Басты ақпаратҚала мен сала

Жұртқа қажет өнімдер үлесі өсті

Мемлекет басшысы өз Жолдауында елде отандық өнім шығаруды көптеп қолға алу керектігін айтқан еді. Жұртты осыған ынталандыру қажеттігін баса айтқан Президент халыққа сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындарды ­көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға басымдық беру жағын да ескертті. «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» деген болатын Мемлекет басшысы.

Астана алдыңғы қатарда 
Былтырғы жылдың қорытындысымен өңірлер арасында ең жоғары экономикалық өнім көрсеткіші тіркелген 6 аймақ бар. Соның бірі – Астана. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды. Жиында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдегендей, бас қаланың даму нәтижесі барлық салада да орнықты. Артынша қала әкімі Жеңіс Қасымбек те баяндама жасап, өзі басқарып отырған шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі нәтижелерін айтқан еді.
Қала басшысының сөзінше, былтыр елорданың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 111,5 пайызды құра­ған. Өңірлік өнім көлемі 15 трлн теңгеден асып, бұл көрсеткіш өсімді 6,5-7 пайыз деңгейде қамтып отыр. 2024 жылдың 9 айындағы жалпы өңірлік өнім көлемі – 9,2 трлн теңге, өсім – 6,8 пайыз. Өткен жылы қала экономикасына 1,9 трлн теңге ин­вес­тиция тартылған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 13 пайызға жоғары. Соның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 70 пайызды құрап, 7,2 пайызға өскен (1,3 трлн теңге).
«Қала экономикасының негізі шағын және орта бизнес болып қала береді. Елорданың жалпы өңірлік өнім құрылымындағы шағын және орта бизнес үлесі 72 пайызды құрайды, бұл республикалық орташа деңгейден 2 есе жоғары. Былтыр жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,2 пайызға өсті. Мұндай нәтиже, ең алдымен, жүйелі мемлекеттік қолдау мен қолайлы салық режимінің арқасында болып отыр» дейді әкім.
Сондай-ақ елордадағы өнеркәсіп өндірісінің өсімі 6,7 пайызды көрсетіп, 2,5 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 9,8 пайыз өсім бар. Әкімнің айтуынша, елорданың негізгі өнеркәсіптік әлеуеті №1 индустриялық паркте шоғырланған. Оның үлесі елдегі барлық арнайы экономикалық аймақтардың жалпы өндіріс көлемінің 73 пайызын құрап отыр. Тағы бір жаңалық, елорда экономикасын ілгерілету үшін №2 ин­дус­триялық парк құрылысын жобалау жұмыстары жүруде. Ал оның бірінші кезеңі 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланыпты.
Қай салалар басымдыққа ие?
Расымен, елдің бас қаласы бүгінде инвестициялар тарту орталығына, ең үлкен жобалар астанасына айналғалы қашан?! Жыл өткен сайын елордаға салынған инвестициялар көлемі артып келеді. Әріге бармай-ақ былтырғы жылдың өзінде 13,1% өсіммен 1,9 трлн теңге деңгейінде инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке ин­вес­тициялар көлемі 1,3 трлн теңгені құрапты.
«Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы шеңберінде бүгінге дейін елорда аумағында 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция сомасына 129 жоба іске асырылған. Оның ішінде былтыр жоспарланған 22 жоба толығымен іске қосылды. Сонымен қатар, биылғы пул шеңберінде 92,9 млрд теңге сомасына 29 жобаны іске қосу жоспарлануда» дейді «Astana Invest» қалалық ин­вестицияларды дамыту орталығының АЭА жобаларын жүзеге асыру департаментінің директоры Алмат Әлімбай.
Астанада бұл саладағы жұмыс жүйе­сі әбден орныққандай. Инвесторлар мемлекеттік қолдауды, атап айтсақ, инвестициялық келісімшарт негізінде берілетін инвестициялық преференция­ларды, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамаға сәйкес берілетін арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жеңілдіктерін пайдаланып келеді. «Бір терезе» қағидаты бойынша инвестицияларды тарту және сүйемелдеу бойынша жұмыс жүргізетін «Астананың даму орталығы», сондай-ақ елорданың арнайы экономикалық аймақтарын басқарушы компания – «Astana Invest» фронт-офисі инвесторлармен тұрақты байланыста.
Екіншіден, инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде қала бюджеті салық түсімдерін алады. Тұрақты жұмыс орындары құрылатыны тағы белгілі. Бұл бас қаланың болашағын одан әрі бекемдеуге үлкен септігін тигізетіні анық.
Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер салатын ішкі инвестициядан басқа, Астанаға шетелдік кәсіпкерлер де тартылады. Әрі олар үшін бизнес жүргізуге қолайы жағдай тудыруға біздің елдің де себепші болатыны белгілі. Тағы бір айта кететін жайт, елордаға инвестор тартуда көбіне-көп өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, білім, денсаулық сақтау және туризм салалары басым бағытқа ие болып отыр.
