Жаңалықтар

ЖЫЛ БАСТАУЫ — НАУРЫЗ

Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің нышаны. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Аспан денелері ең бастапқы нүктелерінде тоғысады. Күн мен түн теңеледі. Жан-жануарлар төлдерін өргізеді. Сол жарықтық табиғаттың түлеп, жаңаратын шағы – осы Наурыз. Жер үстіне тілмен айтып жеткізгісіз керемет бір шаттық орнай қалады. Наурыз деп отырғанымыз, Жаңа күн деп жар салатын қуанышымыз – осы.

Наурыз көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамы ретінде бағзы замандардан тойланып келеді. Бұл мерекенің дінге, не болмаса жекелеген ұлттарға еш қатысы жоқ. Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Орталық Азия және Кавказ халықтары да мейрам етеді. Наурыз қазақ халқы үшін айрықша сыйымды, артықша дәлелді мейрам болып келеді. Ескіше наурыздың 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық. Тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне барлық тірі жан қуанады.

Табиғат ананың құшағын жібітіп, жаһанға жылулық пен нұр – шуағын шашып, тіршілік атаулыға нәр берген көктемнің көрікті мейрамы – Ұлыстың ұлы күнін еліміздің түкпір-түкпірінде қуанышпен атап өтуде. Төбесі көрініп тұрған жақсылықты лайықты қарсы алу, осыған мәз-мейрам әзірленудің өзі – ғанибет. Тойдың болғанынан боладысы қызық. Той болғанда, қандай той – Наурыз тойы!

Санаулы күндерден кейін Әз Наурыз дүние есігін ашады. Тарих қойнауына тағы бір жылымыз жол тартып, тағы бір жыл табалдырықтан аттайды. Жаңа күн төңірекке нұр-шапағатын төгеді. Жер бетіне жақсылық әкелетін Ұлыстың ұлы күнін шат-шадыман көңілмен қарсы алайық, ағайын!

А.БАҚАШБАЕВА,
Астана қаласы Әділет басқармасының
жетекші маманы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button