Басты ақпаратҚала мен Сала

Жылы аялдамалар қатары арта ма?

Астанада «Ақылды қала» жобасы аясында жүргізіліп жатқан бастама аясында орнатылған жылы аялдамаларға сұраныс үлкен. Өйткені қытымыр аязда далада тоңып тұрғанша, жылы аялдамада күткенге не жетсін?! Оның үстіне, қоғамдық көліктер де уақытылы келе қалса мейлі ғой. Кей кезде 20 минуттан 50 минутқа дейін автобус­ты күтуге тура келеді. Қысқасы, қыс ауасында елордалықтардың көңілін аулайтын жылы да жайлы аялдамалар көптеп керек-ақ, бұл іске аса ма?

Байқоңыр ауданының тұрғыны Айзат Ибрагимова күнделікті жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынайтынын айтты.

– А.Пушкин көшесінде «Ескек есу каналы» деген аялдама бар. Біздің үйге 40-50 метр ғана. Алайда суық күндері орталыққа қатынау үшін бұл аялдамаға бармаймын. Біріншіден, №30 және №60 авто­бустың жиілігі тым ұзақ. Екіншіден, ашық аялдамадан тоңып қаласыз. Сол себепті 500-600 метр жердегі «Целинный» аялдамасына барамын. Өйткені онда жылы аялдама бар, сосын автобус неше минутта келетінін көрсетіп тұратын монитор бар. Бұл аялдамадан №18 және №28 автобус орталыққа қатынайды, – деді қала тұрғыны.

Қала тұрғындарын алаңдататын жылы аялдама мәселесі Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында назардан тыс қалмады. Бұл сұраққа Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев жауап берді. Оның сөзінше, 2022 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен «ЭКОпром Павлодар» ЖШС 40 дана көпфункционалды жылы аялдама орнатуға міндетті болса, соның 28-ін ғана іске қосты. Оның өзі стандартқа сай болмай, әлі күнге дейін есігінде құлып тұр.

Басқарма басшысы мердігер компанияны сотқа бергенін, сот процесі аяқталмай, жылы аялдамаларды іске қосу мүмкін еместігін түсіндірді.

2015 жылдан бастап Астана қаласында жылы аялдамалар салына бастады. Бүгінде жайлы да жылы аялдаманың саны 162-ге жетті. Егер елордада 1091 аялдама бар екенін есепке алатын болсақ, бұл сан аз ба, көп пе, бағамдау қиын емес секілді.

Жабық павильондар қаланың аялдама бекетіндегі жолаушы ағынына талдау жүргізу негізінде жабдықталады. Яғни әлеуметтік маңызы бар нысан – білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының болуы ескеріледі. Бұл туралы Байқоңыр ауданы инфрақұрылым бөлімінің басшысы Тоқтар Хасеновтен сұрадық.

– Байқоңыр ауданының аумағында 211 аялдама бар. Оның 34-і жылы аялдама болса, 18-і біздің баланста, 10-ы инвестордың есебімен салынды. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының меншігіне 7 аялдама кіреді. Жалпы жылы аялдамалар адам қозғалысы жоғары, әлеуметтік нысандар шоғырланған аумақтарда орнатылуда. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, аялдамаларды күтіп ұстау мен қауіпсіздігін арттыру міндеті тұр. Осы бағытта Байқоңыр ауданы әкімдігі өз балансындағы 18 жылы аялдамаға 36 бейнебақылау камерасын орнатып, аялдамадағы тәртіп пен қауіпсіздікті бақылауды жолға қойды, – деді ол.

Өткенде қоғам белсендісі Бердібек Хабай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жылы аялдамалар маскүнем үшін жатар орынға айналды деп дабыл көтеріп:

– Арқада аяз қаhарына мінген кезде ескі көлігімнің моторы істен шығып, Қояндыдан жұмысқа автобуспен қатынайтынды шығардым. Жүрген жерімде жылы аялдама іздейтін әдет пайда болды. Қайсысына кірсем де күлімсі иіс қолқаны қабады. Кейбірінен шыдай алмай шығып та кеттім. Өткенде таңертеңгі сағат 7-де «Шапағат» аялдамасына кірсем, біреу ұйықтап жатыр. Аялдаманың ішіндегі иістен дем ала алмай, тысқа шығуға асықтым. Жылы аялдамада жағымсыз иіс болса да, баласын жетектеген ана мен қарт апа қалды. Қайтсін, аяздан тоңып қалмау керек, – деп жазды.

Жылы аялдамадағы мұндай жағымсыз фактілерді жоққа шығара алмаймыз. Демек, жылы аялдамалардың санын көбейтумен қатар, ондағы тазалық пен қауіпсіздікті арттыру міндеті тұр.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button