Ел тынысы

Жыл бастауы – Наурыз

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі Тәуелсіз Қазақстанның жерінде жасампаздық пен жаңашылдықтың салтанат құруымен құнды. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында ежелден орын алатыны белгілі. Ал осындай көне мерекенің жаңаша сипат алуы Қазақстан жерінде ұлттар арасында бірліктің нығаюы деп білеміз. Осындай пікірімізді растайтын үлкен іс-шараның куәсі болдық.

Астананың Байқоңыр ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Наурыз – жыл басы» тақырыбында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Орталықтың қызмет алушылары үлкен дайындықпен аталмыш мерекені өте жоғары деңгейде атап өтті.

Мерекелік кеште орталық жетекшісі Роза Байсалбаева кіріспе сөз сөйлеп, құттықтап, өз тілегін білдірді.

«Құда түсу» және «Бұлақ көзін ашу» дәстүрі сахналық қойылым түрінде орындалды. Сонымен қатар «Пішу және тігу» үйірмесінің жанынан киізден жасалған және тоқыма бұйымдар мен ұлттық қолданбалы өнер туындысы «Басқұрдың» түрлері көптің назарына ұсынылып, олардың қызығушылығын арттырды. Одан іс-шара мерекелік концерттік бағдарламаға жалғасты.

Мерекеге арнайы шақырылған танымал ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Жанайым Ауғанбайқызы көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады. Ақын бірнеше авторлық өлеңдерін оқып, қатысушылар ықыласына бөленді.

Жиында бата берудің үлгісі көрсетіліп, шашу шашылды. Дәстүрдің мағынасы баса айтылды. Сонымен қатар халық әндері бірнеше тілде шырқалды. Топтық билер де орындалды.

Орталықта елорданың Байқоңыр ауданына қарасты зейнет жасындағы қала тұрғындары әртүрлі үйірмелерге қатысады. Олар – саналы ғұмырын еңбек етуге арнап, барынша белсенді өмір сүруге кіріскен жандар.

Бүгін біз куә болған іс-шарада олар өздерінің өмірге құштарлығын паш етті. Наурыз, көктем, табиғат туралы өлең шумақтарын жатқа мәнерлеп оқып, жиналғандарды қуантты.

Маржан ПІРІМБЕТОВА,

орталық оқытушысы, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button