Қала мен Сала

Жыл бойы жұмыс істейтін жәрмеңке

Елорданың «Пригородный» шағын ауданында жыл бойы жұмыс істейтін алғашқы ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткен жылдың соңында ашылған болатын. Содан бері жұмысын үздіксіз жүргізіп, тұрғындарға төмен бағамен тауар ұсынып келеді. Күнделікті жұмыс істейтін жәрмеңкеде астаналық жұрт іздегенінің барлығын табады.

[smartslider3 slider=2208]

Ғимарат аумағы 7000 шаршы ­метрді құрайды. Мұнда бір мезетте 150 кәсіпкердің сауда жасауына мүмкіндік бар. Бұл – әзірше бас қаладағы бірінші әрі жалғыз жыл бойы жұмыс істейтін жәрмеңке. Жәрмеңке «Astana» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған.

Мұнда азық-түлік тауарларының барлық түрлері сатылады. Ет, сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөністер, тауық еті мен жұмыртқа, балық, жарма, нан-тоқаш түрлері қаладағы базар бағаларынан төмен. Белгіленген бағалар ғимараттың кіреберісіне және ішіне ілінген. Мысалы, сиыр етінің келісі 2000 теңге болса, тауық етінің келісі 900-1100 теңге аралығында. Жылқы етінің шекті бағасы келісіне 2500 теңгеден аспайды.

«Жергілікті кәсіпкерлерден басқа, Қарағанды, Павлодар, Ақмола секілді көршілес облыстар ауыл шаруашылығы тауарларын осында әкеледі. Алғашқы үш айда біз оларға орындарды тегін беруді жоспарлап отырмыз. Одан кейін жеңілдетілген тарифпен жалға беріледі. Түскен пайда коммуналдық қызметтер бойынша шығындарды жабу үшін жұмсалады» дейді жәрмеңке меңгерушісі Бауыржан Увалиев.

Тиімділігі мол жәрмеңке қаланың базарлары орналасқан маңдағы көлік ағынын азайтып, әуежай бағытындағы тұрғындарды, «Пригородный» шағын ауданындағы 50 мыңға жуық елордалықтарды, оның ішінде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтарды қамтиды. Жыл бойғы ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтетін сауда орталығы «Пригородный» тұрғын алабы, Арнасай көшесі, 109 мекенжайында орналасқан. Аптаның қай күні барсаңыз да сауда орнының есігі ашық.

Байжан  Желден

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button