Руханият

Жыр арқауы – Ата Заң

Конституция күні мерекесі қарсаңында «Жыр арқауы – Ата Заң» жыр жинағы жарық көрді. Конституциялық кеңес пен Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы ­филиалы бірлесіп шығарған кітап Ата Заңның 25 жылдық мерейтойына арналды. «Ата Заң – арым», «Ұлы көшім нұрлы жолға жалғасты» атты екі бөлімнен тұратын кітапты құрастырушы – Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми. Ата Заңымызды ұлықтайтын жинақтағы туындылар қазақстандықтарды береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа, ел болып ұйысып, жұрт болып жұмылуға шақырады. Кітап жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың ­«Алтын заң» өлеңімен ашылады. Әрі қарай Оразақын Асқар, Әбдірахман Асылбеков, Серікбай Оспанұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Нұрлан Мәукенұлы, т. б. айтулы ақындардың өлеңдері топтастырылған. Біз осы жинақтағы бір топ өлеңді оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік.

Серікбай ОСПАНҰЛЫ

Сенде мәнді асыл сөз жан қалаған,
Жүректерге содан жылу тараған.
Қызмет етіп келесің сен мүлтіксіз
Еркін өмір сүру үшін әр адам.

Нұсқап елге еркіндіктің жолдарын,
Қуантады жанға қамқор болғаның.
Елдің туын аспандата көтеріп,
Адамзаттың ар-ожданын қорғадың!

Мүддем сенде,
Бүлдем сенде,
Сен – Бағым,
Жырым – қайғы, болмас мұңды енді әнім.
Ата Заңым, бар әлемге таныттың
Қазақстан атты ғажап ел барын!

Сенсің Заңым – Әділеттің тұғыры,
Би-шешендер ойларының тұнығы!
Ата-бабам көрем сенен арманын,
Елдің қамын жеумен өткен ғұмыры!

Сенде, сенде жанның жылы ағысы,
Әділет пен қабілеттің табысы!
Тілімді де, ділімді де қорғайтын
Сенің ісің –
Ақыл ісі,
Ар ісі!

Абыройдың,
Ақыл-ойдың биігі,
Тоқсан ауыз сөздің сенде түйіні!
Дүниеде сен барында
Шындықтың
Пенделіктен биік тұрар иығы!

***

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

Ғұрпымыз бар ел сенген,
Дәстүрлері – ең ізгі.
Әділдікпен өлшенген
Заңымыз бар Негізгі.

Бас иетін бар адам,
Әрбір сөзі салмақты,
Қорғар бәле-жаладан –
Ата Заң бұл ардақты.
Ата Заңға, қарағым,
Шексіз болсын құрметің.
Туған елдің талабын,
Заңды орындау – міндетің.

Бақытты өмір сүргенің,
Бақ-дәулеттің баршасы,
Күліп-ойнап жүргенің –
Ата Заңның арқасы!

***

Нұрлан МӘУКЕНҰЛЫ

Құрандай көріп қолыма алған
Ата Заң – осы, ағайын!
Жүз ұлтты тірлік жолына салған
Баптарын бағып, қағайын.

Татулық, Теңдік, Еркіндік – мұрат,
Егемен құқық – еншіміз.
Тарихы ортақ Тағдырды құрап
Ел болдық, келсін елшіңіз.

Кіндікқан тамған туған жер – осы.
Қазақтың жері – Отаным.
Болашақ бірге буған бел – осы,
Дуасы болсын батаның.

Қазақстанды танысын Әлем,
Бөлінбе-дағы, жарылма.
Жігерін жастан жанысын өрен
Отаншыл сезім барында.

Болашақ ұрпақ бақытын ойлап
Бейбітшіл қоғам құрғанбыз.
Халықтың байыр уақытын ойлап,
Нарыққа бетті бұрғанбыз.

Жасайды бәрін қоғамның қолы
Көреді бәрін көз бен іш:
Тарылып жатса адамның жолы
Заңда да болар өзгеріс…

…Құрандай көріп қолыңа алған
Ата Заңыңды ардақта.
Тәуелсіздіктің жолында қалған
«Шет болмасын де – әруаққа».

***

Қалқаман САРИН

Ата заңымның анасы болған дәстүрім,
Ата салтында – ғажайып құрып, жақсы ырым.
Ата бабамның ақ отау, алтын бесігі –
Атамекенім! Алладан соңғы басты ұғым!

Шариятымды, ар-ұятымды шаң басып,
Шаңырақ қалды. Шежіре сырдан шал қашып.
Шала білетін ұлтымның ұлық тарихын,
Шалағайлар жүр ата дәстүрден алжасып.

