Басты ақпаратРуханият

Журналистика жүйрігі

Журналистиканың сан қырына құлаш сермеп, соның бәрін игеретіндер кемде кем. Сөзінің мығым, ойының өткірлігімен сараптамалық хабар жасау шебері ретінде танылған журналистика жүйрігінің бірі – Мақат Кәбірұлы Садық. Суфлерден қарап жатқа оқитын құр диктор емес, өзі «7 күн», «Апта», «Үш анық» секілді сараптамалық апталық шолу хабарларының авторы ретінде тележурналистердің түрлі тақырыптарға тереңдей алатындығын дәлелдеген белгілі журналист күні кеше алпыс деген асуды бағындырды.

Мақат Садық қыз­метін 1989 жылы Қазақ радиосында тілші болып бастағанымен, көгілдір экрандағы сараптамалық хабарларымен көпшілікке кеңінен танылды. Алғашқы талдамалық-сараптамалық «7 күн» бағдарламасының авторы ретінде елдік мүддені жоғары қойды. Оның стилистикасындағы басты ерекшелік – өткір тілімен, мәнерлі сөзімен елдегі жағдайды әлемдегі оқиғалармен салыс­тыра сипаттап, сараптауы. Адамзаттың Абайы шыққан қасиетті өлкеде кіндік қаны тамған ол өзге де қалам ұстаған замандастары секілді бала кезден қазақ, орыс, әлем әдебиетін сүйіп оқыды, салыстыра сипаттау оның бойында сол кезде қалыптасты.
ҚазМУ-дың журналистика факультетінен түлеп ұшқан, бойда білім, ойда тың идеялары мол жас та қарымды маман тәуелсіз Қазақстан телевизиясы құрылып жатқан кезде Қазақ телевизиясында бағдарламалар жетекшісіне тағайындалды.

1995 жылы «Хабар» агенттігінде редактор, комментатор, «7 күн» бағдарламасының авторы, жүргізушісі болды. Екі жылдан кейін «Хабардың» атқарушы продюсері, Астанадағы филиалының жетекшісі қызметі оған сеніп тапсырылды. Тағы екі жылды артқа тастап «Қазақстан» телеарнасында ақпараттық бағдарламалардың бас редакторы, «Үш анық» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі болды. 2000-2005 жылдары «Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің» бас директоры қызметін атқарды. ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, Сенат баспасөз қызметінің жетекшісі, Сенат төрағасының кеңесшісі. «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, «Қазақстан» РТРК» АҚ «Астана» радиосының директоры болып еңбек етті. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, «Алтын жұлдыз» сыйлығының, Қазақстан Президенті грантының иегері атанды.

Деректі фильмге де ден қойды

Шығармашылық жолы тек журналистикамен шектелмей, деректі кино өнерінде де жалғасын тапты. Жүзден астам деректі фильмнің авторы ретінде ұлттық тарихымызды, мәдениетімізді, рухани мұрамызды экран тілімен сөйлетіп, көрерменге ой салды. Бұл тәжірибесін ол «Деректі фильмнен үлкен киноға дейін» кітабында кеңінен толғап жазады. 2000-2005 жылдары ҚР Президенті Телерадиокешенін басқарған уақытта республикамызда 10-15 телефильм жасалатын болса, қазір жыл сайын бір мыңға жуық деректі фильм түсіріледі. Осы саладағы еңбегі лайықты бағаланып, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. 2011-2017 жылдары Қазақ радиоларын басқарған кезінде Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосын толықтай өзін-өзі қаржыландыруға қол жеткізді. Қазақ радиосының мәртебесі өсіп, халықаралық бірнеше марапатқа ие болды. Осы жетістіктер еліміздегі радио саласының жаңаша дамуына серпін берді. Еңбегі еленіп, қазақстандық FM радиоиндустриясын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Аңыз – Легенда FM» арнайы атағы берілді. Өзінің айтуынша, сапалы дүние жасау үшін әр деректі фильмнің еш жерде айтылмаған бір жаңалығы болуы керек.

Көпке құрметті, шәкіртке сыйлы

Халықаралық телевидение және радио академиясының академигі Мақат Садық туралы үзеңгілес әріптестері мен өзі журналистикаға баулыған, соңынан ерген шәкірттері де үнемі жылы лебізін білдіріп жүреді. Солардың бірі, Qazaqstan ұлттық арнасының «Апта» сараптамалық бағдарламасының жетекшісі Жайна Сламбек оның ізденімпаздығын ерекше бағалайды.

