Жылы аялдама көп болса…
«Қыстың қамын жаз ойла» деген халықпыз. Бұрын көшпенді бабаларымыз қыс келерден бұрын малдың жем-шөбін, өзінің азық-түлігін алдын ала дайындауға кіріссе, қазір қала мәдениеті одан мүлдем басқа. Сондықтан күнделікті халықтың тұрмысына керекті дүниелерді реттеу маңызды. Оның үстіне ақбурадай ақырған қаңтар келгенде қасқыр ішік кисең де, қаныңа мұз қатырардай Арқаның қысы аяғалы тұрған жоқ.
Алайда аяздан ығып қалатын заман жоқ. Күнделікті күйбең тіршілік пен қаланың қарбаластығы ауа райының қолайсыздығына бола саябырсымайды. Ал халықтың қам-қайғысыз жүруі үшін ең маңызды дүние – ол автобустардың уақтылы жүруі мен аялдамалардың жылылығы. Міне, осы мәселені елорда әкімдігі де басты назарда ұстап отырғаны анық. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 1 мың 528 аялдама бекеті бар. Оның 1200-ден астамына күту павильоны орнатылған. Соның 275-і жылытылады.
Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының Жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы Жәнібек Мақсытовтың айтуынша: бұл аялдамалардың барлығында қолайлы орта қалыптастыру үшін автоматты терморегуляторлар орнатылған. Сонымен қатар, барлық жабық типтегі аялдама павильондарында бейнебақылау камералары бар.
– Қазіргі таңда қала әкімдігі өзіне қарасты басқа да аудандық әкімдіктермен бірлесіп, 2025 жылға арналған жылы павильондар орнату қажеттілігі бойынша мекенжайлық бағдарлама әзірлеуде. Сонымен қатар бұл аялдама павильондары бүлінген жағдайда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жыл бойы жүргізіліп отырады. Құрылыс кезінде әлеуметтік маңызы бар нысандардың (білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары және т.б.) болуы және жолаушылар ағыны талданады, – дейді Жәнібек Ерланұлы.
Аялдама іші таза ма?
Адам жүрген жер ластанбай тұрмайды. Ал жылы аялдамалардың техникалық құрлымынан бөлек, тазалық жұмыстарына мән беруде аса маңызды. Біз тұрғындар көп жүретін бірнеше аялдамаларға барып көрдік. Мысалы, Кенесары көшесі аялдамасының ішіндегі шағын дүкен әлі жұмысын бастамағанмен, іші тап-таза болып тұр. Тәуелсіздік даңғылы мен Достық көшесі, Мәңгілік ел даңғылының бойындағы Министрліктер үйі аялдамасы да дәл сондай. Алайда бұл аялдамалар өздігінен таза болып, халықтың қажетінен шығып тұрған жоқ. Оларды қарап күтуге әр аудан әкімінің аппараты жауапты. Айталық, Есіл ауданы бойынша жалпы 53 жылы аялдама бар. Оның ішінде 44 аялдама павильонына аталған аудан әкімінің аппараты қызмет көрсетеді.
– Қаладағы жылы аялдамалар – бұл қысты күндері, әсіресе суық мезгілде жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз көлік күтуді қамтамасыз ететін заманауи көлік инфрақұрылымы элементі. Әрі қаланың қоғамдық көлік жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Бұл аялдамалар қала тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасау, қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ климаттық жағдайларға байланысты туындайтын қиындықтарды шешу мақсатында орнатылған. Сондықтан Әкімдік аппаратының міндетіне аялдама павильондарының ағымдағы жағдайын бақылау, әйнектерді, қабырғаларды және еденді тазалау, бүлінген элементтерді сырлау және жөндеу жұмыстарын жүргізу кіреді. Сондай-ақ аялдамаларда аптасына екі рет ылғалды санитарлық тазалау жүргізіледі. Біздің аялдамаларымыз таза және жайлы болып қалуы үшін коммуналдық қызметкерлер күн сайын 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Әрі біздің қызметкерлер үйсіз адамдар немесе маскүнемдердің жылы аялдамаларға келіп жатып түнеп жүргенін байқағанда оларды бірден полицияға хабарлап шақырады, – дейді Есіл ауданы бойынша абаттандыру бөлімінің бас маманы Саят Бақытұлы.
