Басты ақпарат

ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР…

ERA_3632

«Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, өз білімдерін дәлелдеген елорда мектептерінің биылғы 112 түлегіне «Алтын белгі» табыстады. Салтанатты шараға ҚР Парламенті мен қалалық мәслихат депутаттары, қала басшылығы, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше назарының арқасында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Келешекте мемлекетімізді және Астанамызды одан көркейту ісіне өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін, – деді Ә.Жақсыбеков.
Елорда мектептеріндегі білім беру деңгейі жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда Астана білім сапасы жағынан өзге өңірлерден оқ бойы озып, бірінші орынға шықты. Бұған 2011-2020 жылдарға арналған ҚР білім саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бас қалада табысты жүзеге асырылып жатқандығы сеп болуда. Жақында ғана бекітілген ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған меморандум елордадағы білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге шығарып отыр. Түлектерді құттықтай келе, қала басшысы аталмыш салада және алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстар жайынан хабар берді.
Оның айтуынша, елордадағы білім саласының инфрақұрылымдық даму жағдайына барынша көңіл бөлінуде. Астананың он жеті жылдық тарихы ішінде 44 мектеп бой көтерді. Биыл тағы 5075 орынға шақталған жалпы білім беретін бес мектеп пен 1050 орындық қосымша ғимарат салынбақ.
Былтыр елордадағы «Алтын белгі» иегер­лерінің саны 94 болса, биыл осы көрсеткіш 112-ге дейін арта түскен. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша Астана қаласы орташа есеппен 86,26 балл көрсеткішін бағындырып, биыл тұңғыш рет бірінші орынға шықты. Осының өзі Астанадағы білім сапасының өсуі туралы әңгіменің жалаң сөз емес екенін дәлелдейді. Бұған қоса, биыл 35 түлек үздік аттестат иегері атанды. 399 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, 238-і түрлі медальдермен марапатталды.
Осындай мәліметтерді келтірген қала әкімі елордада еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары орналасқандығын, оларда студенттерге заманауи талаптарға сай білім беретін жетекші отандық педагогтар жұмыс істейтіндігін айта келе, мемлекетімізде баламасы жоқ Назарбаев университетін мысал ретінде алға тартты.
Сән-салтанаты жарасқан шарада үлкен өмірге қадам басқан түлектер де аянып қалмады. Олардың арасында Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында ең жоғары 125 балл жинаған №59 орта мектебінің түлегі Риана Мұстафина шаршы топтан суырылып шығып, сөз сөйледі.
– Елбасы өз Жолдауында «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» деп, бізге үлкен сенімін артып отыр. Қазақстанның өркендеп дамуы, алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарынан көріну үшін аянбай еңбек етеміз. Елордамыз – бірлік пен ынтымақтың, тәуелсіздік пен еркіндіктің символы болып, таңымызды – арайға, күнімізді – игілікке бөлейтін қалаға айналып, көркейе берсін! Біздің жетістігіміз – Астананың жетістігі. Біз Отанымыз бен сүйікті қаламыздың алдында, ұстаздарымыз бен ата-аналарымыз ал­дында үлкен жауапкершілік алып, жаңа өмірге қадам басқалы отырмыз. Болашақта еліміз бен Астанамыздың гүлденуіне барынша үлес қосамыз, – деді Риана жалынды леппен.
Түлектерді Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, «Алтын белгі – 2014» ие­гері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің студенті Назгүл Есен құттықтап, ақ жол тіледі. ҚР халық әртісі Нұржамал Үсен­баева, ағайынды Жүгінісовтер әннен шашу шашты. Аспанға армандар орындалуының белгісіндей көк және қызыл шарлар ұшырылды. «Алтын белгінің» иегерлері дәстүрлі мектеп вальсі сазымен самал желпіген гүлдей ырғалып, жайқала биледі…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button