Басты ақпарат

Жылы аялдама «жыры» Таусылмай тұр

Елордада 2015 жылдан бастап жылы аялдамалар орнатыла бастады. Суық қалада мұндай павильон­дардың тұрғындар үшін пайдасы зор. Дегенмен, тұрғындар тарапынан жылы аялдамалар жұмысына қатысты айтылатын сын-ескертпе де аз емес. Әрқайсысының құны 10 миллион теңгеге татитын жылы аялдамалардың қазіргі хәлі қандай? Нұр-Сұлтан қаласында жылы аялдамалар саны 130-ға жуықтады. Жабық аялдамалық павильондар әлеуметтік маңызы бар (балабақша, мектеп, аурухана, т.б.) нысандарды ескере отырып салынған. Аялдаманың жай-күйіне аудан әкімдіктері мен мердігер мекеме жауапты.

[smartslider3 slider=1816]

Жылы аялдамалар  жылы ма?

Павильондар аптасына 3 рет тазаланады. Тұрғындар iKomek қызметіне 109 телефоны арқылы хабарласып, өтініштерін білдіре алады.

Жаңа жылдан кейінгі жылы аялдамалардың ахуалын білу мақсатында аралап шыққан едік. Бағытымызды Қабанбай батыр көшесіндегі «Asia Park» сауда орталығының жанында орналасқан жылы павильоннан бастадық. Бұл аялдамадан елорданың Қосшы секілді шет елді мекеніне баратын тұрғындар көптігі байқалады. Автобустарының келуі ұзақ болғандықтан, жылы аялдамада халық көп. Бірақ жылу жүйесі қосылмаған. Тұрғындардың да көңілі толмайтынын байқадық.

Тұрғындардың өтініштері туралы Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына хабарласқан едік.

– «Қазіргі уақытта ауа райы­на байланысты жабық типті аялдамалардың павильондарын электр желісіне қосу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Оның ішінде жүйе баптағыштары бойынша, реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда тек 15-20 павильонда ғана электр жүйесіне қосу жұмыстары қалды. Қазір соларда қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр» деп түсіндірді.

Министрлер үйінің жанындағы аялдамада жылу жүйесі қосылса да, ішіне кірген адам аз. Мұнда интернет іске қосылған әрі ұялы телефонды қуаттауға болады. Тұрғындардың пікірінше, аялдамада жылу қосылғанымен, ішінен нашар иіс шығады, қоқыс­тар көп. «Автобус күтіп тұрған кезде мұның бәрі ыңғайсыздық тудырады әрі ұнамайды. Одан да таза ауада күткен тиімді. Бірақ осының барлығына тұрғындардың да кінәсі бар деп ойлаймын. Көпшілігі қоқыстарын тазаламай кетеді» дейді тұрғындар.

Ашық деректер мәліметінен жалпы жылы аялдамаларға бөлінген қаражатты іздеп көрген едік. Басқа деректерді тапқанымызбен дәл осы аялдамаларға бөлінген бюджетті анықтай алмадық. Себебі инвесторлар бөлген бұл қаражат біз үшін жұмбақ күйінде қалды.

 Алдияр МОЛДАШЕВ, қала тұрғыны:

– Жылы аялдамалар салынғаннан бері қыста автобусты осында күтемін. Салынғанына қуанғанымыз рас. Алайда іші өте лас боп жатады. Қосшыға баратын автобусты ұзақ күтемін. Адам жылуымен ғана болмаса, жалпы аялдамада жылу жүйесі қосылмаған. Кейде аязда үй-күйі жоқ жандар, ішімдік ішкен азаматтар келіп жатады. Олардың иісінен қасында тұру мүмкін емес. Амал жоқ, сыртта тұрамыз. Сол жағынан бақылау жоқ. Осылардың құны шамамен 10 миллиондай деп естідік. Бірақ неге соған сай еместігіне таңғаламын.