– Мақат Садық – елгезек журналист. Эфирге әлі күнге дейін шығуының өзі – соның дәлелі. Бұл оңай емес. Ұзақ дистанцияға жүгіре алатын марафоншы сөйтеді. Екіншіден, «тәжірибем мол» деп тоқмейілсімейтін маман. Сұрақ қойып, үнемі ізденіп жүреді. Қоғам, мемлекет дамуына бейжай қарамайды. Әрине, кез келген азамат, оның ішінде журналист бұл тақырып бойынша бойкүйездік танытпайды дерсіз. Дегенмен кез келген мәселеге «осы жер көктесін, осы ел өркендесін!» дейтін тұрғыдан қарауды «ұмытып кететіндер» аз емес. «7 күн» бағдарламасының тізгінін ұстағанда мен сияқты университетті жаңа бітіріп келген мамандарға сараптамалық материал жасауды сеніп тапсыратын. Ондай сенімнің салмағы да, сенім артылған адамның қадамын әрі қарай сенімді басуына ықпалы да зор болған, – дейді ол.

Танымал жазушы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы және «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты, әрі досы Айгүл Кемелбаева оның қызметі өссе де, мінезі өзгермейтін абзал жан екенін айтады.

– Мәскеудің ең таңдаулы институтын бітіріп келсем де, дұрыс жұмыс бұйырмай, қаламақы жаппай жоғалған өлі­ара кезде, артық адамдай күй кешіп жүр едім. Мақат міне, осы уақытта адамды бағалай алатын көрегендігін танытты. Мені өзінің зайыбы Пәтима Төрәліқызымен таныстырды. Ол мені бір жұмысқа кіргізді. Меніңше, бізге жақсы адамдарды Құдай жолықтырады. Мен үшін Мақат сондай жан, – дейді жазушы.

Артынан ерген әріптес інілерінің бірі, тележүргізуші, журналист Еркін Байғабылұлы Мақат ағасын мықты журналист ғана емес, білікті менеджер ретінде бағалайтынын жеткізді.

– Жаңадан ашылған «7 күн» бағдарламасы сол кезеңдегі ең рейтингі жоғары сараптамалық бағдарламаға айналып, көрермен көңілінен шықты. Жобаның авторы, жетекшісі әрі жүргізушісі ретінде Мәкең сюжет жасайтын журналис­терден жаңашылдықты талап ететін. Кез келген тақырыпты бүге-шігесіне дейін ұңғып зерттеуге назар аударатын. Көтерілген мәселелерді министрліктер мен облыстық әкімдіктер бірден шешуге тырысатын. Бағдарламаның әр санында тек саяси-экономикалық тақырыптар ғана емес, өткір әлеуметтік, қоғамдық және рухани мәселелерді де көтеруге ерекше мән берді. «7 күннің» осы кезеңдегі тағы бір жаңалығы – облыс әкімдерінің рейтингін жариялап отыруы болды. Бұл рейтинг облыс әкімдерінің атқарып жатқан оң жұмыстары мен кемшін кеткен тұстарын саралауға мүмкіндік берді. Мәкең «7 күнге» алғаш майталман газет-журналистерін тартып, мәтіндердің түрлене түсуіне де ықпал етті. «Егемен Қазақстанның» серке журналистерінің бірі Қайнар Олжай ағамыз бағдарламаның бас редакторы әрі сарапшысы болып, телевизиялық мәтіндердің бояуын қанық ете түсті. Қазақ радиосының директоры болған тұста қара шаңырақтың барлық еліміздегі радиолар арасындағы рейтингін жоғары деңгейге көтерді. Іскер басшы «Алтын қордағы» інжу-маржандарымызды рухани танымдық өнім ретінде дискі флеш жады түрінде тыңдарманға жеткізу тетіктерін іске қосты. Шетелдегі қандастарымыз арасында бұл өнім үлкен сұранысқа ие болды, – дейді Е.Байғабылұлы.

«Хабар» телеарнасы «7 күн» бағдарламасының бүгінгі жетекшісі Жігер Сәрсен Мақат Садық бастаған сара жолды абыроймен жалғастыру мүмкіндігіне ие болғанын үлкен мәртебе санайды.

