Басты ақпарат

Журналистика жампозы

Бірқатар белді, белгілі, беделді басылымдарда қызмет істеп, өзіміздің «Астана ақшамы» газетінде де қолтаңбасы қалған жампоз журналист Жанболат Аупбаев жетпіс жастың жотасына шығып отыр. Қаламын әлі күнге дейін қолынан тастамай, ежелгі дағдысымен қызықты, тың тақырыптарды іздеп тауып, жеріне жеткізіп жазатын ол бірнеше деректі дүниені оқырмандарға ұсынды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері осы күндерге дейін «Мынау ғажап дүние», «Жанарымда туған жер», «Оққа тосылған отжүрек», «Сырымды саған айтамын», «Ғұмыр – дария», «Таңғажайып тағдырлар», «Бізге беймәлім бейнелер», «Елім менің ертегі», «Өмірге таңдана қара!», «Автограф», «Таңсәрі мен талтүс», «Ашылмаған аралдар», «Ұлылардың ұрпақтары» атты кітаптары жарық көрді. «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Қазақстан коммунисі», «Ақиқат», «Егемен Қазақстан» басылымдарында қарапайым журналистен бастап, ұзақ жыл басшылық қызметтерді атқарды. Аудармамен де айналысып, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев сынды қаламгерлердің шығармаларын қазақша сөйлетті. Жанболат Әлиханұлының қаламынан «Қажымұқан мен Қажытай», «Хан-Тәңірі» атты деректі фильмдердің сценарийлері туды. Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Жанболат Әлиханұлы қашан да қарапайым қалпынан айнымайды. Курстастары, кезінде бірге қызмет істеген замандастары да төмендегі мерейтойлық лебіздерінде соны айтады. 

[smartslider3 slider=1575]

Намазалы ОМАШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Мамандығының шыңына шыққан

– Жанболат екеуміздің таныстығымыз 1969 жылдан басталады. Содан бері келе жатқан ұзақ жолда бір өзгермеген адам көрсем, ол Жанболат шығар деймін. Оның өзі таңдаған мамандығына адалдығы да өзгемізге үлгі болатындай. Біз алғаш оқуға 50 адам түсіп, бір студент кандидат ретінде қабылданып, 51 адам курстас болғанымызда Жанболат сол алғашқы көргенде қандай таза, баладай аңғал болса, міне, 52 жыл сол қалпына дақ түсірген жоқ. Бұл – өте сирек қасиет.

Сол курстастардың бірі ғалым, бірі ақын, бірі мүлде басқа кәсіп қуып кеткенде ол журналистикадан еш бет бұрған жоқ. Бірде Сауытбек досымыз Жанболат жайында жақсы сөз айтты. Сол менің көкейіме де әбден қонды. Онда: «Бізде қалам ұстауын журналистикадан бастаған таланттар біраздан кейін жазушылыққа, ақындыққа, қыз­метке бой ұратын дәстүр болатын. Ал Жәкең сол алғашқы бағытынан таймай, қазір бүкіл республикамызға танымал көрнекті журналист болды» деді. Расында да жоғарыда айтқандардың қай-қайсысын да Жанболат алып кететін қарымы да, қаламының қуаты да бар еді. Оның мықты очеркист, керемет стилист, сөзден сурет салатын шебер екені аян ғой. Бірақ, сол біз білетін, өмірде бір қалпынан ауытқымайтын Жанболат мамандығын да ештеңемен алмастырған жоқ. Сондықтан талантты, мықты жазушының да журналистикадан бастап, журналистикамен аяқтап, абыройдың ең биігіне шығуға болатындығын дәлелдеген адам деп бағалаймын. Журналистикада Жанболатты қазір бәріміздің алдымызда деп айтуға болады.

