Әлеумет

Мансап орталығында 785 елордалық жұмысқа орналастырылды

  Биыл жылдың басынан бастап Астанадағы Мансап орталығына 2 830 жастар өтінім қалдырған. Жұмысқа орналастыру шараларымен 1194 адам қамтылып, оның ішінде 785 азамат жұмысқа орналастырылған. Нәтижесінде 112 маман тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Астана қаласының коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

 Бұл туралы бүгін Астана қаласының коммуникациялар қызметінде жастарды жұмыспен қамту: алғашқы жұмыс орны, жастар тәжірибесі және ұрпақтар келісімшарты туралы  өткен брифингте Астана қаласының «Еңбек мобильділігі  орталығы» ҚММ директоры Олжас Омар айтты.

 -673 жас маман жеңілдетілген жұмыс орындырына жіберілді, оның ішінде 114 маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан қолдау алса,  23 маман «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен, 60 маман әлеуметтік жұмыс орындарына, 476 маман қоғамдық жұмыстарға орналыстырылған. Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру Астана қаласының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ басты міндеттерінің бірі болып саналады, – дейді спикер.

Астана қаласының «Еңбек мобильділігі  орталығы» ҚММ директоры жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында іске асып жатқан алғашқы жұмыс орны, жастар тәжірибесі және ұрпақтар келісімшарты сынды  үш бағдарламаға тоқталды.

Алғашқы жұмыс орны – алғаш жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орнын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған жоба. Жобаның шарттары бойынша кепілдендірілген жалақы – 30 АЕК (110 760 теңге) құрайды. Практикадан өту мерзімі еңбек өтіліне есептеледі. Мекемеде тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі артады, ұзақтығы 18 ай. Талап мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы, жасы 35 жастан аспауы тиіс.

Жастар тәжірибесі (практикасы) – колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін арналған. Жұмысқа орналасуға қойылатын талаптар: университет немесе колледж дипломының 5 жылдан аспауы, кәсіби тәжірибенің болмауы, жасы 35 жастан аспауы тиіс. Кепілдендірілген жалақы – 30 АЕК (110 760 теңге) құрайды. Практикадан өту мерзімі еңбек өтіліне есептеледі. Жастарға тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі артады.

Ұрпақтар келісімшарты – зейнеткерлік жасқа толған жұмыс істеп жүрген қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруға арналған. Бұл бағдарлама шарты бойынша жұмысқа орналасатын маманның университет немесе колледж дипломының 3 жылдан аспауы, жасы 35 жастан аспауы тиіс. Кепілді жалақы – 30 АЕК (110 760 теңге) құрайды. Практикадан өту мерзімі еңбек өтіліне есептеледі. Мекемеде тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі артады, ұзақтығы 6 ай.

Сонымен қатар кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталған іс-шаралар аясында «Электрондық еңбек биржасы» арқылы 158 жас, «Bastau Business» кәсіпорнында 220 жас кәсіпкерлік негіздеріне онлайн оқытудан өтті. 2023 жылдан бастап жастарға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастардың өкілдері қатыса алады.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button