Жылан да жетті жылыстап…

«Жыл басы – Наурыз» деп білетін қазақ халқы үшін Наурыз – жаңа жылдың бастауы, табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жандануымен байланысты мейрам. Көне заманнан бері бұл мереке Ұлыстың ұлы күні ретінде аталып келеді. Халқымыздың танымында Наурыз – тек күн мен түннің теңелуі ғана емес, жаңа өмірдің басталуы, үміттің оянуы, жақсылыққа ұмтылудың символы.
Қазақта жыл қайыру он екі жылдан тұрады. Он екі жылды ата-бабамыз бір мүшел деп санаған. Әр мүшел он екі түрлі аң мен жануардың атымен аталған. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы XV ғасырда жазған «Шипагерлік баян» кітабында жыл атауларына өз сипаттамасын беріп: «Сумақы – тышқан. Маңғаз – сиыр. Айбар – барыс. Секем – қоян. Сумаң – жылан. Тұлпар – жылқы. Иіртек – ұлу. Шопан – қой. Мешін – мешін. Айтақ – ит. Шақырауық – тауық. Қорысқы – доңыз» деп жазып кетіпті.
2025 жылы қазақша жыл санау бойынша «жылан жылы» кіреді. Жылан жылы – ұлу жылынан кейін, жылқы жылынан бұрын келетін мүшел есебінің алтыншы жылы. Жылан жылы елеулі оқиғалар мен маңызды өзгерістер алып келген кезең ретінде ел жадында сақталған, яғни шығыс халықтарының ұғымында бұл жыл күрделілігімен, жұмбақтығымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен танымал. Жыланды даналықтың, сабырлықтың белгісі деп санайтын ұлттар да бар. Қазақта «жылан жылы жылыс» деген сөз бар. Ол да халықтың өткен тарихи тәжірибесінен туған даналық. Бұл сөз жылан жылының құбылмалы, сынақтарға толы, өзгерістер әкелетін жыл болатынын меңзейді. Бірақ бұл әрдайым қиындық дегенді білдірмейді, ол жаңару, ескі жүйенің ыдырауы, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу кезеңі де болуы мүмкін.
Жыланның табиғаттың тепе-теңдігін сақтаудағы рөліне қарап, бұл жыл шаруашылықпен айналысатын, әсіресе, жер емшегін емген адамдар үшін табысты кезең болуы мүмкін деп топшылайды. Дегенмен қазақ ұлтының тарихында өшпестей із қалдырған кейбір тарихи оқиғалар дәл осы жылан жылымен тұспа-тұс келген. Мәселен, Шыңғыс хан жылан жылы (1221 ж.) Отырарды басып алса, Қазан төңкерісі болған 1917 жыл жылан жылы еді. Гитлердің шапқыншылық соғысы, қазақ даласын аштыққа әкелген коммунистік жүйенің кәмпескесі де жылан жылымен сәйкес келеді.
Халқымыз бұл жылды өз еңбегін адал атқарып, табан ет, маңдай терімен нәпақасын тапқан жандарға берекелі, табысты жыл болады деп тұспалдайды. Сонымен қатар жылан жылы туған адамдар белгілі ғалым, ғұлама, данышпан болады деп үміттенеді.
Халқымыздың нанымына, жылан жөніндегі таным-түсінігіне сенсек, жылан жылы барынша сабырлы болған жөн. Әсіресе елдік мәселелерге келгенде екі өлшеп, бір кескен дұрыс деп тұжырымдаған.
2025 жылы әлемдік саясатта жаңа дипломатиялық келісімдер мен өзгерістер болуы ықтимал. Жылан жылы – стратегиялық шешімдер мен келіссөздер үшін қолайлы кезең. Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста сақтық пен терең талдау маңызды рөл атқарады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, технологиялық және жасыл энергетика саласында айтарлықтай серпіліс күтіледі. Қазақстан үшін әртүрлі салада маңызды өзгерістер мен оқиғаларға толы жыл болуы ықтимал. Жылан жылында кейде күтпеген табиғи өзгерістер де орын алады. Сондықтан Қазақстанға экологиялық мәселелерге көбірек назар аударып, су тапшылығы, орман өрті сияқты қауіптерге үлкен дайындық қажет.