Басты ақпаратЖаңалықтар

Жыр атасы – Қабан жырау

Өткен замандарда жыраулар жыр толғаушы ғана емес, халықтың рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастырушы қайраткер рөлін атқарды. Әрі ақын, әрі батыр сондай жыраулардың бірі – Қабан (Қабылиса). ХVІІІ ғасырдың екінші ширегінде Жетісу жерінде дүниеге келіп, тоқсан жасаған жырау сол өлкеден өзінен кейін талай дүлдүлдердің шығуына үлкен әсерін тигізді.

«Астана» концерт залында «Жыр атасы – Қабан жырау» атты концерт өтті. Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырған кеште жыраудың мұрасы мен оның ізбасарларының ән-жырлары шырқалды.
Қабан жырау туралы кезінде белгілі тұлғаларымыз айтқан сөздер қалды. Мәселен, «Жалайыр Қабан ақын әдетте өзімен айтысатын ақын отырған ауылға айдаладан әндетіп келеді. Ал Шашубай болса, гармонын ат үстінен тартып, алыстан айбар шегіп келеді. Осының бәрі – айтыс ақындарының өздерін топ­қа айбынды етіп таныту тәсілі. Және қарсы ақынды үркітіп, қобалжытып, жауап сөзден жаңылтудың амалы болады» деген еді Мұхтар Әуезов. «Менің білуімше, жалайыр ішінде үш әулие болған. Олар: Қабылиса, Ескелді, Балпық» деді «Халық мұрасы» сынды сүбелі еңбекті жазып кеткен Сәбит Мұқанов.

Қабан жыраудың әулие­лігі туралы осы күндері мемлекет және қоғам қайраткері, Жетісудың ақындық дәстүрін зерттеген ғалым Мырзатай Жолдасбеков айтып жүр. Осы кешке қатысқан ол жырау жөнінде білгенімен бөлісті. «Импровизатор ақындарда өзі табынған ақынға еліктеу әдет алған. Қабан – Сүйін­байдың да, Сарбастың да нағашысы. Сүйінбайдың, Сарбастың, Кененнің жыр айтарда аспанға қолын сермеп, құлақ бұрауы сол Қабаннан қалған. Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Сыпыра жырау тәрізді Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген.
Қабан жырау – өзіндік өрнегі бар айтыс өнерінің керуенін түзген ақын» деді ғалым.


Ал филармонияның қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, дирижері – ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) күйлерді күмбірлетті. Қабан жырау бейнесін ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев сомдады.
Сүйінбай Аронұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы, Қалқа Жапсарбаев Қабан жырауды ұстаз тұтты. «Халық әні» бөлімінің солистері Гүлзира Бөкейхан, Секен Сыздық, Перизат Тұрарова, Жазгүл Даңылбаева, Данияр Мұқан, Рахат Бегасылов, Күнсұлу Тұрлыбекова, Баян Мұсаева, Әйгерім Нартуеева, Жақсыгелды Маясаров және Жалғас Сұлтанов жиналғандардың құлақ құрышын қандырды.
Қабан жырау туралы «Он сегіз мың ғаламды өлеңмен толғаған» атты сөз бар. Бұл кеш осыған көз жеткізгендей болды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button