Алматы

Еркін ҚЫДЫР, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Өмір сүру формуласы

– 1998 жылдың күзінде Ақпарат министрлігінің ұйғаруымен елордаға келіп, бұрынғы тілшілер қосынын ірілендіріп, филиалға айналдырып, «Егемен Қазақстанның» редакция  көшін қабылдауға әзірленіп жаттық. Осы өңірдегі елге белгілі қалам ұстаған ағалар Нұрғожа Ораз, Жомарт Әбдіқалықовқа сәлем беріп шықтым. Атына, қаламының қарымына сыртынан қанық Жанболат Аупбаевқа да жұмысына іздеп барып амандастым. Ол кісі Алматыдан елордаға қоныс аударып, қалалық «Астана ақшамы» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарып жүр екен. Бардым, көрдім, амандастым, таныстым. Отырған кеңсе көзге қораштау, жиһазы да көз тартпайды, бір кабинетте екі-үш адам, жалпы қаланың бас газеті деген атқа сай келіп тұрмаған еді. Бірақ мұндай олқылықтарды елеп, көңіл-күйін жүдетіп отыруға Жәкеңнің уақыты да, құлқы да жоқ сияқты. Айтатыны – жұмыс. Қысқаша жөн сұрастық. Іздеп келгеніме рахмет айтты.

Көп ұзамай Алматыдан тапсырма келді. «Астанаға қоныс аударған қаламгерлер сөйлесін» депті. Тілшіміз Қарашаш Тоқсанбайға тапсырма бердік. Сөйлейтіндер тізіміне Жанболат ағаны да қостық. Ертеңіне Қарашаш тізімге қарап есеп берді. Жанболат Аупбаевқа келгенде: «Ол кісімен сөйлестім. «Тық» еткіземін деп айтты. Дәл мерзімінде беремін дегені ғой» деді. «Тық еткізгені» қызық екен деп іштей күлдім де қойдым. Айтқандай мақала уақытында қолымызға тиді.

Арада көп күндер өткен жоқ. «Егеменде» басшылық ауысты, ұзақ жылдар орынбасар болған Ерағаң басшының орнын басты, тізгінді қолына алды. Осы тұста министрлік ұйғаруымен мен бірінші орынбасар, Жәкең орынбасар болып тағайындалды. Содан бастап он тоғыз жылдай жұп жазбастан тізе қоса, ағалы-інілі кісілердей сыйластықпен еңбек еттік. Жәкеңнің жанында осы уақыттарда бірге жүргенде аңғарғаным, шынында да кез келген нәрсені ол кісі «тық еткізеді» екен. Бұл әкеден қонған-ау, шамасы. Әлихан ақсақал – ауылдың ұстасы, он саусағынан өнері тамған сыйлы кісі деуші еді. Ойға алған немесе уәде етілген істі дер кезінде, әрі нақты да жинақы етіп орындау – міне, «тық еткізу» формуласы осы болып шықты. Бос уәде, пайдасы жоқ уағыз, көл-көсір ақыл, көлгірсу, көсемсу мен шешенсуден арыла, құтыла алмай келе жатқан қазақ журналистикасы үшін жинақылық пен дәлдік, анықтық пен нақтылық ертеңгі күнге абыроймен жеткізетін жол ғой. Сол жолдарға адастырмас бағдардың бірі – Жанболат ­Аупбаевтың өнегелі ісі. Жеткен биігі. Мектебі. Ағамыз үшін өмір сүру формуласы міне, осыдан жəне қазақылық, қарапайымдылық, адалдық, өзіндік бай ішкі мəдениеттен тұрады. Біз бұл кісіні сол үшін жақсы көреміз. Қадірлеп, құрмет тұтамыз. Бір әттеген-айы блогерлер мен әуесқойлар қаптаған заманда классикалық журналистиканың ең соңғы көрнекті өкілі осы Жанболат аға болып қала ма деген қауіп те бар көңілде. Өмірінің мағынасын журналистикадан тауып, бүкіл ғұмырын сүйікті мамандығына арнаған, үнемі қағылез қалпынан таймай, құлағы түрік болып, ашылмаған аралдарға саяхаттап жүретін, қайталанбас кейіпкер мен ерекше оқиға үшін алтын уақытын сарп еткен,жайлы орынға,  ғылыми атаққа, марапатқа мойын бұрмаған Жанболат ­Аупбаевтың өнегесі мен мектебі бүгінгі буын үшін қадірлі. Қысқасы, Жанболат Аупбаев тынымсыз еңбегі арқылы уақыт шаңына көмілген, қалтарыста қалған талай көмбені аршып алып, елінің назарына ұсынды. Сол арқылы өзі де елінің назарына ілініп құрметке, абыройға бөленді.

