Жаңалықтар

ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халық қалаулылары каникулға шықса да, ел ішінде жүр. Бұрнағы күні Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл «Астана ақшамы» газетінің редакциясына келіп, журналистермен пікірлесті. 

«Астана ақшамы» – ашылуы­на өзіміз ұйытқы болған қара шаңы­рақ қой. Өйткені, бұрын қалалық қазақ газет болған жоқ бұл өңірде. Республикадағы алғашқы қазақ қоғамдық ұйымы – «Тіл және мә­дениетті» құрғанда тұңғыш қозғаған мәселелеріміздің бірі қазақ газеті мен театрын ашу еді» – дей келіп,
Алдан Смайыл басқосуда депутат­тардың қызметін, жұмысын кеңінен сөз етті.
– Шындығында, депутаттың жұ­мысын көпшілік біле бермейді, ат­қарушы биліктің тармағы деп түсі­неді. Содан кейін де оларға тән емес талаптар қойып жатады халық. Орындалмаса, реніш білдіреді, – деді. Халық қалаулысының айтуынша, Парламент және оның депутаттарының қызметі – саяси, құқықтық-шығармашылық қызмет. «Саяси дегенім, депутат сая­си мәселеге араласпай қоймайды. Өйткені, әрбір заң – мемлекеттің саясаты. Құқықтық дейтінім – сол
саясатты, мемлекеттің билігін заң­ға айналдыру. Шығармашылық дей­тінім – сол заңды талқылайтын, же­тілдіретін, қажет болса, жоқ заңды жазатын депутаттар. Бұл процестер айтуға ғана жеңіл. Мысалы, бізге көп заң жобасы Үкімет арқылы келіп түседі, соны Мәжілістің талқылауынан кейін қарасаңыз, тану қиын, мыңдаған өзгеріс еніп жатады. Кейбір заң жобалары икемге келмей, қайтарылып жіберіледі» – деді ол.
«Біз демократиялық елміз» деп аузына келгенін былапыттайтындар арамызда жоқ емес. Алдан Смайылдың пікірінше, сол демократия дегенді желеулетіп, кез келген мемлекетті дәстүрімен, салтымен, тілімен жо­ғалтып, ойрандауға болады екен. Ал шын демократия деген не? Мұның нақты анықтамасы әлі күнге дейін жоқ, әркім әртүрлі айтады. «Соның ішінде, – деді депутат, – ежелгі грек философтарының айтқаны дұрыс: «Демократия дегеніміз – белгілі бір кезеңде белгілі бір елге қажетті сая­сат» – дейді олар. Мысалы, қазіргі Қазақстанға қандай саясат керек, сол – халық үшін демократия. Әр ел өзінің дініне, тіліне, діліне, ұлттық көзқарасына кесірін тигізбейтін сая­сатты ұстану керек. Ең үлкен демократия – сол. Ал, жалпы адамзаттық демократия бүкіл халық үшін әмбебап десек, үлкен қателікке ұрынамыз».
Мәжілісмен алдағы уақытта мә­дениет туралы заңның қайта қаралуы мүмкін екенін де әңгімеледі. Сөз барысында ұлттық мәдениет, ұлттық кино жөнінде ойларын ортаға салып, былтырға дейін мәдениет туралы заңда бірде-бір «әдебиет» сөзінің болмағанына қынжылыс білдірді.
Жиын соңында халық қалаулысына газет тілшілері көкейлеріндегі са­уалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, журналистің мәртебесін айқындау, Астананың іргесіндегі тарихи жер – Тайтөбенің атын Целиноград ауданына беру мәселелері көтеріліп, ұсыныстар айтылды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button