Жаңалықтар

Жыл – он екi ай

(Жалғасы. Басы газетiмiздiң №30, наурыздың 15-i күнгi санында)

Үркердiң батуы. Кейде мұны «үркердiң жерге түсуi» дейдi. Маусым айының басында үркер мүлде көрiнбей кетедi. «Үркердiң батуы» деп осыны айтады. Содан кейiн 40 күн шiлде басталады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» деген сөз осыдан қалған. Шiлденiң аптап ыстығынан кейiн саршада туатын Үркер бiр-екi күндiк жүрiп өткен жаңбырымен тынысты бiр кеңiтiп тастап отырған, мұны ел Үркер толғағы деп атайды.
Қырық күн шiлде. Маусым, шiлде айында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Осы аптапты күндерге орай халық арасында «қырық күн шiлде» деп аталатын халықтық күнтiзбелiк атау пайда болған.
Үркердiң толғағы. Осылай аталатын мал-жанға жайлы кезең шiлде айының орта кезiнде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.
Таразының тууы. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болады. Алғашқы күз нысаны бiлiне бастайды. «Таразы туса – таң суыр» деген мәтел осындайдан шыққан.
Мизам шуақ. Қыркүйек айының екiншi онкүндiгiнде салқын басталады. Жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседi. Осы кездерде күндiзгi шуақты күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Мұндай жылы мезгiлдердi мизам шуақ деп атайды.
Сүмбiленiң тууы. «Сүмбiле туса – су суыр» деген халық қағидасы бар. Яғни қыркүйектiң соңғы онкүндiгiнде күз келедi. Жауын басталады.
Сүмбiленiң суы жүрдi. Тамыз айында Сүмбiленiң суы жүрмек, сондықтан да Сүмбiленiң суы жүрiп пе екен? – деп сұраған қазақ. Сүмбiле жаңбыры болып өткен жердiң көдесiнiң түбi көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге тебiндеткен.
Қазанның қара дауылы. Қазан айының iшiнде күн суытып, қар аралас жаңбыр болады. Қазанның желi қаққан ащы шөптердi осы амалдан кейiн қой, түйе малдары жеп ащылайды. Мәшһүр Жүсiптiң айтуынша, «Ескiше үшiншi қазанда құмырсқа жер астына кетедi».
Қазанның қағуы. Қазан айында кiшi қазан, үлкен қазан аталатын амалдар бар. Бұл екi амалдың да ұзақтығы он күннен арасына екi апта салып, кезектесiп келедi. Қарттарымыз бұл амалдардың кiруi мен шығуын ескi санат (юлиан) күнтiзбегi бойынша есептейтiн. Кiшi қазанда жел тұрып, күн аздап суытып, жаңбыр жауады. Тұщы шөптердiң бояуы оңып қурайды. Ал ащылы шөптер: шағыр, сораң, қара жусан, алабота, т.б. пiседi, тұшиды. Қазақ бұл құбылысты «шөптi қазанның қағуы» дейдi. Жоғарыда аталған ащылы шөптердi «қазан қақпай мал жемейдi. Сондықтан да мал өсiретiн ел бұл шөптердi «қазан қақпай» шаппайды. Себебi, қазан қақпай шабылған ащылы шөп малдың iшiне тиедi, ас болмайды. Ал үлкен қазанда қар аралас жаңбыр жауады, қатты ұшырма жел болады. Өсiмдiк атаулы түгелге дерлiк қурайды, яғни көктемде бой алып өскен өсiмдiк атаулы қараотқа, бойында нәрi жоқ өлi шөпке айналады. Байырғы кездi қазақтар үлкен қазан амалы жақындағанда-ақ кәрi, ақсақ-тоқсақ малдарды өрiске жiбермей, ауыл маңына ұстайды және олардың iшiнен қазан асын соя да бастайды.
Қарашаның қайтуы. Қараша айында құс оңтүстiкке қайта бастайды. Бұл кезде алғашқы қар түседi. Күн суиды. Қарашаның жиырма бесi – қыс тоқсанының басы, Үркердiң батқан күнi болады. Қарақұйрық ұйығады: адал аңның алды (Мәшһүр Жүсiп).
Бозқыраудың амалы. Қазан айының 20-21-лерi шамасында күн райы салқындай бастайды. Бұл құбылыс «бозқырау» деп те аталған. Бұл суықта алғаш рет көктi үсiк шалып, су бетiне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25-i шамасындағы қардың көрiнуiн «ұшқын» деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5-iнде қар түсiп, жатып қалады. Осы айдың 17-19-ы шамасында қай жылы болмасын жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын есепшiлер күнi бұрын ел құлағына салып отырған.
