Жылу жүйесі жаңғыртылуда
Жыл сайын Астана қаласындағы жылу жүйесі рет-ретімен жаңғыртылып жатыр. Әйтпесе тозығы жеткен құбырлар апатты жағдайдың туындауына түрткі болып, тұрғындар зардабын тартатыны айтпаса да түсінікті. Осы ретте «Астана-Теплотранзит» АҚ басшылығы пресс-тур барысында инвестиция бағдарламалары шеңберінде атқарылған жұмыстарды көрсетті.
Аталған кәсіпорын иелігінде жалпы ұзындығы 1009 шақырымды құрайтын жылу трассасы бар. Тиісті жұмыстар 2021-2025 жылдарға арналған жылу желілерін жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жаңғырту жұмысы алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Яғни 2030 жылға дейін ескі магистралдардың бәрін де жаңарту жоспарланған. Қаржыландыру тариф есебінен жүргізіліп, мемлекеттік сараптаудан өтеді. Оған тәуелсіз техникалық бақылаушылар мен фискалды органдар қатысады.
Компанияның басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Сейітқазиевтің айтуынша, инвестиция бағдарламалары шеңберіндегі жобалар былтыр бастау алған.
– Жылу жүйесінде өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері қолданылып келе жатқан құбырлар аз емес. Салдарынан апатты жағдайлар жиі тіркеледі. Бұл ретте былтыр А.Петров көшесі, 18/1 мекенжайы бойынша 8(42)-ҚТ жылу трассасын және Ш.Уәлиханов көшесі, 9/1, 9/2 мекенжайындағы жылу трассасын қайта жаңарту жұмысы сәтті аяқталды. Бұл жылу жүйесіндегі апаттың алдын алып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Биыл Ж.Жирентаев көшесі, 14-үйден бастап 16-үйге дейін жылу трассасын қайта жаңарту жұмысы қолға алынған. Нәтижесінде 791 метр ескірген құбырлар жаңартылған. Жоба құны – 363 миллион теңге. Сондай-ақ Сарыарқа көшесі, 17 мекенжайы бойынша тұрғын үй маңындағы жылу камерасынан бастап Сарыарқа даңғылы, 15, 17-үйлерге дейін жылу трассасын қайта жаңарту жұмысы аяқталуға жақын.
– Бұдан бұрын құбырлар жер үстімен жүргізілетін. Бұл жағдай тұрғындар тарапынан көптеген наразылық тудыратын. Енді жер астына салынады. Сәйкесінше, содан кейін аумақты абаттандыру жасалады. Тозығы жеткен құбырларды жаңарту, негізінен, қаланың ескі бөлігінде жүргізіледі. Тиісті бағдарлама 20-ға жуық үйді қамтиды, – дейді Марат Сейітқазиев.
Белгілі болғандай, төселіп жатқан құбырлар отандық өнімдер екен. Сапасына тоқталсақ, 25 жылға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл құбырлар қатты аяздарға шыдас беретін көрінеді.
16 қыркүйекке дейін 8470,7 шақырымды құрайтын жылу трассасы жаңғыртылды. Бұл – магистральдің жалпы ұзындығының 98 пайызы. Биылғы құрылыс-монтаждау жұмысын қазан айының соңында аяқтау жоспарланған.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