Мәдениет

Жыр әлемінің жезкиігі

Биылғы көктемде елордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ақын Кәкімбек Салықовтың тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылады. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы мен Жазушылар одағының елордалық филиалы еске алу кешін өткізеді. Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Жыр әлемінің жезкиігі» атты дөңгелек үстел мәжілісі барысында мұны жиын тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, аталмыш ұйымның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы сүйіншіледі. Алқалы мәжіліс тұғырлы тұлғаның туғанына 90 жыл толуына арналды.

[smartslider3 slider=2174]

Қайраткер ақын бас қалада ғана емес, өңірлерде де ұлықталады. Алматы қаласында оның атына көше беру, Жезқазғанда ескерткіш орнату жоспарланып отыр. Тұлғаның туған жері Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысында да тиісті шаралар өтеді. Мұны Кәкімбек Салықовпен «Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық қоры» қоғамдық қорында бірге жұмыс істеген көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай хабарлап, адами қасиеттеріне тоқталды. Ақындық ерекшеліктері жайлы әңгімеледі. Соның ішінде Кәкімбек Салықов Қарақалпақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде тағдырлы ақын Свет Оразаевқа көрсеткен қамқорлығы, елге жасаған басқа да жақсылықтары туралы айтты.

– Кәкімбек Салықовты бұрын Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің халқы жақсы біледі. Бұл кісі екі формацияда өмір сүрді. Кешегі Черненко, Брежневтермен қолтықтасып жұмыс істеді. Бір үлкен биікке шыққан қазақтың баласы болды. 1992 жылы 60 жасында Қазақстанға қайтып келгенінде қазақ жезкиік қайтып оралғандай әсерленді. Бірге қатар жүргенімізде мен Кәкімбек ағаның біреудің шыққан жерін, руын сұрағанын көрген емеспін. Кәкең даланың өзендері сияқты маңайына ел жинайтын. Тұлғалық қасиеті биік еді, – деді Ғалым Жайлыбай.

Жазушы, драматург, аудармашы Өтен Ахмет Кәкімбек Салықовпен танысып, араласқан кездерді еске алды. Соның ішінде Жезқазған кезеңі жайлы әңгімеледі. Кезінде қаламгерге белгілі тұлғаның шапағаты тиген екен. Ол сол туралы айтып, Кәкімбек ақынның өлеңдерінің тармақтары қанатты сөздерге айналып кеткенін тілге тиек етті.

Осыған үн қосқан Дәулеткерей Кәпұлы елордадағы «Қаламгерлер» аллеясында Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ескерткіші бой көтергенде тақтаға Жазушылар одағының ұсынысымен «Қазақтың ірілері, Абайдың інілері – Сәкен, Ілияс, Бейімбет» атты әнге айналған өлең тармақтары жазылғанын жеткізді.

Ақын, драматург, жазушы, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов, дәулескер күйші, ұстаз, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, техника ғылымдарының докторы Тыныс Сүлейменов, «Қазақтану» зерттеу институтының директоры, журналист, аудармашы Бақтыбай Жұмаділдин, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу, Ұлттық академиялық кітапхананың ғалым-хатшысы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел Кәкімбек Салықовтың жарқын бейнесін еске алды.

Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне көптеген композиторлар ән жазды. Ақынның жанынан шыққан да біраз ән бар. Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнер зерттеуші Серік Оспанов Жақсыгелді Сейіловтің «Жезкиік» туындысын, Кәкімбек Салықовтың ел естімеген Ақан сері жайындағы әнін әуелетті. Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Сырым Мұхамеджанов «Аққу жеткен» әнін салды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button