Жаңалықтар

Жұрт жүрегінен шыққан

Кеше елордадағы Жазушылар үйінде ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері ­Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылады. Дөңгелек үстел басында ­өткен талқыны Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры ­Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

[smartslider3 slider=2474]

– Мен жақында Жолдауды жұрт өте жылы қабылдағанына куә болып қайттым. Қызылжарда Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығына, Сафуан Шәймерденовтің 100 жылдығына, Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына орай арнаулы конференция өтті, ертеңінде аламан айтысқа кезек берілді. Сол айтыста Жүрсін Ерман ағамыз ақындарды жаңадан құрылатын Абай облысының, Ұлытау облысының ақыны деп сахнаға шақырған кезде халықтың дүркіретіп шапалақ соғып отырғанынан-ақ олардың көңіл түкпіріндегі ерекше бір қуанышын көргендей болдық. Демек, Жолдау жұртқа ұнады. Ал Жолдауда айтылған партиялардың мүмкіндіктерін теңестіру мәселесі де біздің елдің демократиялық бағытқа жасаған маңызды қадамы деп ойлаймын. Президенттің ешқандай партияға жетекшілік етпей, дербес болуы да билік жүйесіндегі тың өзгеріс. Ал кейбір облыстардың қайта ашылуы иен қалған шекараларымызды қайта халыққа толтыруға мүмкіндік береді. Жалпы Жолдау Қазақстан халқына жаңа үміт сыйлады. Ендігі мәселе онда айтылған түйіндерді рет-ретімен жүзеге асыруға байланысты, – деді ол.

Осыдан кейін қаламгерлер ­кезек-кезек сөз алып, Жолдаудағы жарқын түйіндерге тоқталды.

«Бұл еліміздің тарихындағы дамудың жаңа белесіне өтудің жолын көрсеткен тарихи Жолдау болды. Бұрын көптеген реформалар қағаз жүзінде ғана қалып қоятын. Ал бұл Жолдаудың бағыт-бағдары, мақсат-міндеті айқын. Президент ел дамуының халық көңілінен шығатын түйіндерді айрықша атап, оны саяси тұрғыдан сенімді түрде нақтылап берді. Қоғамды басқарудың демократиялық, жаңашыл үрдісіне батыл қадам басуды жедел жүзеге асырудың маңызына ден қойды. Жоғары билік өкілдеріне, сайлау жүйесіне халық сенімінен шығып, беделін арттыратын міндеттерді жүктеді. Ел Президентінің жоғары билікті саяси жағынан реформалаудың қажеттілігі пісіп-жетілгендігі жөніндегі пайымы халық қолдауын табатыны сөзсіз. Авторитарлық жүйенің қоғамды рухани, әлеуметтік және экономикалық жағынан тоқыратқан келеңсіздіктерінің салдарынан түбегейлі арылмайынша, қазақ елінің сындарлы болашағы болмайтынын Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында бұлтарыссыз айтты. Бұл – халық санасын оятатын, жігерлендіретін сөз. Қысқасы, бұл – аты затына сай «Жаңа Қазақстанды» құруға үлкен септігі тиетін Жолдау» деді жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мәди Айымбетов.

Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесінің басшысы Мейрамғазы Сапарғалиев сөз кезегінде Жолдаудың ұлттық идеологияны қалыптастыруға да тың серпін қосатынын айрықша атап, халықтың бұл Жолдаудан үлкен үміт күтіп отырғанын жеткізді.

Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button