Сұхбат

ЖҰТҚАН АУАҢ, ІШКЕН СУЫҢ – БӘРІ БАҚЫЛАУДА

ekologiya-foto-1

Өркениетті әлемде қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігі үлкен маңызға ие. Қазіргі техниканың дамыған дәуірінде ауаға улы газдың көптеп шығуына, сөйтіп, қала тазалығының бұзылуына ықпал ететін жағдайлар аз болмайды. Тұрғындары сегіз жүз мыңнан асқан еліміздің бас шаһарындағы жай ахуал туралы елордалық Экология департаментінің басшысы Ардақ Райымбеков әңгімелейді.

Қаламызда экологиялық ахуал қалай?

-Қалада экологиялық жағдай қалыпты деп айтуға болады. Енді күл-қоқыстарды белгіленген жерлерге апармай, орта жолға немесе үйлердің кіреберістеріне тастап кететіндер туралы әңгіме басқа.  Расы керек, біз көп жағдайда полиэтилен пакеттерінің айналаға шашылып, тұрғындардың заңды наразылығын туғызатыны туралы жиі естиміз. Бізге «неге оның өндірісіне тыйым салмайсыздар?» деген сауалдар қояды. Мойындау керек, біздің оның өндірісін тоқтатуға құқымыз жоқ. Ұсыныстар жасап жатырмыз. Ал, тереңірек үңілсек, мәселе оның өндірісіне тыйым салуда емес. Менталитетімізді өзгерту қажет. Адамдарда ұқыптылық, жинақылық, мәдениет жетісіңкіремейді. Сол пакеттерді кез келген жерге тастай салмай, қоқыс жәшігіне жөндеп салса, тазалық сақталар еді.

Пайдаланылған автомобиль шиналарына байланысты да  осыны айтуға болады. Кез келген қоқысқа тастамай, пайдаланылған шиналарды жинайтын арнаулы орындарға тапсырса деген өтініш бар.

-Ауа құрамындағы түтін туралы не айтасыз?

-Әр аптада сайын жол полициясы басқармасына бес жүз автомашина тіркеледі екен. Елордада көлік күннен-күнге көбейіп барады. Жол қиылыстарында кептелістер де аз болмайды. Міне, осындай кезде автомашиналардан шығатын зиянды заттар ауаға таралары сөзсіз. Бұл бүгінгі күнгі үлкен мәселе болып отыр. Одан құтылудың түрлі жолдары іздестірілуде. Атап айтқанда, көшелерді кеңейтіп, жол айырықтары мен айналма жолдар салу қолға алынуда. Автомобильдерге жанар майды үнемдеп, зиянды заттардың ауаға таралуын төмендететін арнаулы сүзгі-құрылғылар орнату ұсынылуда. Ең бастысы, жанар маймен жүретін автомобильдерді  газға көшіру үрдісі байқалады.  Сондай-ақ, қалада алдағы уақытта баламалы көлік ретінде жер үстімен де, жер астымен де  жүретін  жеңіл рельсті трамвайлар пайдаланылады.

-Ішіп жүрген суымыздың сапасы қандай

– Біздің өз зертханамыз, талдау-бақылау бөліміміз бар. Ауаның, су ресурстарының, топырақтың ластануын тексеру үшін осы зертханада жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, департаментте ауыз судың сапасына мемлекеттік экологиялық сараптама да жүргізіледі.  Қалаға ауыз су негізі, Вячеслав су қоймасынан беріледі.   Бүгінгі таңдағы мәліметтер бойынша ондағы су таза, сапалы. Айтқым келгені, су қоймасынан су қалаға он жеті сүзгіден өтіп барып, тазарып жетеді. Сондықтан, ішіп жүрген суыңыздың құрамына секемденбей-ақ қойыңыз, бәрі бақылауда.

Түптеп келгенде, біз­дің жұмысымыздың мәні де табиғат қорғау заңдылық­тарының сақтал­уына бақылау жасау ғой. Осы бағытта Бас прокуратурамен келісіп, министрлік бекіткен жоспарлы тексерулер жүргіземіз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button