Жылы аялдама жайлы ма?

Бүгінгі таңда елордада 300-ге жуық жылы аялдама бар. Қала тұрғындары жылы аялдамалардың әлі де көптеп салынғанын қалайды. Аялдамалардың жағдайын аудан әкімдіктері мен мердігер ұйымдар ұдайы назарда ұстап, аптасына екі рет санитарлық тазалық жүргізеді.
Астанада жылы аялдамалар тұрғызыла бастағанына 10 жылға жуықтапты. 2015 жылдан бері жергілікті билік қала тұрғындары үшін, әсіресе, қыс айларына жайлы болу мақсатында олардың санын жыл сайын арттыруда. Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінде саны 300-ге жетеқабыл мұндай аялдаманың біреуінің құны – 10-12 млн теңге. Ал былтыр 40-тан астам жабық үлгідегі павильоны бар жылы аялдаманың құрылысы жүріпті.
Бүгінде елордада 1528 аялдама бар. Ал оның 1258-і күту павильондарымен жабдықталған.
«Вандализмге қарсы нұсқада немесе темірден құрастырылған 332 (құны 1,5-2 млн), шыны типтегі (әйнек) 631 және жылы немесе жабық типтегі 295 аялдама (құны 10-12 млн) бар. Ал аудандар бойынша жылы аялдамаларды айтсақ, бүгінге дейін Сарайшықта 29, Алматыда 40, Байқоңырда 49, Есілде 59, Нұрада 45 және Сарыарқа 73 жылы аялдама тұрғызылған. Биыл әкімдіктің жоспарлы жұмысында 5 жылы аялдаманың («Көктал» аялдамасы, «Ұлытау» аялдамасы, «Кирпичный» тұрғын алабы, «Теміржол» тұрғын алабы және «Араби» тұрғын үй кешені аялдамасы) құрылысын аяқтау көзделген. Олардың жекеленген құны – 12,5-13 млн теңге. Сонымен қатар, вандализмге төтеп беретін 50 аялдамаға конкурс жарияланды» дейді басқарма өз жауабында.
2024 жылы жабық үлгідегі аялдама павильондарын орнату функциясын елордадағы аудан әкімдіктеріне тапсыру туралы шешім қабылданған. Соның шеңберінде былтыр 40-тан астам жылы павильон орнатылды.
Тұрғындар тілегі тыңдалады
Жоғарыда айтқандай, енді жабық һәм жылы аялдама салу құзыреті Астанадағы әр ауданның өз билігінде. Біз олардың барлық үлгідегі аялдамалары туралы ақпарат беруді жөн көрдік.
Айталық, Есіл ауданында 191 аялдама павильоны орнатылған, оның 59-ы – жылы павильон. Тұрғындардың жайлылығы үшін өткен жылы қосымша 13 жылы аялдама орнатылған. Ал Нұра ауданында 267 аялдама нүктесі болса, оның 248-і павильондармен жабдықталған. Яғни жылы павильон саны – 45, ашық павильон саны 203 аялдаманы құрайды. Павильондармен жабдықталмағаны – 19 аялдама. Аудан әкімдігі аппараты 34 жылы және 149 ашық аялдама павильонына жауапты болса, инвесторлар (iStop, RTS decaux, Аксиома) 11 жылы және 54 ашық аялдама павильонына қызмет көрсетеді екен. Ал өткен жылы осы ауданда 9 жылы аялдама орнатылған. Осы жылға қанша жылы аялдама тұрғызылатыны белгісіз, өйткені жергілікті мәслихат шешімі енді белгілі болмақ.
Сарыарқа ауданында 379 аялдама павильоны бар, оның 73-і – жылы аялдама. Жылы аялдаманың 61-і аудан әкімдігінің балансында болса, қалғаны (сауда нүктесі бар аялдамалар) жеке инвесторлардың қаражатына орнатылған. Өткен жылы ауданда 10 жылы аялдама пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 жылы аялдама жоспарланған көрінеді.
Байқоңыр ауданында 190 аялдама кешені бар. Оның 48-і жылы аялдама (39-ы әкімдікте, 9-ы инвесторларда) қатарына жатады. Былтыр 14 жылы аялдаманың құрылысы жүрсе, биыл 15 жылы, 8 ашық аялдама салу жоспарланған. Ал Алматы ауданында 281 аялдама жұмыс істейді. Оның ішінде 40 жылы аялдама бар. Ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда аудан аппаратының балансында 142 аялдама кешені болса, оның 81-і шыныдан, 31-і антивандалдық және 30-ы жылы павильон болып отыр.
Былтыр құрылған Сарайшық ауданының қолданысында 140 аялдама жұмыс істейді. Оның 29 жылы аялдама болса, қалғаны – ашық (желден қорғайтын) аялдамалар. Былтыр ауданда 10 жаңа жылы аялдама (Ж.Нәжімеденов көшесі бойында – 7, А.Байтұрсынов көшесі бойында – 2, Тәуелсіздік даңғылы бойында – 1) аялдама орнатылды. Әкімдік биыл да саны осы межеден асатындай жылы аялдамалар тұрғызуды жоспарлап отыр. Әрі олар мектеп, балабақаша, аурухана сынды әлеуметтік нысандарға жақын салынбақ.