Қасиет қалмай, береке болмай ісімде,
Қас дұшпан келіп қасықтап қанымды ішуде.
Қасымхандардың қасқа жолынан адасып,
Қасқырдай болып ұлиды-ау үрей ішімде.

Есімнен қалған елді адастырмас ескі жол,
Есімдегі әлгі ән, «Елім-ай» еміс естілер.
Есіктен қарап қалмасын қайран қазағым,
Есілге қонған есіл ерлерім, есті бол!

Тәуелсіздіктің жолында кеше мың өлдік,
Тәубасын айтып Тәңірге бүгін жүрер жұрт.
Тәуекел етіп, жеті жұртымның қамын жеп,
Тәукедей, сірә, жасайтын кім бар бір ерлік?

Залалы тимей заманды мынау кім күштер?
Заңғар таулардай бола алар ма екен «білгіштер».
Заманалардан қазақтың заңы – дәстүр ғой,
Заң бұзғандардың бәрі де, ендеше, қылмыскер.

***

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

Жерұйық іздеп… бақ табар мәңгі,
Басынан кешкен ақтабандарды,
Қазақтың елі, ғажаптың елі –
Баққа барған-ды, баптап Арманды.

Байтағым ұстар байрағым едің,
Жапырағын жаңа жайғаным едің.
Керуенім күнге көш түзегенде:
Ата Заң – Арым, Айбарым едің.
Толқында керген желкенімдейсің,
Өліарадағы өркенімдейсің.
Есіл де, есіл, есіл елімнің
Ертеңіндейсің, ертегімдейсің.

Дертімді ұқпас дерексіз ғалам,
Еру күндерде ерексің, заман!
Шертпе күйдегі тұнған шерімнің
Жасын сүртуге керексің маған.
Ғасырдан мынау ғаламат ұғар,
Сарғайтып ілдің санама тұмар.
Ата Заңымда… ат жалын құшқан –
Аталарымның аманаты бар.

Тамылжығанда таң да мұнартып,
Арманның елі алға құмартып,
Қаратау жақтан көрінген көшпін
Бағытым, барым, бағдарым – анық…

***

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Уа, Ата Заң!
Ел. Жер. Ер.
Үшеуін – үш таған көрдім,
Соған серт.
Сен нұсқаған заманға ердім,
Жеті қат жер астына түтік шығып,
Жетем деп, Жеті жарғы, саған келдім.

Сығыр ат, жын мен жыбыр есік-төрден,
Тарихтың тақсыретін кешіп келген,
Алаш тұр алдыңа кеп аяғынан
Тұсауын Алла өзін шешіп берген.

Безер іші, ылғи беті күлген,
Кердегінің өзі сипап кекілінен,
Ауылға, басыбайлы саған келдім,
Жетіліп жер бетінің жетімімен.

Көк Түркі, көкбөрінің тұқымы бір,
Үкілі ұл, үкілі қыз, үңілі жыр.
Иманы Яссауидың жан тербеген,
Исатай, Махамбеттің тұқымы бұл.

Алдымен ер-тұрманын өрнектеген.
Бекзаттық жерді ұшықтап жөргектеген.
Бай болған, бағлан болған ұлықтарға
Құдайым таупих бере гөр деп келем.

Ер. Жер. Ел.
Үшеуін – үш таған көрдім.
Соған серт.
Сен нұсқаған заман көрдім.
Жеті қат жер астына түсіп шығып,
Жетем деп, Жеті жарғы, саған келдім…

***

Бақытбек СМАҒҰЛ

Бұл Ата Заң кешегінің жалғасы,
Ақиқаттың айнымайтын арнасы.
Тасқа қашап жазып кеткен бабамның,
Тарих болып қалған ғажап таңбасы.

Көк байрақтай біріктіріп Алашты,
Жеті Жарғы боп қалады алғашқы!
Мәңгілік Ел тамыр тартып тарихтан.
Ұлы көшім нұрлы жолға жалғасты.

Ата Заңым, сен көненің көзі ме ең?!
Әз Тәукенің әділетті сөзі ме ең?!
Сені оқысам, бойым сымдай тартылып,
Құдіреттің құнын сонда сезінем.

Түп-тегіне көз жіберіп, аңғарсаң,
Ата Заңда айтылмаған мән бар сан!
Ақиқаттың бұлжымайтын айнасы – ол!
Тура жолға бастайтұғын бағдаршам.

Кесімді сөз келтіргенше, тоқтамға,
Оған дейін жерімде қан көп тамды.
Дала заңы ұлы билер қалаған,
Шайқалмады заман желі соққанда.

Ата Заңым, сен көненің көзі ме ең?!
Егеменді елдің еркін сөзі ме ең?!
Елбасы үшін мақтан кернеп бойымды,
Азаттықтың парқын айқын сезінем!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button