Жаңалықтар

Жыр-шашу

Кәкімбек Салықов  

Астана тойы қарсаңында қазақтың қабырғалы қаламгері Кәкімбек Салықов біздің редакциямызға арнайы келіп, ертеңі нұрлы елорданың асқақ келбетін ағынан жарыла айшықтаған бір топ өлеңдерін беріп кетті. Ақын ағаның жарық көргелі жатқан жаңа «Астана – елдің ажары» атты кітабына кіретін осынау жыр жолдарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Астананың авторына
алғысым

Жалындап тасқын атқан жас қаланың
Ойнайды оттарымен асқақ әнім.
Арнаймын алғы сөзді Президентке,
Авторы әлемге айғақ Астананың!

Төрі етіп қайта туған байтақ елдің,
Тізгінді тәуелсіздік салтқа бердің.
Астана – ерлігіңнің зор белгісі,
Үлгісі елін сүйген дархан ердің.

Бір сырды кейде қозғау қиын маған,
Жан өртеп, іші-бауырым құйындаған.
Төренің әулетіне хандық құрған,
Қазаққа қала салу бұйырмаған.

Самсаған сансыз көше мол шырағын,
Көргенде аз ба менің толқығаным.
Нұреке!
Астана үшін алғысымның,
Кемдігін әлі талай толтырамын.

Тілек сол –
білек қосып мақсат арнар,
Әкелсін бірлік сәтін ақша таңдар.
Елде бар естілерге жүк көтерген
Қолқабыс етер зерлі ақсақалдар.

Ғажайып көшелерге көз тоймайды,
Біз түгіл аспанда Ай мен Күн тойлайды.
Орнатқан Астананы көшбасшыға,
Мың өлең арнасам да көп болмайды.

Керей және Жәнібек
хандарға

Даналар, алғыс ал бүгін,
Тәуелсіз құшсақ таң нұрын.
Сендерсің тұңғыш ту ұстап,
Қазақтың құрған хандығын!
Кедергі болып көп сындар,
Кезегін сәттің тостыңдар.
Дербестік көшін бастаған
Қазақтың басын қостыңдар.

Сенделген елге күш бітті,
Орайын тапты іс құтты.
Әбілқайыр ханды қастасқан,
Сахнадан Алла қудыртты,
Дербес ел көшін тудыртты.

Маңдайға жұлдыз байланды,
Қыздырдыңдар майданды.
Қайтарып қолға алдыңдар,
Түркістан, Созақ, Сайрамды.

Өмірді ойлап алдағы,
Ұлытаудан елді барлады.
«Қасым салған қасқа жол»,
Жеңістеріңді жалғады.

Бұл күнде өмір жетілді,
Тәуелсіз елім бекінді.
Ту көтердік көгілдір,
Сендердің туың секілді.

Керей мен Жәнібек айбатты,
Хан болдыңдар қайратты.
Бейнелерің, екі хан,
Астананы жайнатты.

Кенесары – кемеңгер
Дауыл тұлға, бостандықтың ұраны,
Кенесары – сайын дала қыраны.
Есімі оның әр жүректе алаулап,
Жанып тұрған елдің сөнбес шырағы.

Батыр үшін ол да тынбас серт еді,
Ақ патшаның бекінісін өртеді.
Сол Ақмола Астана боп жайнап тұр,
Міне, қызық, еренғайып ертегі!

Ескерткішке қарай қалсам пір тұтып,
Көкке өрлеп тұр «Сал күреңін» жұлқынтып.
Көк Есілден қарғып өтер деп қалдым,
Жаңа қиял болашаққа ұмтылып.

Ұмытпаймыз көкірегінің жарасын,
Тағдырына бір күңіреніп қаласың.
Не де болса Кенесары жалғап тұр,
Абылай мен Нұрсұлтанның арасын!

Қос жұлдыз қайта жайнады
(Мұқан Төлебаевқа)

Сал Көкше сылаң қағып әсем нулы,
Жетісу қосылғандай думан-шулы,
Құттықтап Астананың туған күнін,
Біржан сал, ақын Сара қайта туды.

Мөп-мөлдір ақ бүршігін ашқан жаңа,
Ғажайып еңлікгүлдей өскен дара.
Ажарын Сарыарқаның аша түсіп,
Жарқ етті алдымызда ақын Сара.

Жеткендей шалқар шаттық толқып, тасып,
Бар қазақ қарай қалды мауқын басып.
Дәл сонда елестеді Біржан, Сара,
Мұқанмен бірге өткендей қолтықтасып.

100 жылдық сазгер тойы шашылды әні,
Дөп келді опера театры ашылғаны.
Айтысып Біржан-Сара ел алдында,
Жан сырын бар әлемнен жасырмады.

Сырлы саз құлаш жайса асылданып,
Сахнаға әкелді өткен ғасырды алып.
Астана аспанында Біржан, Сара,
Қос жұлдыз жарқыл қағып ашылды анық.

Саналы қала салынды

Тәуелсіз елдің жолбасы,
Алатаудан бата алды.
Елорда мен Елбасы,
Егіз ұғым атанды.