– Мақат ағамыз – біраз жыл мемлекеттік қызметтің де мектебін көрген тәжірибелі маман. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі елең-алаң шақта биліктің айналасында жүрген талай тау тұлғадан сүбелі сұқбаттар алып, тіпті кейбірімен қызметтес болған сәттердегі ерекше оқиғаларды Мақат Кәбірұлы аңыз қылып айта қалғанда, қасында тек құлағыңды тосып тұра бергің келеді. Ондай мезеттер де болып тұрады. Себебі Мақат ағамен бүгінде «Хабардың» үлкен шаңырағы астында қызмет етіп жатырмыз. Әріптес аға-бауыр ретінде жиі көрісіп, шүйір­келесіп тұрамыз. Ақыл-кеңес­терін тыңдаймыз. Қазір ол жүргізетін «Көзқарас» бағдарламасы арнамыздағы өзіндік көрермені бар, қаралымы жоғары өнімдер қатарында тұр, – дейді ол.

Qazaqstan ұлттық арнасының продюсер-жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлы тарлан журналистің талай жас мамандардың танылуына мүмкіндіктер берген, жігерлі сөздерімен қолдай білген ағалық ізгі қасиеттеріне ризашылығын білдірді.

-Оның тұсында Қазақ радиосы мен Шалқар радиосында көптеген жаңа хабарлар ашылды. Ағамыз әсіресе жастарға жақсы көмектесті. Жаңа буынға барынша мүмкіндіктер беріп, қолдап келді. “Сендер қазір шапқылап, барлық ерік-жігермен көрінулерің керек. Өмір енді басталды. Осы тұста бәйгеден қалмасаңдар ертең кеш болады” деп үйрететін. Айта кетуіміз керек, Мақат Кәбірұлының тұсында журналистердің жалақысы көтеріліп, материалдық жағдайы да жақсарып қалған еді, – дейді Е. Көпжасарұлы.

Өмірін мәнді еткен мамандық

Мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Мақат ­Садықты арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Өзіңізді замандастарыңыз кәсіби біліктілігі жоғары журналист, іскер азамат ретінде жақсы біледі. Еңбек жолыңызда отандық медиа саласының дамуына жан-жақты атсалыстыңыз. «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Хабар» агенттігінде жемісті жұмыс атқарып, өзекті тақырыптарды көтерген тележүргізуші болып танылдыңыз. Өзіңіз дайындаған ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Мемлекеттік қызметте жауапты істерді атқарып, билік пен халық арасындағы байланыс­тың нығая түсуіне үлес қосып, сенім үдесінен шыға білдіңіз» деп Президент журналиске шығармашылық табыс тілеген.

– Болмысымнан мемлекетшіл журналист болдым, бірақ мемлекетшіл болу бәрін жаппай мақтау деген сөз емес. Отыз жасымда ақпараттық -сараптамалық бағдарламаны жүргіздім. Біздің сыннан кейін бір облыс әкімі орнынан кетті. Содан әкімдердің, биліктің бәрі хабарымызды қарайтын болды. Әр журналистің өз стилі, ерекшелігі болуы керек. Оларды түзей берсең де өзіндік қолтаңбасы қалыптас­пайды. Қазір мемлекет тарапынан қолдау өте жоғары. Пәтер беріп жатыр. Жалақысы көтерілді. Журналистік зерттеуді дамыту үшін тек осы салада өз алдына бөлек жұмыс істейтін журналистерді көбейту керек шығар. Олардың іссапарлары, зерттеулеріне қаржы қажет. Журналистерге «зерттеме» деп ешкім айтып жатқан жоқ, зерттесе ешкім қолынан қақпайды. Бас редактор 10 пайыз ғана тапсырма бере алады, қалғаны өзінің ізденісіне байланысты. Журналиссің бе, сен қоғамда алғы шепте жүруің керек. Қазір журналистика саласы нағыз қан майданның ортасына айналды. Дүниежүзіндегі қай медиа­ны алмаңыз, кейінгі жылдары журналистика толық өзгеріске ұшырады. Насихат барлық жерде, барлық елде өрлеп тұр. Журналистика принципі насихат жетегінде кетті. Біздің ғасыр қарама-қайшылықтарға толы. Әркім өз жолын ақиқат санайды. Соғыста қолданатын айла-тәсілдердің барлығы да журналистикаға келді, – деп толғайды Мақат Садық.

Бүгінде «Хабар» агенттігіндегі «Көзқарас» бағдарламасы арқылы халқымыздың аяулы ақын-жазушыларын, ойлы азаматтарын елмен қауыштырып, Мемлекет басшысы алға қойған «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын жан-жақты талқылап, халыққа ой салуда. «Айтылған сөз, атылған оқ» дегендей, өзінің журналистік принциптеріне адал болды, сондықтан ештеңеге өкінбейді. Өйткені тағдырын айқындаған журналистика – оның өмір тағылымы.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button