Басты ақпаратҚоғам

Жұртым деген жігіт болатын…

1998 жылы мен «Арқа ажары» газетіне жұмысқа орналасқанда, Жықаң 44 жаста, «зам» (өзінің айтуынша – «сам»), мінезі әлі бастықпаған асау, ойнақшып тұрған шағы. Бас редактор Жомарт (Әбдіхалық), ағалары Ілияс (Қарагөзин), Амангелді (Жұмабек), Бәдуан (Имашұлы), іні-құрдастары, замандастары Төлеген (Ілдебаев), Талғат (Қасен), Орынбай (Балмұрат), Амантай (Әбілұлы), Асқат Ахметов, Асқат (Жүнісұлы), Марат (Дәдікбай), Жұмабике (Егінбаева) апам бар, секретариаттағы жеңгейлер – тіршілігі қайнап жатқан ұжым еді. Бұл азаматтардың біразы қазір өмірде жоқ. Ол кезде ең жасы 40-қа іліккен болар. Мен – 27-де. Ағалардың «барып кел, алып келіне» шауып жүруге менен лайық адам жоқ.

…Содан бері Жықаңмен жұп жазбаппын. Журналистикадағы ұстазым болды. Тіпті жұмыс ауыстырып кеткенде де жиі жолығысып жатамыз. Астана мен Көкшетаудың арасында нөсерлетіп өтті-кетті қайран күндер. Қарағандыға, тіпті Қарқаралыға, ауылға арнайы іздеп келгені бар. Әйтпесе телефонмен сөйлесіп тұрдық. Ол маған туғанымдай жақын болып кетті. Бүкпесіз аға-інідей араластық.

Қайран, Жықа! Пейілі аппақ таза еді. Иә, тентек, қияңқылығы көп, жағымпаздықты, пысықайлықты, жасандылықты ұнатпайды, бірақ өзім деген адамға өзегін жарып беретін біреу болса – ол осы кісі! Мәрт! Бір сөзді! Жықаң айтты ма, болды! Орындайды. Қалтасындағы соңғы ақшасын беріп кетуі бар. Ондай да болған. Ақмола астана болып, облыс орталығы Көкшетауға көшкенде, сол жерден кор. корпус ашылып, редакция ұжымы жарым-жартылай сал-серілердің еліне қоныс аудардық. Корпункттің бастығы – Төлеген Қажыбаев. Жықаң бірде елордадан желдіртіп облыс әкімінің әлдебір жиналысына келе қалғанда, Төкең: «Сендер, Жомарт екеуің, бір-бір машинаны мініп алдыңдар, мен жаяу жүрмін» дегенінде, «бопты, сіз мініңіз» деп, көліктің кілтін кідірместен ол кісінің қолына ұстата салуы мәрттік емей немене?!

Өжет, өткір. Сонау 1979 жылы жарқылдаған 25 жасында Кремльдің Ерейменде Неміс автономиясын құрамыз деген жоспарына ашық қарсы шығып, КГБ-ның түрмесіне «қонақ» болып қайтуы – екінің бірінің батылы жете бермейтін қайсарлық. Сағы сынған жоқ. Сол беті «ұлтым» деп өтті. Ол кісінің қай шығармасынан да елін сүйген ердің жүрек бүлкілін сезесің. Әр заманның өз батыры бар. Жылқыбай Жағыпарұлы – өз заманының батыры. Қарапайым ғана отаншыл көп қазақтың бірі, намысты ұлы. Міне, нағыз қазақ осындай болады деп көрсетуге лайық тұлға.

Жықаң көп жазды. Әсіресе зейнетке шыққаннан кейін өндіртіп жазды. Бірнеше кітабы шықты. Кейінгі «Қарасартын» оқып, кереметтей суреткерлігіне, сюжетті шиеленістіре білетін шеберлігіне таңғалғанмын. «Режиммен ұйықтап, режиммен тұрамын, режиммен жазамын, демаламын» дегенінде, «Ойбай, аға, сіз де қартаяйын деген екенсіз ғой» деп күлгенім бар.

Марқұм моншаны жақсы көрді. Мен өзім жылда қайыңның жапырақтарын дайындаймын. Содан оншақтысын ағама апарып беретінмін. Ондай кездері екеуміз жарты күн-бір күн көсіле әңгімелесіп, моншалатып ұзаққа кетеміз.

Ақырғы рет Жықаң қайтардан 2-3 ай бұрын телефон соғып едім, қаңғалақтап қуанып қалғанын дауысынан білдім. «Кел де кел» деп бастырмалата шақыртып алып, үйіне түс ауа барған мен жеңгейдің дастарханын әлденеше қайтара жайдыртып, әбден қараңғы түскенде бір-ақ қайттым. Сол күні ағам әйтеуір бір ерекше жадыраңқы көңіл күйде жүрді. Жұмыс бөлмесіне апарып, жаңадан жазып жатқан «Әулет» романынан үзінді оқыды. Фотоға түстік. Бұл соңғы көруім екен.

…Марқұмның жаназасын шығарып, мәйіт­ті көлікке салып, жұрт жөңкіле жөнелгенде, жан-жағыма алақтап Жықаңды іздедім. Анау ақ кебінде оранып жатқан жан қимас ағам емес, басқа біреу сияқты. Көзім көріп тұрғанмен, көңілім сенбейді. Бірақ қазаның кәміл екенін өмір мойындатты. Арада сегіз ай өтті. Уақыт өткен сайын жақсы ағаға деген сағыныш үдеп бара жатқандай. Рухың пейіште шалқысын, қайран Жақам-ау!

Дәулет АСАУ, «Jana bastau» газетінің бас редакторы

Ұлы жолдың бойында

Жылқыбай Жағыпарұлының рухына

Талпынған жақсы ортаға тап болады,

Жалғадың Қарқаралы-Ақмоланы;

Жарасып жақсылармен, қалам тербеп,

Басыңа сол достармен бақ қонады!..

 

Қайсар жан қиындықтан жасқана ма,

Тасырлап жан бітірген «тас» қалаға;

Бірі едің ел намысын ту еткеннің,

Ақмола айналғанда Астанаға!..

 

Алаштың ащы зарын жазып өттің,

Ақ сөйлеп ақиқатты азық еттің:

Қалпымен қарға бойлы Қазтуғанның,

Салтымен қастерлі атаң Қазыбектің!..

 

Бір атаң самғатып ән, сапырған күй,

Тура айтқан туғанына ақын Мәди;

Сені де құрметтеп ел белгі қойса,

Үлкен сый – «Тақта қойған» атыңдағы үй!..

 

Сүрінді-ау атың, әттең, жол бойында,

Амал жоқ апат деген ол дойырға?!.

Дос-жаран тілеу тілер, сенің-дағы,

Халқыңның даңғыл жолы болды ойыңда!..

 

Сұм тағдыр бір бақ сыйлап, бір сынаған,

Шығандап шығады өрге шыншыл адам;

Жаңғыртты жан достарың жақсы атыңды,

Жұртым деп жігіт едің тыншымаған!..

 

Тұғырда шын ақиқат тұрсын аман,

Сендей де халқым Хақтан ұл сұраған;

Ұрпақпен бірге жасап өшпес рухың,

Бойында ұлы жолдың жүрсін әман!..

Тортай Сәдуақас

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button