Әу, бастан айқын білінді,
Астана асқақ мақсаты.
Ромулдай салған Римді,
Елбасы шықты жақсы аты.

Аз жылда еркін төселдік,
Қарқынға халқым иланды.
Әлемде бар әсемдік,
Сәулетке сән боп жиналды.

Паш етіп қырын басқа да,
Ақтарсам бүгін ашық сыр:
Өзгелерден жас қала,
Өресі өктем асып тұр.

Қалған жоқ ілкім тұсалып,
Орайын тапты оңған іс.
Ақылмен жеңген күш алып,
Барады жылжып қозғалыс.

Мәңгілік болғай ғұмыры,
Сұлулық шебі алынды.
Тәуелсіз елдің тұғыры –
Саналы қала салынды.

Аққу қала – Астана

Есімің Ай, Әлемге тұрақталып,
Келіпсің Сарыарқаға жұмақты алып.
Көзіме көрінесің жас Астана,
Есілге қонған аққу сияқтанып.

Орнаса айдыныма алтын маусым,
Ақ қанат, ашық қабақ жарқылдайсың.
Келбетің туған елді сүйсіндіріп,
Құлпырып, күннен-күнге қарқындайсың.

Қуансам айналама жар салғандай,
Ғажапсың көрген адам тамсанғандай.
Толқыдым, ақ қайыңдар арасынан
Ауылдас қара көздер қарсы алғандай.

Іргесі егемен ел беріктенсін,
Қазаққа сұлу тұлғаң көрік берсін.
Сақтасын ішкі даудан, сыртқы жаудан,
Әлемнің бар байлығы еріп келсін!

Солтүстік шұғыла

Көгілдір үйлер мөп-мөлдір,
Қыздардай киген көк көйлек.
Көк шұғыла төккен нұр,
Барады жерден көкке өрлеп.

Отыз, қырық қабатты,
Үш тұрғын үй көсілген.
Көк бұйда жігін санатты,
Ақ жібек жіппен есілген.

Көгілдір үйлер көркі әсем,
Көк аспанмен таласқан.
Көңілге сезім, ойға әсер
Төккені жанға жарасқан.

Адамға бүгін не керек,
Бәрі де түгел табылар.
Қуанған адам не демек,
Таңданып, үнсіз табынар.

Үш үйді ертең көреміз,
«Бәйтеректің» қасында.
Ғажапқа көңіл бөлеміз,
Бақшалы-судың басында.

Кеңсесін Гитлердің талқандаған
(Сағадат Нұрмағамбетовке)

Жау келсе елді ойрандап тарпаңдаған,
Қан майдан, сын сағатта байқалды адам.
Рахымжан Рейхстагқа ту тіккенде,
Сағадат іштен кіріп талқандаған.

Шығармай есімізден бір ісін де,
Асылды ардақтайық тірісінде!
Жетпей-ақ жиырма беске батыр болды,
От-шеру шекті кіші, ірісінде.

Өткен күн өзгерткен жоқ сом алмасты,
Төріне тәуелсіздік жол алмасты.
Атанды тұңғыш «Халық қаһарманы»,
Қорғаныс министрі ең алғашқы.

Өткен соң елдің кеше бодан жайы,
Болмады қолбасшыға одан сайы.
Көгілдір ту астында ол атанды,
XX ғасырдың Қабанбайы.

Жүйріктей келіп тұрған шын бабына,
Бүгін де үлес қосты нұрлы ағынға.
Әлі де мемлекеттік шекараға,
Қуанам сергек қарап тұрғанына.

Титімдей ақ түспепті қара шашқа,
Паң кербез, қимылы да дара басқа.
Тоқсанның тоғайына жетсе-дағы,
Көрінер елу жаста қалам қасқа.

Осындай ұл туғызған дарқан далам,
Ұнайды ар-намысшыл арқаң маған.
Сағадат – байтақ елдің шын саңлағы,
Кеңсесін Гитлердің талқандаған!

Ата Заңым — Астананың жүрегі

Заңдар… Заңдар… көп қой заңдар легі!
Ата Заңым – елдің асыл тілегі.
Лүпілінен тәуелсіздік нәр алған,
Ата Заңым – Астананың жүрегі.
Ата Заңым – менің асқақ намысым,
Тер аямай өтем ұлттық ар үшін.
Ата Заңым – келешектің айғағы,
Ол – бүгінгі қолым жеткен табысым.
Ата Заң мен елдің көкшіл байрағы,
Қуантады қатар қанат жайғаны;
Балқып шығар әнге қосып айтқанда,
Отансүйгіш асыл сезім қаймағы.
«Жеті жарғы» бастамасы заңымның,
Бабалардан туған екен ағынды үн.
«Елім-айдың» зарыменен жеткендей,
Қожаберген жырауға мен табындым.

Жарғы жөнін Әз-Тәуке етті оған ерікті,
Төле, Қазыбек, Әйтекелер еріпті.
Ел данасы шымқай саңлақ жегі би,
Хан алдына алтын қазына беріпті.

Ата Заңын халқым мәңгі сүйеді,
Бостандығын көкейіне түйеді.
Ата-баба арманы – Алтын Заңым,
Барша халық шуақты алғыс үйеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button