Елорда тынысы

Жылыту тарифі қымбаттады

Тұтынған коммуналдық қызметтер үшін түбіртек қолдарына тигелі бері астаналықтар қаңтарда бағаның өскенін байқады. Төлем құны әсіресе, жылуға едәуір қымбаттаған.

Әдетте жылу үшін 3-4 мың теңге төлеп келген елорда тұрғындары осы айда оның 8 мыңға дейін жеткенін айтып шағымдануда. Мәселен, Берік Сағатов өзінің жалпы аумағы 60 шаршы метр тұрғын үйіне бұған дейін коммуналдық төлемдер үшін 25 мың теңге төлесе, қаңтар айында оның құны 30 мыңға жуықтағанын жеткізді. Желтоқсан айында оған жылу үшін түбіртек бойынша 6 мың теңге келген, ал қаңтарда 8 мың төлеген. Әйелі екеуі де күндіз жұмыста. Соған қарамастан, көршілер чатында өздері сияқты шаршы метр үшін оларға 18-20 мың теңгеге, ал бұларға неліктен 30 мыңға жуық сомада түбіртек келгенін түсінбей дал.

Өткен жылы жылу үшін 9-9,5 мың теңге төлеп келген Айдос Белгібаев та  соңғы екі айда коммуналдық қызмет үшін 25 мың төлегенін айтты. Бұл, әрине, көп. Осы секілді шағымдар жетіп артылады. Әсіресе, егде адамдарға оңай болмай тұр. Баян Қарпықова зейнетақысының жартысын коммуналдық шығындарға жұмсаған. Айтуынша, 10 күн үйде ешкім болмаса да су мен жарықтың төлемі әдеттегіден екі есе көп шыққан.

«АстанаЭнергосбыт» мамандары жылудың қымбаттауына 1 қаңтардан бастап тарифтің өзгеріп, ауа райының суытуы себеп болғанын мәлімдеді.

«Жаңа жылға дейін халық жылудың 1 гигакалориясына 3097 теңге төлеген. Ал жыл басынан бері ол 619 теңгеге өсіп, қаңтар айында баға 3716 теңгеге бір-ақ шықты. Үйінде есептеу құралы жоқтар тіпті 4459 теңгеден төлейді. Яғни, тариф 30 процентке артқан. Әр гигакалория үшін заңды тұлғалар – 320, яғни қазір 5966 теңге, бюджеттік ұйымдар 7073 теңге төлейді. Ал су мен электр энергиясының тарифінде өзгеріс жоқ. Түбіртектегі сомамен келіспейтіндер мекемеге келіп, қайта есептесуіне болады» делінген ведомство таратқан хабарламада.

«Астанаэнергосбыт» мекемесінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінгі таңда тұтынушы энергиямен жабдықтау­шы ұйым­мен жылу энергиясы үшін есептегіштер бойынша есептеледі. Мұндай аспаптар болмаған жағдайда көрсетілетін қызметтердің көлемі есеп айырысу жолымен айқындалады. Ал электр энергиясы үшін тариф өзгерген жоқ.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button