Мәдениет

Жыр арқауы – азаттық

Астанада «Азаттығым – ғажап күнім» атты поэзия антология­сының тұсаукесері мен жыр мүшәй­расы өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырған шарада рухты жырлар оқылып, елдігімізді асқақтататын әндер шырқалды.

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының демеушілігімен жарық көрген поэзия антологиясына еліміздегі 45 ақынның және Қытай, Ресей, Моңғолия елдеріндегі қандастарымыздың, бас-аяғы 100 адамның жырлары топтастырылды.
Ілгеріректе Қытайда тұратын қазақ жазушысы Шайсұлтан Қызырұлымен елордада жолығып, әңгімелескен едік. Сонда сол кісі кітаптары «төте жазумен» ғана шыққанын, Қазақстандағы әліпбиге көшірілмегенін айтқан. Рас, Алтайдың арғы жағындағы қандастарымызда сондай мәселе бар. Сондықтан елдегі халқымыз сол жақтағы қаламгерлердің шығармашылығымен таныс емес. Ал, жарық көріп отырған антология соған мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, әр елдегі ақын-жазушылардың бір-бірімен танысуға, пікір алмасуға да жол ашты.
Жалпы аталмыш шараға 300-ден астам адам жиналды. Олардың арасындағы 100-ден астамы шетелдегі қандастарымыз Астананың топырағын басып, бас қаланың ауасымен тыныстады.
Алдын ала жарияланған жыр мүшәйрасына қатысқандар тәуелсіздігімізді жырлады. Белгілі ақындардан жасақталған қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Құндыз Тұрдықызына берілді. Екінші орын сан мүшәйрайда топ жарып жүрген астаналық Айжан Табаракқызына бұйырды. Ал үшінші орынды Әлімжан Әлішер мен Бауыржан Игілік сынды ақындар бөлісті. Жеңімпаз бен жүлдегерлер арнайы сыйлық пен дипломдармен марапатталды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button