Білім

Жыл оқушысы – Толғанай



Бас қалада арманын Алаш идеясымен үн­дестіріп, алға қойған мақсат-мүддесін туған халқының болашағымен байланыстыруға құштар саналы ұрпақ өсіп келеді. Солардың бірі – елордадағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейдің 7 «Ә» сынып оқушысы Толғанай Есілбай.

Бас қаладағы Қадырғали Қамалұлы басшылық етіп отырған №38 мектеп-лицейдің белсенді шәкірті 2017 жылдан бері Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы №1 өнер мектебінде домбыра, фортепиано, сольфеджио, хор сыныптарынан дәріс алып, оларды үздік аяқтап шықты, Оқушылар сарайында вокал үйірмесіне қатысып жүр.

2023-2024 оқу жылында алған үздік білімі мен шығармашылық қабілетінің арқасында жоғары нәтиже көрсетіп, мектебінің мақтанышына бөленген Толғанай Есілбай «Жыл оқушысы-2024» номинациясы мен Ардақ Қазмағанбетованың жетекшілігімен Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығы аясында өткен әнші-жыршылар номинациясында бас жүлде иегері, республикалық жыршы-термешілер байқауының жеңімпазы, «Шаттық-2024» байқауының алтын медаль иегері атанды.

Сарыарқаның самалымен тербеліп, есіп аққан Есілге еркелей көз тастаған қазақтың хан ордасы – еңселі астанамыз­да дүниеге келген Толғанай Думанқызы тарихи кинолар көргенді ұнатады екен.

– Менің тарихқа қызығу­шы­лығымды оятқан осы өңірге белгілі азамат, кезінде облыстық, республикалық басылымдарда қызмет еткен, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы, журналист, марқұм атам Амантай Әбілұлы Есілбаев еді. Кішкентай кезімнен сол кісінің қасында болып, әсіресе ашаршылық кезіндегі және дүниежүзілік соғыс уақытындағы қазақтың бастан кешкен қиындығы мен еліміз туралы тарихты тереңірек білуге ұмтылдым. Сурет салғанды ұнатамын. Қылқаламмен үндесе отырып, тарихи құндылықтардың сырын терең ұққым келеді, – деді Толғанай Есілбай.

 Іңкәр БЕКБОЛАТОВА,

Л.Гумилев ­атындағы Еуразия ұлттық ­университетінің студенті

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button