Жаңалықтар

Журналистің жүрек сөзі

«Шынның жүзі». Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің жаңа кітабы осылай аталады. Кітапқа автордың төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған кезде жазған мақалалары, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, Үкіметке жолдаған депутаттық сауалдары мен алқалы жиындарда ортаға тастаған ой-толғамдары топтастырылыпты.

Кезінде журналистер арасында жүргізілген сауалдама қорытындысы бойынша Жарасбай Сүлейменовтің төртінші шақырылымдағы ең белсенді депутаттар қатарында аталғанын, қоғам өмірінің өзекті мәселелерін батыл кө­те­­руімен дараланғанын білуші едік. Содан да болар, баспахана бояуы әлі кеуіп үлгер­ме­ген кітап қолымызға тиісімен бойымызды қызығушылық баурап, бір демде оқып шықтық.

Ел тарихында Парламент депутаты болып сайланған журналистер көп емес. Жарасбай Сүлейменов – сол санаулылардың бірі. Ал осы уақыт ішінде ол не тындырды дегенге келсек, бұл туралы автордың өзі кітаптың алғысөзінде: «Бес жыл бес күндей тез өте шықты дей алмаймын. Бес жылда тағы бір үлкен өмір мектебінен өттім, біраз жайды бастан кешіп, көп нәрсені көңіліме түйдім» дейді. Әрине, кез келген депутатпен салыстырғанда журналист-депутаттың жөні бөлек дейтін болсақ, бұл кітапты сергек ойдың жемісі әрі өзіне сенім білдірген халықтың жайына алаңдаған жүректің лүпілі деуге толық негіз бар.
Кітапқа енген мақалар көлемі жағынан әртүрлі болғанмен, бәрінің де көтерер жүгі салмақты. Мәселен, «Ауылдан көшпе, ағайын!» дейтін шағын мақаладан автордың Парламент партасына отыра салысымен биліктің назарын ауылдағы жағдайға аударғысы келгенін аңғарамыз. Мақаланың өн бойынан ауылдан қалаға қотарыла көшкенде демографиямызға, ана тілімізге қаншалықты зиян келетіні туралы мұң есіп тұр.

Бұдан өзге, «Бесіктен белі шықпай, өмірден неге түңіледі?», «Шыдадық… Тағы қанша күту керек?», «Қосмекендіге – қос азаматтық», «Тәуелсіз елдің топонимикасы да тәуелсіз болуы керек», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», тағы басқа да көптеген мақалалары ұлттың жоғын жоқтап, ұпайын түгендеуге бағытталғаны бір бөлек, депутаттық мансаптың қаламгерге екі есе міндет жүктегенін көрсетеді.

Біз «Шынның жүзінде» депутат-қаламгердің Мәжіліс қабырғасында жолдаған сауалдарының кейбірімен танысып, қордаланған мәселелердің көптігіне, олардың бүгін-ертең шешіле қоюы екіталайлығына, әңгіме тек мәселені қоя білуде емес, бүгін айтып, ертең тайқып кетпейтін ұстанымыңның, сондай-ақ, әрбір сөзің үшін жауап беретін азаматтық бейнеңнің болуында екеніне тағы да бір көз жеткіздік. Премьер-министрдің, бас прокурордың, білім және ғылым министрінің, мәдениет және ақпарат министрінің, көлік және коммуникация ми­нистрінің, басқа түрлі министрлердің атына жолданған депутаттық сауалдар арқылы біз қоғамдағы түйінді мәселелерді әркез дөп басып, ешкімнің қас-қабағына қарамай батыл көтеріп отырған қаламгердің сергектігіне тәнті болдық. Соның ішінде кезінде қоғамда үлкен серпіліс туғызған, елдегі БАҚ атаулы жарыса жазып көрсеткен Петропавл қаласына байырғы Қызылжар атауын қайтару туралы сауалы мен билік басында жүрген азаматтарды жиналыс атаулыны мемлекеттік тілде өткізуге, ресми кездесулерде қазақша сөйлеуге шақырған үндеуін де кездестіріп, жоғалған құнды затымызды қайта тапқандай күй кештік.

Жалпы алғанда, «Шынның жүзі», аты айтып тұрғандай, қоғамдағы келеңсіздіктерге, шешілмеген түйіндерге бей-жай қарай алмайтын, ұлт болашағына қатысты мәселелерді орап өтпейтін азаматтың жүрек сөзі деуге тұратын құнды дүние екенін баса айтқымыз келеді. Оған есімі елімізге жақсы таныс қаламгердің жаңа еңбегімен танысқан әркімнің де көз жеткізеріне сенімдіміз.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button