Басты ақпаратМәдениет

ЖЫР АРҚАУЫ – АЗАТТЫҚ

Бүгін «Жастар» театрында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күні мерекесіне арналған «Азаттық аясында» атты республикалық жыр мүшәйрасында топ жарған ақындарды марапаттау рәсімі өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен алты жылдан бері өтіп келе жатқан жыр додасына биыл 102 ақын қатысты. Оның 12-сіне жүлде берілді.

ERM_6239

– Мүшәйраны ұйымдастырудағы мақсатымыз – жаңа заманды, тәуелсіздікті, еліміздің бас қаласы – Астананы жырлау. Елбасымыздың басшылығымен айшықталған Қазақстан тарихындағы жарқын белестерді жыр тілімен кестелеу. Сол арқылы жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке шақырып, оларға тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру, – дейді ұйымдастырушы тараптан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы.         

ERM_6222

Сонымен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Қажығали Мұхамбетқали бастаған қазылар алқасы бірінші бәйгені «Астанамен сырласу» өлеңдер топтамасы үшін белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлына беріп, қанжығасына 1 млн 200 мың теңгені байлады. Екі екінші орын жүлдесі – 900 мың теңгеден «Нұрлы көш» өлеңі үшін Дүкен Мәсімханұлы және «Бердіғожа баһадүр» жыры үшін Дәулеткерей Кәпұлы алды. Үшінші орындар аймақтарға кетті. Атап айтсақ, оны ақтөбелік Бауыржан Бабажанұлы, алматылық Нұролла Сағатбаев және қарағандылық Әсет Аманжолов бөлісті. Олардың әрқайсысына 500 мың теңгеден берілді. Сондай-ақ, үш астаналық ақын – Нұрлан Қалқа, Олжас Қасым, Ербол Алшынбай, және Медет Божан мен семейлік ақын Арман Шеризат 150 мың теңгелік ынталандыру сыйлықтарын олжалады. Сәкен Сейфуллин музейі тағайындаған арнайы сыйлықты астаналық ақын Есенгелді Сүйінов алғанын айта кетейік.

Марапаттау рәсімінде жүлдегер ақындар жыр төгіп, әншілер елдікті асқақтататын әндерге салды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button