Қала мен Сала

Жылыту маусымына дайындық басталды

Күн суыта салысымен қалада әлі де газға қосылмаған үйлер мен нысандарда пеш жағу басталады. Бұл ретте қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы өрт қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Осыған орай, кеше қала әкімдігінде ­Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлының қатысуымен брифинг өтті.

[smartslider3 slider=3779]

Бұл маусымда өрттің шығуына бірден-бір себеп болатын жағдай – тұрғын үйлердегі жылыту пештерін пайдалану ережесінің бұзылуы. Осыған орай, спикер олардың қолдану тәртібінен хабардар етті.

– Қаламызда қазір 33 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Бұл үйлердің басым бөлігі, соның ішінде саяжайлардағы тұрғындар үйлерін қыста пешпен жылытады. Көп ретте пештерді орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары ескерілмейді. Сол себепті пештердің осал жерлері туралы тоқтала кетейін, ең алдымен мән беретін жері – мұржа. Төбе жабындылары дейміз, үйдің төбесінен мұржаға қарай өтетін жерде өртке қарсы аралық болуы керек. Егер мұржа үйдің төбесіндегі ағаштарға тиіп тұрса, пешті тым қатты жаққан кезде сол жер қызып, өрт шығу қаупі күшейеді. Екіншіден, тез жанатын қабырғаларды бөліп тұратын арақашықтықтың болуы да маңызды. Жалпы қарапайым ғана сақтық шарасы – пешті шамадан тыс қыздырмау, пешті мүмкіндігінше түске дейін немесе түстен кейінге бөліп жағыңыз және кешке ұйқыға жатар алдында бір сағат бұрын пешті жағып болу керек, – дейді ол.

Пешті жаққанда тек көмір мен ағашты пайдалану керек, сонымен қатар ол жасөспірім балаларға пеш жағып қоюды тапсыруға болмайтынын да жеткізді. Кейбір тұрғындар секілді пештің үстіне, қапталына аяқ киім және басқа жанғыш заттарды кептіру үшін қою да қауіпті. Сондай-ақ пештің алдына міндетті түрде өлшемі 50/70 см болатын металдан жасалған төсем салынуы керек. Бұл аяқ асты пештің аузы ашылып кеткен жағдайда ішіндегі оттың басқа жанғыш материалдарға түспей, металл төсемеге түсіп, қауіпсіздіктің сақталуына ықпал етеді.

– Қазір өзге өңірлерде болған қайғылы оқиғаларға назар аударсақ, көп ата-ана балаларын үйде қалдырып, сыртынан кілттеп кеткенінен олар үйде өрт шыққанда қашып құтыла алмай қалған. Осы жайттар да бізге сабақ болуы тиіс. Балаларды пеш жағылатын үйде сыртынан қамап кету қауіпті. Мейлінше балаларды үйде қараусыз қалдырмауға тырысыңыздар. Ал қалдырған жағдайда сіріңке, оттықтарды жоғары қойып, өрт шығу қаупі туралы үнемі түсіндіріп отыру қажет. Егер сіз өрт шығу фактілеріне куә болсаңыз, дереу 101, 112 нөмірлеріне телефон соғып, хабар беріңіз. Уақытылы хабар берілсе, тілсіз жауды тез ауыздықтап, қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік зор, – дейді Е.Отарғалымұлы.

Биыл 15 тамызда өрт қауіп­сіздігі мамандары тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеруге кірісті. Бұл рейдтер жылыту маусымының соңына дейін жалғасады. Басқарма бастығы осы алдын алу шаралары кезінде тұрғындардың департамент қызметкерлерінің тексеруіне түсіністікпен қарауын сұрады. Себебі бұл әрбір тұрғынның амандығы үшін қажет. Жеке тұрғын үй секторына барған ТЖ қызметкерлері тұрғындардың рұқсатымен әрбір үйге кіріп, пеш пен мұржасын, электр желілерін тексеретін болады және өз тарапынан кәсіби тұрғыда ұсынымдарын береді.

Ал көпқабатты үйлерде өрт шығу қаупін бірінші кезекте электр желілері тудырады. Сонымен қатар тамақ істегенде майды шамасынан тыс қыздыру, қызған майдан өрт шыққанда оның үстіне су құю қауіпті одан сайын күшейтеді. Ондай кезде өрт шыққан ыдыстың бетін ауа өткізбейтін қақпақпен немесе орамалмен жаба қою керек. Брифингті пайдалана отырып, спикер МИБ немесе ПИК басшыларынан өздеріне қарасты көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры мен жертөлесіне бөтен адамдардың кіруіне мүмкіндіктерді болдырмау туралы өтініш білдірді.

«Күн суытқан кезде тұр­ғылықты мекенжайы жоқ адамдар дәл осы шатырлар мен жертөлелерді паналайды. Олар сол жерде от жағып, ас дайындайды. Бұл – бүкіл үйдің өртке орану қаупін күшейтетін факторлар» деді басқарма ­бастығы.

Төтенше жағдай қызметінің өкілі қала тұрғындарының көбінде қауіпсіздікті сақтау мәдениеті қалыптаспағанын қынжыла жеткізді. Өрт қауіп­сіздігі бойынша рейдтер кезінде кей тұрғындардың электр желілерін қауіпсіз етіп оқшау жүргізбегені, пешке жөндеу жүргізбегені, түтіндіктер жолын тазартпайтыны, пештің қасына газ баллонды тым жақын қоятыны, газ баллондарын арнайы ұйымдардан емес, күмәнді жеткізушілерден алатыны белгілі болады. Рейд барысында осындай олқылықтарға жол бермеу үшін түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар дауыс күшейткіш құралдармен тұрғындарға қауіпсіздік ережелері қайта-қайта түсіндіріледі.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button