 Жания БАЙКОШКАРОВА, қала тұрғыны:

– Сарыарқа ауданында Кенесары көшесіндегі жылы аялдамада жылу жүйесі қосылған. Ұялы телефон қуаттайтын құрылғылар жұмыс істеп тұр. Бірақ аялдаманың ішін әбден ластанып кеткенде ғана тазалайды. Бұл тұрғындарға кедергі жасайды. Себебі өзімізді қоқыстың ішінде тұрғандай сезінеміз. Сосын су толып кете береді. Тұрғындардың жағдайы үшін салынса осының ретін келтіруге болмас па еді?!

 Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің хабарлауынша, мұндай павильондарды арнайы компаниялардың бақылауында болады. Аптасына екі рет тазаланады. Сынған есік-терезе, санитарлық тазалықтары үшін осы компаниялар жауапты

 Әлемдегі тәжірибе қандай?

       Өзге елдерде жабық аялдамалар қала тұрғындарын аяздан қорғау үшін ғана орнатылмайды. Мысалы, Дубайда температура үнемі 37°C-тан жоғары болады. Соған сай жолаушыларды шаңды дауылдан қорғау үшін жабық аялдамалар салынған. Мұндай аялдамалар кондиционермен, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде мүгедектер арбасына таңылғандар мен көзі нашар көретіндерге, сондай-ақ велосипедтерге арналған тұрақтармен жабдықталған.

Швецияның солтүстік бөлігінде орналасқан Умеа қыста орташа тәуліктік температура -10°C-тан -20°C-қа дейін болады. Ауа райына байланысты жылы аялдамалар орнатылған. Аялдамалар қалың қар мен суық аязға шыдайтын жергілікті ағаш түрлерінен салынған. Жылу шатырдың астында орналасқан арнайы шамдардан келеді. Сонымен қатар, мұндай қондырғылар дыбыс және жарық сигналдары арқылы автобустың жақындағаны туралы алдын ала ескертеді. Іште тұрған жолаушы қайта-қайта сыртқа алаңдамайды.

Сингапурда аялдамалар Wi-Fi және гаджеттерге арналған зарядтағыштармен ғана емес, автобустар туралы барлық қажетті ақпаратты табуға және электронды кітаптарды жүктеп алуға болатын интерактивті экрандармен жабдықталған. Сонымен қатар, аялдамада велосипедіңізді қойып, кітаптар бұрышынан кітап таңдай аласыз.

Якутскіде қыста әдетте -45С, -50С болады. Бұл қаланың ерекшелігінің бірі – автобус бағыттары мен аялдамалардың көптігі. Олардың көпшілігі бір-бірінен 200 метр қашықтықта орналасқан. Қалада шамамен 30-ға жуық жылы аялдамалар бар. Олар – жабық, терезелері бар жылытылған павильондар. Аялдама ішінде орындықтар, ақпараттық мониторлар және автобустардың бағытын көрсететін бейнебақылау камералары бар.

 P.S:

Біз сөз еткен павильондар қазіргі суық ауа райында өте қажет. Алайда қаламызға салынғаннан бері жылы аялдаманың «жыры» бітпей келеді. Тұрғындар қалада мұндай аялдамалардың көбейгенін қалайды. Біраз уақыт бұрын қала әкімі Алтай Көлгінов қаланы аралап, Instagram парақшасына қаладағы жылу қосылмаған аялдамаларды атаған болатын. «Қаладағы жылы аялдамалардың бірқатарына бардым. Жылуы жоқ аялдамалар анықталды. Соның бірі – Республика даңғылымен қиылысатын Сейфуллин көшесіндегі «Жастар сарайы» аялдамасы. Қала бойынша осындай аялдамаларды тексеріп шығу аудан әкімдеріне тапсырылды» деп жазған еді. Бізде тек басшылар ескертсе ғана жұмысқа деген жауапкершілік артады. Соған қарағанда осындай тексерісті жиі жасап тұру керек-ау…

Айзада  Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button