Жақсыбай САМРАТ, жазушы, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты:

Жүрегі жылы жан

– Жанболат ағаны білгеніме жиырма жылға жуықтап барады. Әсіресе, «Егеменге» жұмысқа шыққан күнгі оқиға есімде қалыпты. Ол кезде «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамының президенті Ержұман Смайыл аға еді. Ол мені жұмысқа қабылдап, ұжымға хабарлағаннан кейін бас редактор Жанболат Аупбаев барлық адамдармен таныстырып, қызмет орындарын көрсетті. Соның ішінде асхана мен бухгалтерияны да қалдырмай: «Мына жерде отырып тамақ ішесің, ана жерден есеп айырысасың, ақшаң болмай қалса – жаздырып кетуіңе болады» деп бәрін мұқият түсіндірді. Ол кездегі «Егемен»-де басшыларымыз да Сауытбек Абдрахманов, Ержұман Смайыл, Еркін Қыдыр адамдарға жақсылық ойлауды, жайлы жағдай жасауды үнемі ескеріп, қолдарынан келгенін жасап отыратын еді. Сол үрдіспен бас редактор Жанболат аға да маған барлық нәрсені түсіндіріп, барлық ыңғайлы жайды жасап бағуға тырысты. Бірде Еркін: «Қызметке шақыртып алған адам ретінде сенің пәтерақыңды да төлеп тұруымыз керек» деп арнайы бұйрық шығартып, қашан үй алғанымша пәтерақы үшін ақша да бөлдіріп тұрған еді. Әрине, мұндай жақсылықтар ұмытылмайды.

Жанболат Аупбаев ағамыз Алматы облысындағы Нарынқол ауданының тумасы екен. КазГУ-де оқып жүргенде үш жыл құрылыс отрядына барып, еңбек еткен жеріміз болғандықтан, ол өлке маған жақсы таныс. Адамдары тәртіпті, мәдениетті, бөтенді жатсынбай бауырына тартып тұратын бір мекен еді.

Оның үстіне кітабын басыма жастанып ұйықтайтын сүйікті жазушым Бердібек Соқпақбаевтың ауылы болған соң да бұл өлкенің бәсі мен үшін арта беретін. Жуырда осыдан 21 жыл бұрын жабылып қалған Нарынқол ауданы қайта ашылды дегенді естігенде қатты қуанып қалдым…

Сол өңірден болған соң да мен Жанболат ағаны бірден іш тартып кеттім. «Егеменге» келгенде маған алғашқы тапсырманы да сол кісі беріп еді. Әлі есімде, ол әрбір сөзін нығырлай айтып: «Бізге Үкімет топик дегенді береді» деп бастап, соның негізінде мақала жазу керектігін ежелей түсіндірді. «Асықпай оқып шық, топиктегі проблемаларды айқындап ал, соған бір жұма уақыт беремін» деген еді. Ол кезде жұмысқа құлшынып тұратын кезіміз, жатпай-тұрмай айналысып, мақаланы үш күнде дайын қылып, апарып бердім. Жәкең маған сенімсіздеу көз тастап, алып қалған. Артынан сол мақала ілездемеде аталып өтіп, жақсы жазылғаны айтылды.

Бертін келе Жәкеңді тереңірек тани түстім. Оның жұмысқа әбден берілген және оны жақсы көретін, өз ісінің маманы екенін таныдым. Кейде жұмыстың проблемаларына басы-бойымен тереңдеп еніп, өзге дүниені ұмытып та кететін. Сөйтіп тұрып жадының мықтылығымен талай рет таңғалдырған еді. Біреу туралы мақаланы немесе белгілі бір адам жайлы жазылған қызықты деректі ол қай жылдың қай айының қай нөміріне шыққанына дейін айтып бере алатын. Журналистік құмарлығы да айрықша екен. Өте ізденгіш, тың тақырыптарды жазуға бейім жан. Жұрт күнде көріп жүрсе де маңызына мән бере қоймайтын дүниелерді оның жұрттың жетесіне жеткізіп, таныстыра алатын артықшылықтары бар болып шықты. Бірде «Егеменге» «Петропавлдағы пальма» деген мақаласы жарқ ете қалды. Өзім сол жердікі болған соң Равиль Рязапов деген жанкешті әуесқойдың басшылығымен ет комбинатының ауласына өсірілген сол «Қысқы бақты» мен де жақсы білетін едім, алайда онда пальма өсірілгендігіне соншалықты мән бере қоймаппын. Жәкең соған халық назарын аударып, таңырқата жазып шыққан еді.