Саны артса деген ұсыныс бар
«Көш жүре түзеле ме?» Орнатылғалы бері бірде қаржысына, бірде құрылысына қатысты сын айтылған жылы аялдамалардың тазалығы мен ішкі жай-күйіне тағы да аудан әкімдіктері мен мердігер мекемелер жауап береді екен. Мысалы, бізбен тілдескен Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі әр павильонның бейнебақылау камераларымен, желдеткішпен, жылыту және жарықтандыру жүйелерімен қамтылғанын айтып отыр.
«Аялдамалардың жағдайын бақылау мақсатында мердігер ұйымдар күн сайын мониторинг жүргізіп, ақау мен бүлінген заттар анықталған жағдайда 1-7 күн ішінде жөндеу жұмыстарын орындайды. Сонымен қатар, аптасына екі рет санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ алда салынатын жаңа аялдамалардың орны тұрғындардың ұсынысын, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің орналасуын ескере отырып таңдалады. Бұл – аудан тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі» деп атап өтті аудандық баспасөз қызметі.
Бір уақыттары мұндай аялдамаларды жиі паналайтын үйсіз не ішімдік ішкендердің жағымсыз иісіне қала тұрғындары наразы болған. Енді бірде елордалықтар интернет жүйесінің нашарлығын айтса, ендігі бір сын – аялдамадағы жылудың төмендігі, телефон қуаттайтын орындардың істен шыққанына бағытталды.
«Қыста қоғамдық көлікті жылы аялдамада күтеміз. Меніңше, мұндай уақытша орындарға аса жайлы жағдай қажет емес. Тек Астананың климаты үшін маңыздысы – ішкі температура. Ол жағына әбден көңілім толады. Ал ішіндегі интернет жағы қиындау. Көбіне жоқ, болған күннің өзінде қолданушы саны артқан сайын оның жылдамдығы да азаяды» дейді қала тұрғыны Ерсін Балтабекұлы.
Астаналықтар жылы аялдаманың әлі де көптеп салынғанын дұрыс көреді. Өйткені қала аумағы кеңейіп, жаңа аудандар пайда болуда. Екіншіден, автобустардың жиі болатын кептеліс кесірінен кешігуі – қыстыгүні жылы аялдамаларға деген сұранысты арттырып тұр.
«Кейде қоғамдық көліктер 20-25 минутқа дейін кешігіп келеді. Ал мұндайда жылы аялдама керек. Әрі олардың қаламыздың әр бұрышында көбейгенін қалаймыз. Алдағы уақытта олардың ішін бұрынғыдан да кеңірек етіп салса, тіптен керемет болар еді. Екіншіден, тазалыққа қатысты да мәселе бар. Бірақ менің өз ойым – тұрғындар үшін орнатылған жылы аялдамаларды күтіп-ұстау тек әкімдіктің жұмысы деп қарап отыруға болмайды ғой. Әр тұрғын аялдама ішіне қоқыс тастамаса, оның өзі үлкен жауапкершілік емес пе?» дейді елордалық Динара Бекмырзақызы.
Шетелдің аялдамасын айтқанда…
Жылы аялдама салу – суық ауа райында тіршілік еткен басқа мемлекеттер үшін де маңызды. Ол жақтағылар жылы аялдама құрылысын дұрыс жолға қойып үлгерген. Мысалы, Финляндиядағы Хельсинки, Швециядағы Стокгольм, Норвегиядағы Осло және Исландиядағы Рейкьявикта тұрғындарды суықта тоңбас үшін жабық типтегі аялдамаларды көбейтіп, тіпті ондағы орындықтардың өзіне жылу қосып қойған.
Жылы аялдамалар дегенде, көрші Ресейді көбірек мысал етсек болады. Негізгі бұл мемлекетте оның екі түрі салынып жүр. Біріншісі – алдыңғы жағы ашық, бірақ едені мен төбесінен жылу ұдайы беріледі. Екіншісі – түгелдей жан-жағы жабылған шыны қабырғалы аялдама. Екіншіден, жылы аялдамалар салу ісінде ел кәсіпкерлері де белсенді. Өйткені олар осыдан пайда тауып отыр. Мәселен, аялдаманың күту залының бір бөлігінде үш қатарлы орындықтар, кофе мен түрлі тауар сататын сауда автоматтары қойылған. Бұдан бөлек, тұрғындар мен мүгедектер үшін арнайы тегін әжетхана да бар. Жалпы әлемде аялдамалар салу жағынан Ресей алдына түсетін ел жоқ көрінеді. Бұл елдің теріскейінде орналасқан (Якутск, Мурманск, Ноябрьск, т.б.) қалалардың барлығында осындай жабық жылы аялдамалар уақыт өткен сайын көптеп салынып келеді.
Ержан ҚОЖАС