бәрі жау емес. Біздің қоғам да, билік те осыны жете түсінуі керек. Мен білгенде журналистер белгілі бір мәселеге байланысты қалам тербесе, соның себеп-салдарын ашық айтып, оны шешудің жолдарын мамандармен біріге отырып іздестіреді. Әсіресе қазақ тілді БАҚ бұл жағында өз міндетін ойдағыдай атқарып келеді. Халық аса зәру болып отырған, биліктің құлағына оңай жете бермейтін көптеген өзекті мәселелер осы біздің әріптестердің қаламы мен бейнематериалы, үні арқылы жеткізіліп жатады. Алайда біздің билік басындағылар сол газеттерге үңіліп, телеарналарға қарап, «мынадай мәселе болып жатыр екен ғой» деп дер кезінде шұғыл шешім қабылдай қоймайды. Журналистер қауымы өзімен өзі шулап, қазақша айтқанда, «өз қотырын өзі қасып» жүреді. Әрине, бұл арада билік басындағылардың бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Оқитындар бар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақ тілінде шығатын бірнеше газет пен ұлттық тілдегі телеарналарды қарап отыратынын өз сұхбатында айтқан. «Астана ақшамы» газетінде шыққан материалдарды оқып, біз сұхбат
жасаған кейіпкерлерге тиісті қамқорлық жасағанына да куә болғанбыз. Алайда Мемлекет басшысының осы қасиеті басқа министр, шенеуніктерде бар ма?!. Қазақстандағы сақталып
отырған мәселелерді қазақ жур­налис­тері жазбаса, оны билік басын­дағылар шешуге тырыспаса, қордаланған мәселе дер кезінде шешімін таппаса, бітеу жарадай сыздаған ашу-ызаның бір күні жанар таудай атылмасына кім кепіл?! Біздіңше, қаңтар оқиғасы да – осындай бейғамдық пен жұрт ауанына дер кезінде назар аудармаудан туған қасірет. Парламенттің отырысынан кейін немесе басқа шараларда депутаттардан сұхбат алудың өзі мұң. Үкімет басшысынан бастап, қатардағы басқарма басшысына дейін журналист көрсе жау көргендей ежірейіп, қасқыр көргендей қашады. Осыған қарап біздің шенділер бір орынға жайғасып алған соң, «аузын баққан би болар» деп үндемей отыруға тырысатын сыңайлы. Артық сөйлеп, бүлдіріп аламыз деп қорқады. Осы ма біздің ашықтығымыз? Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің талабына осы сай ма?

Біз білгенде, өз жұмысына адал, ісі ақ, сөздің турасын айтатын, елі мен жеріне жаны ашитын лауазымды тұлғалар тілшілерден қашпайды. Керісінше қоғам қандай нәрселерге баса назар аударады екен деген оймен, олардың сұрағына құлағын тосады.

Қысқасы, «Жаңа Қазақстанда» журналистердің рөліне де жаңаша көзқарас қажет. Даттаса ренжіп, оны өзіне жау санайтын, мақтаса қошемет көрсететін бұрынғы әдістен арылу керек. Өйткені журналист айтса, жұрттың «жырын», халықтың қажетін айтады. Ал халық – мемлекеттің қожасы.

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button