Көрініп тұрған тақырыпқа көз тоқтатпай, аттап кететін басымыз осындайдан кейін көрген нәрсемізге көп ойланатын болдық. Міне, бұл Жәкеңнің жақсы әсері деп білемін. Оның ізденгіштігі кейде республика шеңберінен де асып кетіп жатады. Белгілі жазушы Юлиан Семеновтің 80 жылдығына байланысты оның қызынан сұхбат алуға көп тер төкті десек артық айтқандық емес. Барлық сұрақтарын орысшаға аударып, қыздың мекенжайын талмай тауып, оның атына салып та жіберген еді.

Жанболат ағаның тағы бір айрықша қасиеті – оның тақырып қойғыштығы. Қысқа ғана, мақаланың мазмұнына дөп келетін небір әдемі атауларды ол дәл тауып, «тық еткізіп» қоятын еді. «Тық еткізіп» деген де Жәкеңнің өз сөзі. Қызығасың… Бұл оның ойының ұшқырлығын айғақтаса керек.

Барлық талантты адамдар секілді Жәкеңнің де айрықша мінездері болып қалады. Кейде ол кісі тым күйгелектеніп, аяқ астынан туып қалған бір болмашы проблеманы жанының ең терең, ең нәзік түкпірлеріне дейін қабылдап, қатты күйініп қалатын. Ондайда Жәкеңнің көзіне түспеуге тырысып, сырттап кетесің. Бірақ тағы бір айналып барсаң, түк болмағандай өзіне тән ерекше күлкісімен жарқылдай күліп отырған Жәкеңді көресің… «Жақсының ашуы – жібек орамал кепкенше» деген сөз осындайдан айтылса керек.

Жәкең туралы замандасы, курстасы, белгілі ақын Жүрсін Ерманның: «Жанболат біздің мәңгілік бала бейнеміз сияқты» деген сөздері өте дөп айтылған тәрізді. Жәкең – өзінің балалық пәк, ақ сезімді жүрегіне әлі кір жұқтырмаған жан. Ізденгіш, өмірдің қызығы мен шыжығына қызыққыш журналист, алымды шығармашылық иесі Жанболат Аупбаев ағамыздың денсаулығының мықты болып, ата жасында да арынынан таймауын тілеймін.

Бірде Сауытбек досымыз Жанболат жайында жақсы сөз айтты. Сол менің көкейіме де әбден қонды. Онда: «Бізде қалам ұстауын журналистикадан бастаған таланттар біраздан кейін жазушылыққа, ақындыққа, қызметке бой ұратын дәстүр болатын. Ал Жәкең сол алғашқы бағытынан таймай, қазір бүкіл республикамызға танымал көрнекті журналист болды» деді

Петропавл

 Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны:

Жұмбақ жұлдыз

Сарбас ағам деген екен шарболат,

Бұл – дәл баға, демеңіздер жалған ат.

Ер жасына келіп қапты елеусіз,

Жұлдыздардың ең жұмбағы – Жанболат

 

Еңбек еткен терін төгіп жұрты үшін,

Жанболаттай болса деймін бір кісің.

Атын оның барлық қазақ біледі,

Танымауы мүмкін бірақ түр-түсін.

 

Әр еңбегі алтын толы көмбелер,

Нардың жүгін қанжығаға өңгерер.

Төсін соғып, кеуде керсе басқалар,

Көзге түспей күн кешкенді жөн көрер.

 

Дәл Жәкеңдей ибалыны, арлыны,

Көріп жүру қандай бақыт әр күні.

Күндіз-түні жұп жазбайтын кездерде,

Байқалмайды қатарыңда барлығы.

 

Қалам тартпай босқа кеткен жоқ күні,

Басқалардан биік тұрар шоқтығы.

Қолда барда қадірі жоқ алтындай,

Бір-ақ сәтте сезіледі жоқтығы.

 

Талайларға тиіп те жүр қол ұшы,

Орындалған ел алдында борышы.

Етжеңді қып еселеген беделін,

«Егеменнің» адал еңбек торысы.

 

Бұл өмірге қонақпыз ғой аз-ақ күн,

Аяулы әке, адал жары Ләззаттың.

Жанболаттай болсын ұлттың бір ұлы,

Қарапайым дәл өзіндей қазақтың.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button