Қазір Астана қаласында екі арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді. Бірі – «Астана – жаңа қала», екіншісі – «Астана-Технополис» экономикалық аймағы. Осы АЭА-тың басқарушы компаниясы – «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы. Бүгінде орталыққа қарасты №1 индустриялық парк жергілікті және шетелдік инвесторлар қаржы құйған зауыт пен өндіріс орындары жыл сайын ашылып жатыр. Аталған паркте локомотивтер, электровоздар шығаратын, арнайы киімдер тігетін, оптикалық құрылғылар, жиһаз бен құрылыс материалдары сияқты түрлі отандық өнім шығаратын көптеген кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
30-дан аса кәсіпорын бар
Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжановтың айтуынша, елордада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аграрлық кәсіп­орындар желісін дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Қазір қаладағы әлеуметтік маңызы бар 3 түрлі азық-түлік өнімін өндіретін 30-дан астам кәсіпорын бар. Оның ішінде 6 ұн тартатын, 28 нан-тоқаш өнімдерін шығаратын және 1 макарон өнімдерін өндіретін компания жұмыс істейді.
«Былтыр елордада 159 мың тоннадан астам азық-түлік өнімі өндірілді. Оның ішінде 124,6 мың тонна ұн, 15,5 мың тонна нан, 19,3 мың тонна макарон өнімдері бар. Сондай-ақ алдағы 2025-2027 жылдары Астанада аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласында 181 миллиард теңге көлемінде 7 инвестициялық жоба іске асырылып, шамамен 1,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар арасында дайын тағамдар мен жартылай фабрикаттар шығаратын, сүт өңдеу, бидайды терең өңдейтін зауыттар және көкөніс сақтау қоймалары бар. Бұл жобаларды 2027 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр» дейді Х.Әкімжанов.
Басқарма басшысының сөзінше, Мемлекет басшысының көкөніс сақтау қоймаларының қуатын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында 2023 жылы Астанада жалпы сыйымды­лығы 13 мың тонна болатын 2 көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді. 2026 жылы инвестициялық жобалар тізіміне енгізілген тағы бір көкөніс сақтау қоймасы іске қосылмақ. Қазір елордада жалпы сыйымдылығы 47,5 мың тонна болатын 8 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр.
Сөрелерде отандық  өнім үлесі артады
Жақында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Алматыдағы ірі сауда желілерін аралап, сауда субъектілерінің өкілдерімен кездескен еді. Кездесуде дүкен сөрелеріндегі отандық өнімдердің үлесін арттыру мәселесі талқыланды. Министрдің айтуынша, аталған мегаполистегі сауда желілерінің елеулі бөлігін отандық өнімдер құрайды. Мұның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар, әсіресе сүт өнімдерінің 97%-ы Қазақстанда өндірілген.
«Біз отандық фермерлермен және өндірушілермен тығыз жұмыс істейміз, олардың өнімдерін сауда желілерімізге жеткізуге күш салып жатырмыз. Ірі сауда желілеріндегі көкөністердің барлығы – қазақстандық фермерлердің өнімі. Сондай-ақ құс еті мен өсімдік майы сияқты басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдердің үлесін арттыру маңыз­ды қадам болып отыр» деді министр.
Отандық өндірушілерді одан әрі қолдау мақсатында министр бірқатар бекітілген міндеттемелер туралы айтты. Атап айтқанда, «Қазақстанда жасалған» деген арнайы белгілердің болуы міндеттелген. Сонымен қатар, ішкі сауданы қолдау функциясының заңнамалық түрде Сауда министрлігіне берілуі отандық өндірушілерге үлкен мүмкіндік болып отыр. Бұл шара мемлекеттік қолдау алған сауда объектілеріне сөре кеңістігін 20%-ға арттыруды міндеттейді.
Енді дүкен сөрелерінің кемінде 50%-ы отандық азық-түлік өнімдерімен, ал 20%-ы кемінде тұрмыстық тауарлармен толтырылуы тиіс. Әрі бұл тауарлар тұтынушылар үшін көрнекі әрі қолжетімді жерлерге орналастырылуы керек.
«Тұтынушыларды алдауға жол бермеу үшін біз тауарлардың сапасы мен орналасуына қойылатын талаптарды күшейттік. Мысалы, тауарлар дұрыс көршілестік қағидаты бойынша орналастырылуы тиіс. Сүт өнімдері сүт сусындарымен, ал май – майдың балама түрімен қатар тұрмауы қажет» дейді өз сөзінде Арман Шаққалиев.
Министр айтқан отандық өнім мен тауарлардың көпшілікке қолжетімді болуы тек Алматы ғана емес, барлық өңірлерге де тиісті міндет екені белгілі. Әрі бұл елге қажеттіні өз елімізде өндіріп отырған кәсіпкерлер үшін де үлкен қолдау болары анық.
Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button