Ал тұрғындар қаланың шетінде тіпті адамдар көп жүретін кей аумақтардың өзінде жылы аялдамалардың жоқтығына наразы. Мысалы, Әйтеке би мен Сығанақ көшесінің қиылысы сияқты аудандарда жылы аялдамалар түгілі, жай аялдамалардың өзі дұрыс жұмыс жасап тұрмағаны, Ақбұлақ шағын ауданы, айқай салсаң, Ақордаға дауысың естілетін Бейімбет Майлин, М.Жұмабаев көшесінің бойы, Қозы Көрпеш көшесі, Ақыртас аялдамасы, Ұлы Дала көшесі аялдамасы сияқты жерлерде жылы аялдамалардың болмауы тұрғындардың жүріс-тұрысына көптеген кедергілер келтіруде.
– Меніңше, жылы аялдамалар тек қаланың орталығына ғана салынып жатқан сияқты. Негізі жылы аялдамаларды қаланың барлық аумағында көбейту керек деп ойлаймын. Өйткені қыстың күні небір қарлы-борандар болған кездерде таксидің құны екі-үш есе көтеріледі. Сондайда автобустарды күту үшін жылы аялдамалардың болуы аса маңызды. Әрі ол тұрғындардың өзін қауіпсіз сезінуіне, қаланың бір шетінен екінші шетіне барғанда алаңсыз жүруіне тиімді болар еді, – дейді қала тұрғыны Әсел Әуелбекова.
Жалпы, жылы аялдамалар санын көбейту керек екендігіне автобус жүргізушілері де қосылады. Сондай-ақ олар кейде суықтың, қалың қардың әсерінен автобустардың уақытынан кешігіп жүретінін де растады.
– Қыстың аты қыс қой қашанда. Жер тайғақ, күн суық болады дегендей. Оның үстіне автобустар техника ғой, бұзылуы мүмкін. Сондықтан кейде жол-көлік апаттарының себептерінен болмаса басқа да себептерден аялдамаларға кешігіп келетін кездер аз болмайды. Бірақ ол біздің жұмысымызға кедергі болғанымен, тосқауыл емес. Сондықтан, біздің басты миссиямыз – автобус ішіндегі жолаушыларды аман-есен «а» бағытынан «б» бағытына жеткізу. Алайда адамдар әртүрлі болғандықтан, кейде бір үш-төрт минутқа кешіксең, өзіңді кінәлап ұрсып жатады. Оларды да түсінеміз. Әрине, аяз болып жатса, біздің де жұмыс графиктерімізде өзгеріс болады. Автобустар барынша жиі жүргізіледі. Дегенмен мұндайда жылы аялдамалардың болуы автобус күтушілеріне жағдай жасау екені анық, – дейді №1 автобус паркінің жүргізушісі Науан Бейсенбаев.
Әлемдік тәжірибе қалай?
Шын мәнінде, жылы аялдамалар көптеген елдерде бар. Әсіресе, Солтүстік Еуропа, Солтүстік Америка және Шығыс Азия елдерінде бұл тәжірибе кеңінен таралған. Мысалы, Финляндияның астанасы Хельсинки мен басқа да қалаларында жылы аялдамалар ерекше танымал. Мұнда қыстың суығы мен ұзақ қарлы кезеңінде тұрғындарға жайлы көлік күту жағдайларын қамтамасыз ету үшін арнайы жылы аялдамалар орнатылған. Сондай-ақ оларда күн панельдері және жел энергиясын пайдалану арқылы экологиялық таза жылу жүйелері орнатылған. Ал Швеция қысы суық ел болғандықтан, Стокгольм, Гетеборг секілді қалаларда жылы аялдамалар көптеп кездеседі. Тіпті кейбір аялдамаларында қосымша инфрақұрылым да орнатылған, мысалы, Wi-Fi, USB зарядтау станциялары, сондай-ақ көшелердің жарықтандыру жүйесі орнатылған. Әрі бұл аялдамалар қаланың эстетикалық көрінісіне сай жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Әрі оларда көбінесе энергия үнемдейтін жарықтандыру жүйелері, жел энергиясы, күн батареялары сияқты экологиялық технологиялар қолданылады. Ал бізде әлі күнге дейін күн көзінен энергия алу арқылы жылынатын нысандар жоқ. Егер аялдамаларға күн көзі арқылы жылытатын және электр энергиясын шығаратын тақталар орнатса, онда нұр үстіне нұр болар еді. Енді бір жағынан, экологиялық ортаны таза ұстағанға да, коммуналдық шығындарды да үнемдеуге септігін тигізер еді.
Шапағат ӘБДІР