Қырбастың қызылы. Қазақстанның солтүстiгiнде қыс ерте басталады. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «қырбастың қызылы» деп атайды. Бұл кездерде қатты аязды суықтар болады.
Текебұрқылдақ. Желтоқсанның соңғы онкүндiгiнде қазақ даласында қатты боран соғады. Дәл осы кезде киiк текесi маталады, яғни ұрғашы киiктердi қашырады. Және бұл екi-үш күн iшiнде аяқталады. Мамыр айының аяғында киiктердiң лақтауы 2-3 күннен әрiге созылмауы да осыдан.
Күннiң таласуы. Халықтың айтуында «күн бойы көтердi» дейтiн уақыт қаңтардың алғашқы күнiне сәйкес келедi. Бұл кезде ауа райы өзгередi. Қар жауады немесе сырғыма жүредi.
Қыс шiлдесi. Қаңтардың соңғы күндерiнде қыс күшiне енедi. «Тiпу десе, түкiрiк жерге түспейтiн сақылдаған сары аяздар» басталады. Мұны қазақтар қыс шiлдесi деп атайды.
Бөрi сырғақ. Ақпан айының қысы да ақырып келедi. «Ат құлағы көрiн-бейтiн борандар» осы айларда күш салады. Ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтан кiшi мұзды қар түйiршiктерiн айтады. Көптi көрген көнекөздер бұл амалдың «бөрi сырғақ» деп аталуы да осыдан шыққанын айтып отыратын.
Ақпан-дақпан. Ақпан-дақпан амалы өткеннен кейiнгi құт айындағы ауа райын түске дейiн киiз, түстен кейiн мүйiз деп те атайды. Яғни күннiң көзi шуақталып, ашық күндерi түс қайта жiпсiленденiп тұратын жайын суреттегенi.
Бұған қоса табиғат құбылыстары мен ауа райын бақылауда халықтың өзiндiк тәжiрибелерi мен болжамдарынан терминдерi мен орнымен айтылған қағидалары да – назар аударарлық iс. Мысалы, жаз айларында айтылатын сөздер мен сөз тiркестерi: жаймашуақ, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйiп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық. Көктем айларында айтылатын сөздер мен сөз тiркестерi: шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз.
Қыс айларында үскiрiк, бет қаратпас аяз, «тiпу» десе түкiрiк жерге түспес суық сөздерi айтылады. Қыстың боранды күндерi ақ түтек, ат құлағы көрiнбейтiн боран, сырғыма, жаяу борасын, ақ байтал ала қаншық деп атап, бұрқасын дауылды сәттердi танытады. Күздегi суық «қара суық» жазғытұрғы желдi «самал жел», көктемгi жылы желдi «алтын күрек», күн шығып тұрған кездегi сiркiреген жауынды «соқыр жаңбыр», жаумайтын бұлтты «қысыр бұлт», наурыз айындағы ұзарған күндi «ұзынсары» деп айтатын халықтың әдемi теңеулерi де бар. Қазақ есепшiсi ақиқат дүниеден, табиғи ортадан әртүрлi ақпарат алады, оны өңдейдi, өзiнiң iс-әрекетiнде, қызметiнде оны қолданады, дамытады. Байырғы заман есепшiсi жер бетiндегi табиғат құбылыстарының алдымен қайталанып отыратын ерекшелiктерiне (циклдiк сипатына) ерекше назар аударған: күн суытады, жер бетiн қар басады, күн жылиды, қар еридi, көк шығады, жердiң оты пiседi, шөп басы толады, шөп сарғаяды, жердiң оты кетедi, күн суытады, қар түседi. Бұл құбылыс қайталанып отырады. Әр құбылыстың өз мезгiлi болады. Кейбiр халықтардың байырғы мәдени өмiрiнде бұл табиғи құбылыстар аспан әлемiндегi «қозғалыстармен байланыстыра қарастырылмады», тек жер бетiндегi өзгерiстермен ғана шектелдi. Ал байырғы қазақ есепшiлерi осы қайталама құбылыстарды мезгiлге бөлiп, оның қайталамалық сипатын аспан денелерiнiң қозғалысымен байланыстырып отырады. Оларды қатаң табиғаттың өзi осыған итермеледi. Табиғаттағы стандартты емес, тосын жағдайдан шығудың жолын жер бетiндегi циклден (көктем – жаз – күз – қыс) емес, айдың өзгерiсi мен жұлдыздардың қозғалысынан iздедi. Сөйтiп, күнтiзбе жүйесiнiң алғышарттарын жасады.

Әбутәлiп ОРЫНҒАЗЫ,
филология ғылымдарының кандидаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button